- Advertisement -

Сиха болыс туралы білесіз бе?

149

- Advertisement -

Керей мен Жәнібек хандар осыдан 553 жыл бұрын Қазақ хандығының алғаш туын тіккен бұл өңір – тағылымы терең, елі бай, жері дархан мекен. Бұл өңірде елін жаудан қорғап, пана болған Биназар батыр, от ауызды, орақ тілді Қылышбай ақын, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, малшылардың маршалы Жазылбек Қуанышбаев, ауданымызды әлемге танытқан, қой қырқудың асқан шебері Шотай Тайбағаров, «Желтоқсан» оқиғасының басты кейіпкері, ержүрек азамат, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туған. Міне, осындай туған еліне қорған болып, турашылдығы мен қамқорлығы үшін елі ардақтаған тұлғалардың бірі – Сиха болыс Жылқыбайұлы.
Сиха 1880 жылы осы өңірде дүниеге келіп, бүгінгі Қызылотау ауылдық округіне қарасты 200-ге жуық үй қараған «Ағашақ» болысын Кеңес өкіметі құрылғанға дейін басқарған. Ол жер «Сиха болыстың сары құдығы» деп аталып кеткен.
Өмірінің соңына дейін ел бірлігін көксеп, келешек ұрпақтың үлгі-өнеге, ой-тұжырымдарымен есінде қалған Сиха болыс кезінде атқа мініп, елге сөзі өткен, оны басқа да рулар сыйлап, қадір тұтқан. Білімді, сөзді түйіп айтатын, болашақты болжай білетін, әрбір іске тәуекел ете білетін қайсар, өмірде қатал болған. Ат баптаудың сыры мен құпиясын жетік білген. Ол сондай-ақ емшілігімен де төңірегіне белгілі болған. Болыс болып тұрған кезінде Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, айдауға алынады. Алайда бұл айдаудан өзінің оташылдығы арқасында құтылып, елге оралады. Елге келген соң інісі Ерболғанды билікке әкеліп, елді біріктіріп, егін салдырады, мал бақтырады, отырықшылдыққа үндейді.
Өмірінің соңына дейін болыс атанған Сиха 1953 жылы өмірден озады. Үлкен ұлы – Шәріпхан, ортаншысы – Мұхтархан, кенжесі – Әшімханнан тараған ата ұрпақтары бүгінде еліміздің түкпір-түпірінде қызмет етіп жүр.
Мойынқұм ауылының күн шығыс жағындағы Шу өзені бойында «Сиханың ақтақыры» аталып кеткен жерде жаңадан соғылған еңселі кесене алыстан менмұндалайды. Бұл – кешегі елін бірлікке шақырып, елді егін егіп, мал бағуға үндеген Сиха болыстың кесенесі. Сол бір жайма-шуақ күні болыстың ұрпақтары, атаның көзін көргендер, ағайын-туыстар ата кесенесіне барып, оған арнап оқылған дұғаға қол жайды.
Аудан орталығындағы спорт кешенінде Сиха болыстың рухына арналған жасөспірімдер арасында қазақша күрестен ауданаралық жарыс өтті. Жарысқа Меркі ауданы, Биназар, Бірлік, Көкжелек, Жамбыл, Мойынқұм ауылдарынан 100-ге жуық жас палуан қатысып, 7 салмақ дәрежесі бойынша бозкілемде күш сынасты.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары, Сиха болыстың ағайыны Мұратхан Естаев пен болыстың немересі, «Әруақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдархан Сихаев сөз алып, Сиха болыс туралы жас палуандарға мағлұмат беріп, сәттілік тіледі.
Жарыстың қорытындысы бойынша Қуандық Сұлтан, Алмас Құдайберген (Меркі ауданы), Ерасыл Бағдаулет (Бірлік ауылы), Ханділда Найман, Ернар Жамбылұлы, Ғалымжан Мәдіғұл (Мойынқұм ауылы), Мейіржан Ағажан (Жамбыл ауылы) өз салмақ дәрежелері бойынша барлық қарсыластарын жеңіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарды Сиха болыстың шөбересі, жарысты ұйымдастырушы Жұлдыз Сихаева құттықтап, оларға диплом, медаль және ақшалай сыйлықты табыс етті. Ақшалай жүлде алғандар арасында жүлделі орындарға ие бола алмаса да, боз кілемде әдемі айла-тәсіл жасап, көрерменнің көзайымына айналған бірнеше жас палуандар да болды. Осы жерде 42 келі салмақ дәрежесінде белдескен көкжелектік Тимур Тоқташбай өз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық айқаста ғана қолынан жарақат алып, жеңісті қарсыласына беруге тура келгенін де айта кеткен жөн.
Сиха болыстың рухына арнап «Сәуле» мейрамханасында ас берілді.
– Сиха атамыздың көзін көріп, бар тарихи шындықты білетін көнекөз қариялардың барлығы дүниеден озған, бірақ атын естіп, әулетіне тиген шарапатын тебірене есіне алатындар көп. Текті жердің ұрпағы екендігімізді үнемі есімізге салып отыратын да баба туралы айтылған осындай әңгімелер. Сол әңгімелер арқылы бодандық саясаттың әсерінен толық ашылмай келе жатқан Сиха атамыздың өмір жолы мен адамдық болмысы туралы ой тұжырымдап, маңызын саралап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еттік, – дейді ата шөбересі Жұлдыз «Сиха ата туралы ақиқат» атты кітапшасында.
Сиха атаға арналып жазылған бұл кітапша ас үстінде жиналған көпшілікке таратылды. Онда атамыздың немересі Айдархан Сихаевтың да атасы туралы ел аузынан естіген әңгімелері тебірене жазылған. Бұл кітапшадан Сиха болыстың өмірі, атқарған қызметі, еліне жасаған жақсылықтары, басқа да көптеген мәліметтер алуға болады.
Аста алдымен жиналғандарға Сиха болыс туралы ағайыны Мұратхан Естаев қысқаша түсінік берді. Содан соң атаны көріп, әңгімесін естіген Ақан Бейісбеков, Стамқұл Садырқұлов, Әлібек Әлімбаев, Қонысхан Жұрынов және Алматы, Тараз, Шу қалалары мен Меркі ауданынан келген қонақтар, ел ағалары Сиха болыс туралы тереңнен әңгіме қозғады. Сондай-ақ атаға үлкен кесене орнатып, ас беруде басқа да ағайындарымен бірге ата шөбересі Жұлдыз бен жұбайы Ерболат Саурықовтың көп еңбектері болғаны да айтылмай қалмады.
Бүгінде Сиха атаның көзін көріп, бірге жүргендер жоқтың қасы. Болыс атаның қабірі де тозып, жермен-жексен болып кеткен. Міне мұны осыдан оншақты жыл бұрын көрген немересі Мейірхан Әшімханұлы ата қабірін қайта жаңғыртып, басына белгі қоюды ойластырған екен. Алайда ол дегеніне жете алмай кетті.
– Әкем Мейірхан ата қабірін жаңғыртып, атамызға арнап ас беруді ойластырып жүруші еді. Алайда ол өз ойын жүзеге асыра алмай, өмірден өтті. Әкемнің осы бір арманы меніңде көкейімде тұрып қалды. Ақыры ағайындарыммен ақылдаса отырып, Сиха атамызға үлкен кесене орнаттық. Енді міне ас беріп отырмыз. Ал бұл атамызға жасалған құрмет болса, әке аманатын орындағанымызды білдіреді, – деді шөбересі Жұлдыз көзіндегі жасты ірікпей.
Аста аудан имамы Ерлан Бөлегенов Сиха болыстың әруағына арнап, құран бағыштады. Қазақта «Өткеніңді ұмытқан, өшкендіктің белгісі» деген сөз бар. Сондықтан да асқа жиналған ағайындар аталарын ұмытпай, оған осындай құрмет жасап жатқан Сиха болыс ұрпақтарының ұйымшылдықтарына, атқарған істеріне риза болып тарқасты.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген А.Әлтай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support