- Advertisement -

Спорт саласының үздіктері анықталды

82

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп, ағымдағы жылдың үздіктерін анықтап, салтанатты жағдайда марапаттап құрмет көрсетті.
Марапаттау рәсімінде алғаш сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков ағымдағы жыл саңлақтарымыз үшін толайым табыстарға толы болғанын айтып өтті.
– 2018 жылы облыс спортшылары жалпы 1547 медальға қол жеткізді. Оның ішінде әлем, Азия чемпионаттары мен кубогі жолындағы халықаралық жарыстарда 596 медальға (225 алтын, 177 күміс және 194 қола), Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен кубоктарында 951 медальға (335 алтын, 250 күміс және 366 қола) ие болды.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысынан 983 спортшы (ересектер – 280, жастар – 215, жасөспірімдер – 398) спорт түрлерінен Қазақстан Ұлттық Құрама командасының мүшелері саналады, – деген басқарма басшысы өңір спортының өзге де жетістіктері туралы әңгіме өрбітті.
Бұдан соң жыл үздіктері марапатталды. Алдымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегерлері құрметке бөленді. Олардың қатарында дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл, самбо күресінен КСРО чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Алмас Мұсабеков, армрестлингтен Азия чемпионы, көптеген әлем және Азия чемпиондарын дайындаған бапкер Виталий Трубин, спорт ардагері, самбо күресінен әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Молдағалиевтің алғашқы жаттықтырушысы Бауыржан Бекұзақов сынды азаматтар бар. Сонымен қатар жүзуден жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатына ие болды.
Басқосу барысында көптеген аталымдар бойынша үздіктер анықталды. «Жылдың үздік спортшысы» болып каратэ-додан Азия ойындарында топ жарған Гузалия Гафурова танылса, «Жылдың үздік жаттықтырушысы» ретінде оның бапкері Дулат Құсбековтің есімі аталды. Ал «Жылдың үздік спорт журналисі» номинациясы «Aq jol» газетінің «Мәдениет және спорт» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаевқа бұйырды.

«Aq jol-Aqparat».

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support