- Advertisement -

Ректор әлемі

72

- Advertisement -

Қазақстанның жоғары мектеп тарихында оқытушы-ғалым әріптестерінің құрметіне бөленіп, сан мың шәкірттерінің жүрегінен орын тапқан ректорлар аз болмаған. Солардың арасында нағыз оқымысты, талантымен мойындатып әрі ізгілікті кісілік-парасатымен халықтық тұлға деңгейіне көтерілген марқасқа азаматтарды жақсы білеміз. Мәселен, кешегі ХХ ғасырда КазГУ аталған, бүгінгі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ұзақ жылдар бойы басқарған академик Өмірбек Жолдасбековті айтсақ та болады. Үлкен елдің жақсысын осындай асыл адамдардың үлгісі көрсетіп, көпке танытып отырған.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Білімнің ой-өрісі өсу жолында ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев айтып, жазып кеткендей, сол заманда Ө.Жолдасбековтей дара әрі дана азаматтар тумағанда қазақ қоғамына ұят болар еді.
Ұлттың ұяты болған азаматтарды туған халқы ұдайы бетке ұстап, өнеге етеді.
«Біз Жолдасбековтей ректор болсақ, арманымыз жоқ» деп айтқан қазіргі ректорлардың өз қызметі мен ісіне қандай жауапкершілікпен қарайтынын аңғаруға болады.
Жасыратыны жоқ, қазір елімізде жоғары оқу орындарының саны 120-дан асып жығылады. Бір кездері олардың қатары тіптен 150-ден әрі кеткен еді. Сан емес, әрине, өзара бәсекелестік туғызатын жағдайдың әсері сапасына тікелей тиіп жатса, онда сөз басқа болар еді. Бұл тұрғыдағы көзқарас әртүрлі, дегенмен уақыт өте келе бәрі іріктеліп, қоғам мүддесінен табыларына сеніммен қарауымыз қажет.
Ел ішінде аймақтардағы жоғары оқу орындарының өз тарихы, өз жолы бар. Алматы мен Астана, Қарағанды мен Шымкенттегі ірі университеттер шоғырында рейтингтік көрсеткіштерімен көрінген білім беру ошақтары жайында жарнамалық шақырулар болмаса, былайғы уақытта олардың ізденістері мен жаңашыл табыстары көп әңгімеге арқау бола бермейді.
«Қазір қай оқу орны жақсы білім береді, әлемдік стандарттарға сай жастарды тереңдетіп оқытады?» деген сауалға жауап іздесең, әлі де сол баяғы іргелі оқу орындары көбірек аталады.
Шындығына келсек, аймақтарда жоғары мектептер арасында мықты бәсеке бірте-бірте қалыптасып, енді қоғамдық бағалау пікірі ашық айтыла бастады. Бір кітапты тауысып оқымаған шәкірт «тәрбиелеп» жүрген оқытушы-ғалымдарды ата-аналар білмейді деп кім айтсын? Бәрі біледі. Сонымен қатар талапшыл, білімпаз ғалымдарды, өз кәсібіне шынайы берілген адамдарды сөзсіз құрметтейді, лайықты сыйлайды.
Әділ бағалау қорытындысы Білім және ғылым министрлігінің бекіткен көрсеткіштері мен стандартты өлшемдері негізінде жасалады. Біреуі озып, біреуі қалып жатады. Аты дардай, заты да ортанқол оқу орындары сол ескі атақ-даңқымен малданып жүргенге ұқсайтын көлеңке тұстары көзге көрінбейді емес, сырттай-ақ көрінеді.
Ректорлар туралы да осыны айтуға болады. Ел тәуелсіздігі жылдарында ректорлар арасында жаңа есімдер де шыға бастаған-ды. Бүкіл халықтық лайықты мақтау иесі болған кісілер орнын талантты ізбасарлары жоқтатпай, ізгі дәстүрді жалғастыруда. Мысалы, Әділ Ахметов, Төлеген Қожамқұлов, Тілектес Есполов, Рахман Алшанов, Айман Мұсақожаева сияқты Қазақстанға ғылыми-мәдени тұлғасымен танымал қайраткерлерді айтуға болады. Т.Қожамқұлов пен Ә.Ахметовті жұрт бұл қызметтен кетсе де ректорлық ғұмырларын ұмытқан жоқ, сол себепті оң бағалайды.
Біз әңгіме еткелі отырған оқымысты азамат Ерболат Саурықов алдыңғы толқын аға-әпкелері сияқты барша жұртқа әйгілі болып үлгере қойған жоқ. Қырық жасында ол жеке меншік мәртебесіне ие Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректор қызметіне тағайындалған. Содан бері бес-алты жыл өтті. Кешегі Жамбыл педагогикалық институтының үздік студенті, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төрт жыл ғылыми ізденісін ұштап, көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеу орталығында оқытушы қызметін атқарған. Түркі тілдерінің тарихи бағыты бойынша ғылыми диссертациясын абыроймен қорғап, 2010 жылы әрі күрделі, әрі ғылыми ізденістерге зәру тақырып аясында ғылым докторы атанды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ТарМПИ-де проректор, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институтының проректоры қызметінде әртүрлі университеттер тәжірибесін бойына сіңіріп, көз қанықтырып, үйрену баспалдақтарынан өтті. Жаратылысында бойы сұңғақ, ойы орнықты, сөзі салмақты, алғыр әрі менеджерлік біліктілігімен көзге тез түсіп, аз уақыттың ішінде қоғам назарына іліге бастады.
Иә, айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрындары, «Не дерсің жеке меншік оқу орындарының нені көздеп жүргені белгілі ғой, ақша қуып, диплом сатқаннан басқа не тындырып жүр?» деген сөздер тараған. Мүмкін. Бұл теріс құбылыс уақыт көлеңкесінде қылаң бергенін жасыра алмайсыз.
Жас ректор білім берудің мұндай жағымсыз сипатымен де, мазмұндық мәнімен де келісе алмайды. Тар шеңберде аясы аяқ алып жүргісіз көзқарас өзгермейінше, оңды тірлік бола қоймас, деп ой түйген болар.
Тегінде, жоғары оқу орны басшысының жан дүниесі, рухани әлемі мейлінше терең әрі сүйкімді, ұнамды болуы абыройлы тірліктің тірегі деп айтсақ, қисынды ой туады.
Жоғары білім алуға әркімнің қолы жете бермеуі мүмкін. Осы арада әлеуметтік қолдау мен мәдени ықпал жасаудың жөні бөлек. Ректор гранты деген бар. Олар кімге беріледі? ТИГУ-де соңғы 3 жыл көлемінде мүмкіндігі шектеулі 5 студентке және ата-анасынан айырылған 70-ке жуық ұл-қызға ректор гранты тағайындалған. Бұл балалардың қалада қоғамдық көлікпен жүріп-тұруының да ақысы төленеді. Сондай-ақ 20-дан астам спортшы ректордың қамқорлығында оқиды.
Сонау Мойынқұмда, қиян түкпірдегі Құмөзек ауылында өсіп, ержеткен бозбала өзі оқыған Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің қайта жаңғыруына облыстық мәслихат депутаты ретінде белсене атсалысқанын жерлестері құрметпен айтады. Мектеп ғимараты кәдімгі ірі шаһардың сәнді сәулетін көзге елестетеді.
Көпке белгілі «Ауыл» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Е.Саурықов – қоғамдық-саяси жұмыста да танымал. Ауыл десе, ішкен асын жерге қоятын азаматқа, әсіресе қазақ тарихы мен әдебиетінде Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасына арқау болған құралай қыздың сонау ХVII ғасырдан бері келе жатқан күмбезінің әбден ескіріп, жер төмпешігі кейпінде қалғаны қабырғасына қатты батса керек. Мойынқұмдықтар көп жылдан бері көне уақыттан мұра болып аңызға айналған Құралай мұнарасын қалпына кім келтіреді деп жан-жаққа өтініш хат жолдап, ауызба-ауыз айтып жүргенде, бұл иманды істі бай да емес, бағлан да емес, әкім де емес, көзі ашық, көңілі асық, ғалым азамат өз қолымен бітірді де тастады. Ұмытпасам, 2014 жылы жазға салым Шу өзенінің бойында, Бетпақдалаға ұмсынып жатқан жерде «Құралай сұлу» күмбезін тас қыштан өргізіп, сәулетті күмбезді өз қаражатына тұрғызды. Мәдени мұраны көпшілік тілегіне сай маң далада өшпес меңдей сұлуландырып жіберді. Тарихи ескерткішті ұшақпен ұшып барып көрген дәу шенеуніктер мазарды өздері тұрғызғандай шіреніп тұрып, лентасын қиғанын да көргенбіз. Ауыл ақсақалдары ақ батасын Ерболатқа қарап берді…
Кең-байтақ қазақ даласының ғажайып табиғатын әлем суретшілер көзімен көрсетіп, кестелеу үшін Тараз қаласына Франция мен Италиядан, Ресейден, басқа да Еуропа мемлекеттерінен талантты қылқалам шеберлерін шақырып, 2016 жылы нағыз өнер күндерін өткізгенінен де хабардармыз. Ойы жүйрік әрі аңғарымпаз, бояуы мен сызықтары сиқырлы суретшілер Алатау мен Қаратаудың, Шу мен Таластың, Мойынқұмның ерекше табиғатын 30-дан астам картинаға салып, керемет әсерімен бөлісті. Ең үздік картиналар бүгіндері ТИГУ-дің ғимаратында жарқырап ілулі тұр. Әр суретші өз туындыларының бір-біреуін еліне апарып көрсетуге алып кетті.
Сурет өнері – бекзат өнер. Тарихи сәттің көркем бейнесі. Қымбат туындыларға әркім-ақ қызыға қарайды. Ерболат бұл жоба арқылы қазақ елі табиғатын әлемге танытудың бір елеулі еңбегін сіңірді.
Енді Жамбыл өңіріне атбасын бұрып, жолы түскен адамдар, әсіресе қазақтың рухани мәдениетін жүрегімен сезінетін жандар «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығына соқпай кетпейтін әдемі құбылыс пайда болды. Иә, қазақтың ардақты перзенті, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өмірі мен шығармашылығын халықтың игілігі және рухани қазынасы деп санаған азаматтарға жұрт риза.
Бұл күндері Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің мәртебесін де, абыройын да асырып отырған нақ осы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Ашығын айтсақ, кез келген жоғары оқу орнының қоғамдағы шынайы беделі тек қана сапалы біліммен, оқитын студенттер санымен ғана өлшенбейді. Халықаралық стандартқа сай жастарды оқытып, тәрбиелеуде рухани кеңістікті қалыптастыратын ұлттық құндылықтың деңгей-дәрежесінің ықпалы мен тигізер әсері өте мол болмақ.
Сол себепті университет ректоры 2012 жылы осы қызметке келген күннен бастап заманымыздың әйгілі суреткері Шерхан Мұртазаның ел билеудегі, әділ төрелік айтудағы, ел мен жер қорғаудағы дүлдүл, өнеге сөздерін жас ұрпақ жаттап өсіп, ұлттық мүдде тұрғысында мемлекетшілік қасиеттерін сіңіріп, тәрбиеленсе, текті адамдар өркен жайып, қоғамға қажетті кісілер өмірден өз орнын табар еді деген асыл арман биігінде болды.
– Ұлы суреткер деген ұғымның не екенін білуге Шерағаңның суреткерлігі мен шығармашылық таланты жетіп артылады, – дейді университет ректоры, профессор Ерболат Саурықов. – Бізде бүкіл қазақ құрметтейтін Шерағаның кітабын оқымайтын студент болмауы тиіс. Мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлігімен де таныс болуды жөн көреміз. Егер ұлтқа адал қызмет еткен ерлеріміз бен ақын-жазушыларды осылай көпшілікке үлгі етсек, бұл – нағыз тәрбие.
Көзі тірісінде-ақ Шераға бұл азаматтың ыстық, берекелі оң ықыласына дән разы болған. Ал күні кеше ақиқаттың алдаспанындай болған қайраткер аға дүниеден озғанда күн-түн демей шапқылап, туған інісіндей қызмет етті. Іле-шала классик жазушының бүкіл ғұмырын тебірене айтқан зиялы қауымның толғауларын «Шолпан жұлдызға жол тартты…» деген атпен жарыққа шығарды.
Міне, ел перзентіне тән ерен еңбек.
Біз осы жолдарды ректорды мақтайық деп жазған жоқпыз. Талап пен талғам өзгеріп, құлқын озған уақытта адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылықтарын іздеп, сағынғанда ректор азаматтың рухани әлемі соншама сүйсіндіріп жүргені жүрекке жылы әсер қалдырған-ды. Оның үстіне өзі бас-көз болып отырған ТИГУ-дің құрылғанына 10 жыл толу сағаты да соққан екен. Олжа салған 10 жыл тарихы өз алдына бөлек әңгіме.
Өткенде Жамбылға келген Премьер-Министр алдында білім-ғылым, жоғары білім беру жайында келелі сөз алғанда Ерболат мырзаның: «Әр аудан өздеріне керекті мамандық иелерін даярлау үшін қаржысын төлеп берсін, егер біз оқытып, тәрбиелеген студенттің қарым-қабілеті түкке жарамай қалса, сол жұмсаған қаржыны түгел қайтарып беруге мақұлмын!» деп кесіп айтқан өткір әрі уәделі пікірі мықтының өзіне деген сенімін көрсеткен-ді. Бұл ант тәрізді жігіт сөзіне риза болмаған жан жоқ.
Біз білетін ректор азамат осылай көп қырлы, бір сырлы мінез-құлқымен де жұртқа танылып келеді. Өткен жылы Тараз қаласында «Жыл адамы» бас жүлдесін алды, биыл республикалық «Туған өлке» бәйгесінде үздіктер төрінен көрінуі, Мәдениет және спорт министрлігінің «Жыл патриоты – 2018» аталымы бойынша арнайы марапатталуы, бәрі-бәрі бекер емес.
Тұлпар мініп, ту ұстаған жамбылдық ректор баяғының батырындай уақыт алға жылжыған сайын биіктеп келеді. Ғалым-ізденуші кезінде көне Талас жазуларының тарихын зерттеген еңбегінде бабаларымыздың «Жұртыма жұмылдым…» деген сөзіне ғылыми-әдеби-философиялық-тарихи талдау жасаған екен.
Жұрты үшін тер төгіп, адал еңбек еткеннің еңбегі қайда болса да еленеді деп ойлаймыз. Ол әрі қанша заман өтіп, дәуір көшсе де тасқа ойып жазғандай өшпейді…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support