- Advertisement -

Тектұрмас кесенесін қайта тұрғызған азамат

106

- Advertisement -

Қоғам қайраткері, кәсіпкер Амангелді Момышев – 75 жаста

Облыстық мәслихаттың 1999 жылдың 24 қазанында болған сайлауында өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы №16 округ сайлаушыларының басым дауысын алып, депутат болып сайландым. Осы екінші шақырылымда мандатқа ие болған 35 депутаттың ішінде Әбекең – Амангелді Аршабайұлы Момышев та бар еді. Біздер, депутаттар, алғашқы күннен-ақ ынтымақтаса жұмыс істеуге, жұртшылық сенімін ақтауға ұмтылдық, облыста экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуын, бюджет қаржысының орынды жұмсалуын, сайлаушылардың талап-тілектерін билікке жеткізуді басты назарда ұстадық. Арамызда тез-ақ депутаттық белсенді қызметімен танылғандар да аз болған жоқ. Әсіресе Тараз қаласындағы №9 Депо сайлау округінен сайланған Амангелді Аршабайұлы беделді, айтқан жерде сөзі өтетін депутат ретінде өз сайлаушыларының құрметіне бөленді. Тұрғындар тілегімен сайлаушылары тұратын аумақтағы көшелер асфальтталып, Тектұрмасқа автобус қатынасы жолға қойылды. Кәсіпкер ретінде қайырымдылық шараларын да аз атқарған жоқ. №18 орта мектептің отбасылары көмекке мұқтаж оқушыларына киім-кешек алып берсе, соғыс ардагерлеріне қаржылай қарайласты, сұрағандарының пәтерлеріне телефон орнатып беріп, өзге де керектері түгенделуіне көмектесті.

Үлкен-кішімен тез тіл табысып кететін, адамгершілік қасиеттері мол, кеңпейіл, ақжарқын Әбекеңмен жақынырақ танысудан алған әсерім де аз болған жоқ. Өмірбаяндарымызда да ұқсастық бар болып шықты. Екеуміз де жоғары оқу орнын бітірген соң, еңбек жолымызды Көкшетауда бастаппыз. Ол Түлкібастан болса, мен Жуалыданмын. Көршілес бұл өңірлер табиғатының әсемдігімен, ерекше көркімен ғана емес, талай танымал тұлғалардың кіші Отаны болғандығымен де ерекшеленетінін кім білмейді.
Менен бірер жас үлкендігі бар Әбекең қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданы Балықшы ауылында 1943 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген. Бір шаңырақтың тұңғыш ұлы болғандықтан, қазақ дәстүрімен атасы Момыштың шаңырағында өскен, тәрбиесін көрген. Ал өз әкесі Аршабай мұғалім болса, анасы Ұлбала үй шаруасымен айналысқан. Мектепте жақсы оқыған бала Амангелді ферма меңгерушісі болған атасының көп бейнетпен өсірген малын етке өткізуде талай теперішті көргеніне қанығып өсті. Бірде сатып алу бағасы шопандардың маңдай теріне татымағанына ренжулі атасы сүйікті немересіне: «Балам, ет комбинаты секілді мекемеге директор болшы» деп мұңын шаққан екен. Зерек бала атасының әділеттің жақтаушысы болуын қалағанын көкейіне түйді. Содан да орта мектепті күміс медальмен бітіріп, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түсіп, 1965 жылы ет-сүт өнеркәсібінің инженер-технологі мамандығын алып шықты. Жолдамамен Көкшетау облысына жіберіліп, Щучинск ет комбинатына қатардағы инженер-технолог болып орналасып, тез-ақ білім-білігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, алдымен бас инженер, одан соң көп ұзамай директор болып тағайындалды. Жұмысы жолға қойылған кәсіпорын жетістіктерімен республикаға танылды. Іскер кадр ретінде Амангелді Аршабайұлы Көкшетау облыстық партия комитетіне жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сауда бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. Өндіріс орнынан партия жұмысына ауысу ол заманда үлкен мәртебе болатын. Кадрдың болашағын айқындайтын.
Өзі білім алған Жамбыл облысына қызмет ауыстырғанда да Әбекең ет-сүт өнеркәсібі саласында басшы болып еңбек етті. Әсіресе он жылға таяу Жамбыл ет комбинатын (уақыт талабына сай «Жігер» акционерлік қоғамына айналған) басқарған жылдары кәсіпорын биік белестерді бағындырды. Әбекең облыс әкімінің орынбасары болғанында да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ұқсату мәселелерімен айналысты. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» ААҚ-ның Тараз қалалық филиалына директор болып тағайындалған соң бұл мекеменің де өміріне көп жаңалық енгені, озаттар сапына қосылғаны да Амангелді Аршабайұлының іскерлігінің арқасы еді.
Төле бидің «Атасы жақсының ұлы да жақсы» деген қанатты сөзі бар. Амангелді Аршабайұлы бабасының осы өсиетіне лайық өнегелі істерімен, Атымтай жомарттығымен елге кеңінен танылып келеді. Сол тағылымды тірліктерінің ең сүбелісі – Тараз қаласының оңтүстік-шығысы, Талас өзенінің жағасындағы ежелгі қасиетті орындардың бірі – Тектұрмас әулие кесенесін қайта тұрғызғаны. Кеңестік дәуірде кесене қиратылып, кірпіштері қолды болып, жай ғана бір төмпешік болып қалған еді. Әйтсе де алыс-жақыннан киелі орынға зиярат етіп келушілер легі үзілмейтін. Бұл жай Амангелді Аршабайұлын толғандырмай қойған жоқ. Тәуекел деп, 1999 жылы кесенені қалпына келтіруге бел шеше кірісті. Сауапты істі қолдаушылар да аз болған жоқ. Содан да құрылыс қарқынды жүріп, Тараздың 2000 жылдық тойы қарсаңында қирандының орнына үлкен кесене бой көтерді. Сәл кейінірек алдына Қордай мәрмәрінен қашалып жасалған, Аятүл күрсі сүресі араб және қазақ тілінде жазылған Құран кітабы қойылды, іргелес жерге мұсылмандық неке сарайы, киіз үй орнады.
Сол кезден бері Қазақстанның киелі жерлерінің бірі – Тектұрмас әулие кесенесіне жыл – он екі ай алыс-жақыннан жұрт ағылып келіп жатады. Олардың арасынан шетелдік туристерді де көруге болады. Оңтүстік астанамыз – Алматы Көктөбесімен әйгілі, ал Тектұрмас тараздықтардың Көктөбесіне айналған. Осы еңбегі үшін халықтың алғысына бөленді, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Жомарт пейілі ел алғысына бөлеген Амангелді Аршабайұлы 2006 жылы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып тағайындалып, жетекші партияның имиджін көтеруге қыруар еңбек сіңірді. Осы партия атынан 2007 жылы Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты болып сайланды.
Алдында облыстық мәслихатқа екі рет депутат болып сайланған, білімі, өмір тәжірибесі мол, ұлтжанды азамат Парламент мінберінен ел көкейіндегі мәселелерді қозғап, Үкімет басшысына, министрлерге депутаттық сауатты сауалдар жолдауымен тез танылды. Жамбыл облысынан сайланғандықтан, өңірге қатысты мәселелерді көп көтерді. Сол жылдары Амангелді Аршабайұлының Астанадан өңірлік сапармен келіп, сайлаушыларымен өткізген кездесулеріне қатысып жүрдім. Сондай кездесуден кейін ауызсумен қамту, денсаулық сақтау нысандары мен балабақшалар құрылысын жүргізу туралы ең зәру мәселелер бойынша Үкімет басшысы атына депутаттық сауал жолдаған еді. Бұл ғана емес, облыс тұрғындарының өтініш-тілектерімен Қырғызстанмен ағын суды бөлісу, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеп, ұқсату, Тараз қаласының экологиялық ахуалын жақсарту, спорт кешендерін салу, облыстағы тасжолдардың күрделі жағдайы мәселелеріне Үкіметтің, министрлердің назарын аударды. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, Өзбекстандағы қазақтарды көшіріп әкелу, Моңғолиядағы қандастарымызға жәрдемдесу тағы басқа да республика халқын толғандырған мәселелерді де қозғады.
Республиканың бас басылымдары «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріне жарияланған проблемалық мақалалары үлкен қолдау тауып, пікір туғызып жатты. Олардың «Кедейге талғажау, байға доллар болып Қытай асқан қайран темір-терсегім!», «Қайдасың, қайда… нақтылық?», «Иен байлықты шексіз дүниедей шашпайық» деген тақырыптарының өзі көп жайды айтып тұр емес пе?
Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі – қарттарды қолдау, қамқорлыққа бөлеу ғой. Амангелді Аршабайұлы кезекті өңірлік сапары кезінде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, пікірлесіп, Парламентке оралған соң сол кездегі Премьер-Министр К.Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, онда зейнетақы турасындағы түйткілдерді жайып салғанын аға буын өкілдері ұмыта қоймаған болар.
Парламенттегі бес жыл ішінде Амангелді Аршабайұлы ел игілігін еселеу, халық жағдайын жақсарту үшін жоғары заң шығарушы орында аянбай еңбек еткен нағыз белсенді депутат ретінде танылды, кейде батыл пікірлері қоғамда үлкен резонанс туғызып та жатты. Жоғары заң шығарушы орындағы белсенді қызметі билік тарапынан ескерусіз қалған жоқ.Тәуелсіз еліміздің жоғары марапаты – «Парасат» орденін алды.
Депутаттық өкілеттігі аяқталған Әбекеңді қызметке шақырушылар, әрине, аз болған жоқ. Бірақ ол өзіне жете таныс саланы таңдады. Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі болды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төралқа мүшесі ретінде де үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізді.
Елге еңбегі сіңгендер құрметтен кенде болып көрген емес. Әбекеңнің көп жылғы адал, жемісті қызметі лайықты бағаланды. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік жоғары марапаттардан бөлек, бірнеше медальдың, Құрмет грамоталардың, Алғыс хаттардың иегері, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті.
Ізгі ниетті істерімен танымал Амангелді Аршабайұлының өнегелі өмір жолын, халқына сіңірген қызметін, жомарт пейілді азамат екендігін жырына қосқан ақындар баршылық.Солардың ішінен Әбділда Аймақтың «Амангелді ардағым» атты термедей төгілген өлеңінен алар әсер ерекше:
Ел деп соққан жүрегі,
Түлкібастың түлегі,
Сен тау еткен Тектұрмас,
Түркідегі дүр еді.
Тектұрмасты тербеткен,
Түркістанның түмені,
Талас куә тарихқа,
Талас – дала реңі,
Тектұрмасы түрегеп,
Тараз қайта түледі….
Өлеңнің қалған бөлігінде ақын Амангелді Аршабайұлының Тектұрмас әулиенің арманын дүниеге қайта әкелгенін, бұл істе Алланың нұры бөлегенін жырлайды.
Бүгін өмірінің елеулі белесі – жетпіс бестің асуына алқынбай шығып отырған Амангелді Аршабайұлына облыс ардагерлері атынан ел алдындағы абырой-беделіңіз алда да асқақтай берсін, мерейіңіз қашанда үстем болсын деген тілек айтсақ жарасар.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support