- Advertisement -

Cатушысы жоқ дүкен ашылды

55

- Advertisement -

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде жаңа үлгідегі сауда орны бар. Оқу корпусының бірінші қабатында іске қосылған «Адалдық дүкенінің» бір ерекшелігі – оның сатушысының жоқтығы. Мұнда түрлі сусындар, кәмпиттер, шоколадтар, тәттілер сатылады. Қызығы – бейнекамера мен бақылау да жоқ. Барып, қалаған тауарды таңдап, ақысын төлесеңіз болғаны. Қажет жағдайда қалған ақшаны да алуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл енді сатып алушының ұятына байланысты. Ғимарат сыртына арнайы маңдайша мен жарнама ілінген. Дүкенге тек қана жоғары оқу орнының студенттері мен мұғалімдері ғана емес, қала тұрғындары да кіре алады.

«Адалдық дүкенінің» ашылуы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың өңірімізге келген жұмыс сапарына тұспа-тұс келген еді. Облыстағы бірқатар мекемелер мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан агенттік төрағасы аталған университетке де барып, жаңа жобаның іске қосылуына куә болған. «Саудадағы мұндай қадам әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі сатып алушы тауарды өзі таңдап, өзі ақысын төлейді және қайтарым ақшаны да өзі есептеп алады. Бұл жоба жастардың сапасын жоғары ғибраттық деңгейде тәрбиелеуге бағытталған», – деп түсіндірді агенттіктің облыстық департаментіндегі мамандар.

Ерекше дүкеннің тұтынушылары тек адалдық қағидалары бойынша өздеріне қызмет етеді. Сауда нүктесінде сатушылар болмаған соң студенттер мен мұғалімдер өздеріне қажет тауарларды алып, ақшаны арнайы қорапқа салады. Мұндай дүкендердің ашылуы жастардың бойында адамгершілік, адалдық қасиеттерінің қалыптасуына ықпал ететін көрінеді. Сондай-ақ аталмыш орында тамақтанумен қатар, кітап оқуға да мүмкіндік бар.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова аймаққа жасаған іссапарында облыстық әкімдікте «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойған болатын. Бұдан былай Әулиеата өңірінде қоғамды адалдыққа үйрететін осындай жаңа тәжірибелер жұмыс істей бастайды.

 

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support