- Advertisement -

Алдағы жылда әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады

65

- Advertisement -

Тұрғындардың келер жылдан күтетін жаңалығының бірі – әлеуметтік төлемдердің мөлшеріндегі өзгеріс екені белгілі. 2019 жылы 1 қаңтардан бастап көпшіліктің күткеніндей, жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері біршама артқалы тұр. Мәселен атап айтсақ, жаңа жылда І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы биылғыдан 2715 теңгеге көбейсе, бала туғанда берілетін бір реттік төлем 4,5 мың теңгеге өспек. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап төртінші баланы босанған аналарға біржолғы жәрдемақы 7560 теңгеге артады.

Бұл өзгерістер Парламентте және Мәжілісте мақұлданған 2019-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің базалық болжамы негізінде қалыптастырылған «2019-2021 жылдарға республикалық бюджет туралы» Заң жобасында белгіленген көрсеткішке сай енгізілгелі отыр. Нақтырақ тоқталсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап: күнкөріс деңгейі (КД) – 29 698 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 2 525 теңге, ең төменгі айлық табыс – 42 500 теңге көлемінде есептелетін болады.
Сондай-ақ толық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шыққандардың зейнетақысының ең төменгі мөлшері де өзгереді. 2019 жылдан бастап зейнетақы тағайындау үшін төменгі мөлшер 36 108 теңгені құрамақ. Базалық зейнетақы төлемі ең төменгі мөлшері – 16 037 теңге. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 7 пайызға көбейтіледі. Ал төлемдерді есептеу кезінде ең жоғарғы табыс 46 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайтынын айта кеткен жөн. Яғни бұл сома 116150 теңге болмақ.
Жаңа жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабiлетiнен және асыраушысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемдердің де көлемі 5 пайызға көбейеді. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмек те осыншаға артады.
Сондай-ақ 2019 жылғы 1 қаңтардан күнкөріс деңгейінің және айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәйкес, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылуына және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де көбейген. Жоғарыда атап өткеніміздей, жалпы денсаулық жағдайына байланысты осал топқа жатқызылатын жандар және жазатайым оқиғаға тап келген мүмкіндігі шектеулі әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлеріне төленетін жәрдемақылар мүгедектіктің тобына қарай өзгереді. Мысалы, І топтағыларға – 3 мыңға жуық, екіншіге – 2163 теңге, үшіншіге – 1470 теңге, 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақысы 1980 теңгеге артады.
Сонымен қатар бала кезінен мүгедектігі бар 16-дан 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге санатына қарай төленетін әлеуметтік жәрдемақыларына 2715 теңгеден 1697 теңгеге дейін қосылады. Мерзімді қызметтегі әскерилерге, ядролық аварияларды жоюшыларға және экологиялық жағдайлар салдарынан мүгедектерге берілетін төлемақы әр топқа 3973 теңгеден 2842 теңгеге дейін көбейтіледі. Ал мүгедектік алған әскери қызметшілер мен әскери міндеттерін атқаруға байланысты ішкі істер саласының қызметкерлерінің жәрдемақысы санатына байланысты 4865 теңгеден төменгісі 2842 теңгеге дейін артып отыр.
Асыраушысынан айырылған отбасына төленетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақы еңбекке жарамсыз мүшелерінің санына байланысты ең төменгі 1216 теңгеден 2983 теңгеге дейін, отбасындағы тұлдыр жетімдердің әр балаға берілетін төлемақы 1668 теңгеге көбейгенін айта кету керек. Олар 2018 жылы айына 33376 теңге жәрдемақы алып келсе, келер жылы 1 қаңтардан бастап 35044 теңге алатын болады. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар Кеңес Одағының батырларына – 16635 теңге, Социалистік Еңбек ерлеріне – 8958 теңге, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соғыста алған жарақатына қарай мүгедектік алғандарға – 1940 теңге қосылды. Ұлы Отан соғысындағы майдангерлерге теңестірілгендер мен Ұлы Отан соғысының жесірлері тағы да басқа азаматтардың алып келген әлеуметтік төлемнің сомасында біршама өзгеріс бар.
Бір жасқа дейінгі сәби күтімі жөніндегі мемлекеттік жәрдемақы да өскен. Мәселен бірінші нәрестенің күтімі бойынша төленген әлеуметтік көмек 691 теңгеге, төрт және одан көп баланың күтіміне 1068 теңгеге көбейген. Бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік төлемге үш балаға дейін 4560 теңге, төртінші және әрі қарайғысына 7560 теңге қосылып отыр. Төртінші, бесінші және одан кейінгі перзенттері дүниеге келген отбасы 2018 жылы 151515 теңге алса, енді 159075 теңге төленеді.
Алтын және Күміс алқалалы аналарға биыл 15392 теңге төленсе, 1 қаңтардан бастап олар 16160 теңге жәрдемақы алады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан тәрбиеленуші мүгедек-балалардың ата-аналарына (қорғаншыларына,қамқоршыларына) және бала кезінен 1 топ мүгедектеріне күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы мөлшері күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты көбейтіледі.
Елімізде әлеуметтік тұрғыда қорғауды қажет ететін азаматтарға әрқашан мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Жәрдемақы көлемінің жаңа жылдан бастап тағы да өсетіні – соның көрінісі.

Әлімқұл ТҰРЫСОВ,
облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support