- Advertisement -

Ел беделі артып келеді

34

- Advertisement -

Ғасыр толқыны тағы бір жылды артқа ысырып тастады. Енді бүгінгі күн биігінен өткен жылдың өрісіне көз тастауымыз ләзім. Ел өмірінде болып жатқан оңды өзгерістерге қанағаттанған сезіммен көңілімізді демдейміз. Тәуелсіздігіміздің тұғырының күннен-күнге нығайып, бекемдене түскеніне қуанамыз. Астанамыздың 20 жылдық мерейтойы өз деңгейінде өтті. Қазақстанымыздың халықаралық қауымдастық ортасында беделі жыл санап артып келе жатқандығының куәсі болып отырмыз.

Бір ғана біздің облысымыздың өзінде қаншама игі өзгерістер болып жатқандығын көріп,  ақпарат құралдары арқылы естіп, біліп отырмыз.

Көне Тараз қаласы түрленіп, келісті келбетке ие болуда. Орталық Жеңіс паркінің барынша жаңа мазмұн, сипатқа ие болғандығы, Жамбыл бабамыздың еңселі ескерткішінің құтты қонысқа қондырылуы, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің  әрі еңселі, әрі мазмұнды, әрі  әсерлі сипатта сомдалған жаңа тұрпатты ескерткіші, қаламыздың рухани, мәдени келбетін байытып отыр. Сондай-ақ батыр атындағы саябақтың бүкіл болмыс, сипаты тарихимызда төңкеріс жасаған Желтоқсан оқиғасының шежіресімен тығыз астасып, байланысып жатқандығы қуантады.

Алдағы жылы Жамбыл облысының құрылғандығына 80 жыл толғалы отыр. Облыс басшысы А.Мырзахметов облыста тұратын жазушылармен кездесуінде бұл мерейлі мерекенің сыртқы сән салтанатынан гөрі ішкі мазмұн байлығына, рухани келбетінің кемелдігіне қатты көңіл бөлінетіндігіне ерекше назар аударды. Соған орай,  алдағы уақытта тарихи, танымдық, деректік 80 том кітап шығаруды жоспарлап отырғандығын, соған осы бастан дайындық жұмыстарын бастаудың жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

Игі тілекті азаматтарымыздың қайсысы болса да босаға аттап, төрге озғалы тұрған жаңа жылдың туған Отанымыз үшін, халқымыз үшін шадыман шаттық, баянды бақыт, берекелі бейбітшілік әкелуін шын жүректен тілейтіні ақиқат. Біз де сол ізгі ниетті жүрегімізге мызғымастай етіп ұялатқандар сапынан үнемі табылатын азаматтардың біріміз.

 

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

жазушы.

Жаңатас қаласы. 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support