- Advertisement -

ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДА СЕРПІЛІС КЕРЕК

64

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаржы игерілімі, инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында және ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандумда қарастырылған түйінді нысаналы индикаторлардың орындалу барысы қаралған жиынға басқарма басшылары мен селекторлық режімде аудан әкімдері қатысты.

Айта кету керек, «Жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі» индикаторының 2018 жылға жоспарлы мәні 103,8 пайыз, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында -102,5, өнеркәсіпте -104,2, құрылыста — 104,6, саудада — 103,7, көлік және байланыс салаларында тиісінше 105,3 және 102,9 пайыз деңгейінде жоспарланған. Басқосуда алғашқы болып сөз алған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова үстіміздегі жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 104,0 пайызды құрағанын тілге тиек етті.

— Ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі 103,8, негізгі капиталға салынған инвестиция 101,0 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 474,8 мың шаршы метр көлемінде қалыптасып, көрсеткіштің орындалуы 119,4 пайызды құрады. Сондай-ақ бөлшек сауда айналымы 104,3, ал құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 102,0 пайыз деңгейінде қалыптасады деп күтілуде, — деген Гүлдана Әлімжанқызы, бұдан кейін тек Меркі ауданы ғана өнеркәсіп саласында 93,4 пайыздық меже биігінен көрінгенін, Қордай ауданы құрылыс саласында тек 70 пайыздық көрсеткішке қол жеткізетіндігін, Шу ауданының инвестиция тарту ісі 74,9 пайыз көлемінде екендігін еске салып, тұрғын үй құрылысы бойынша облыста 119,4 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілетіндіктен, Байзақ және Қордай аудандарына құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру ұсынылғанын жеткізді.

Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева бюджеттің игерілуі жөнінде тарата айтып берді. Роза Әбдірқызының айтуынша, бүгінгі күні облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты қорғау, кәсіпкерлік, құрылыс, білім, мәдениет, туризм және энергетика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар басқармаларында, сондай-ақ Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандары мен Тараз қаласында қаржының игерілмей қалу қаупі бар. Осыған байланысты бөлінген қаржыны игеруде жайбасарлық танытқан аудан әкімдері мен басқарма басшылары есеп берді. Аймақ басшысы оларға жылдың аяқталып қалғандығын ескертіп, келер жылдың қаңтар айында ағымдағы жылдың қорытынды нәтижелері қатаң қаралатындығын қадап айтты. Аталған кеңесте, сондай-ақ  аудандардағы шағын және орта кәсіпкерлік ісінің дамытылуы мәселесі де қаузалды. Асқар Исабекұлы келер жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша аудандардағы кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандармен арнайы жүздесетіндігін жеткізіп, облыстың экономикалық әлеуетін арттыру жолында жанды жұмыстардың жүзеге асырылуы қажеттігін де атап көрсетті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиын соңында бұл мәселеде барлық салаларға серпіліс керектігіне тоқталып, жауапты тұлғаларға тиісінше тапсырмалар жүктеді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support