- Advertisement -

«Taraz-HUB» орталығы ашылды

53

- Advertisement -

Бұл – дарынды жастарды өз өңірімізде
шоғырландырудың бір көзі

Облыс орталығында ІТ мамандарының жаңа буынын даярлау, стартап мәдениетін қалыптастыру және ел экономикасын нығайту үшін жоғары технологиялық жобаларды құру мақсатында «Taraz hub» орталығы ашылды. Бұл жетістік аймақтың ақпараттық технологиялық индустриясының дамуына серпін беретініне сенім мол.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов ғимаратты аралап, онда жұмысын бастап кеткен компаниялардың өкілдерімен тілдесті. Өңірдің кез келген азаматының IT саласындағы жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашатын, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге үйрететін мекемеде 50 жұмыс орны бар 15 стартап компанияны орналастыруға жағдай жасалған. Одан өзге тағы 15 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Елордада «Astana hub» және Алматы қаласында «Smart point» атауымен жұмыс істеп жатқан орталықтардың бұл тармағының жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Нысан құрылысы былтыр басталған.

Түрлі шеберлік сыныптары, бизнес тренингтер өткізуге қолайлы бизнес инкубатор туралы толығырақ білу үшін орталық директоры Нұрсұлтан Темірханды сөзге тартқан едік.
– Орталықтың негізгі ғимараты Астана қаласында ашылған болатын. Бұл – соның аналогі. Ақпараттық технология мамандары, стартапшылар мен студенттерге қолдау көрсетеміз. Робототехника, 3D модельдеу, Web бағдарламалау, коворкинг аймақ, жаңа форматтағы офистер, заңгерлер мен бухгалтерлер жұмыс істейді.
Бүгінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен меморандум жасастық. Сондай-ақ облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қол қойған құжат негізінде «Ақылды балабақша», «Ақылды мектеп» пен «Ақылды колледж» жобаларын іске қостық. Бағдарламалар бойынша 30 шақты модуль бар. Мұндай жүйе бүкіл Қазақстанның ешбір компаниясында жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл тізімде көш бастағалы тұр. Ғимаратта 6 офис, пресс-конференция өткізетін 12 орын бар.
Астанадағы Хаб орталықтың тұсауын кескен сәтте Елбасы бұл Қазақстан мен шетел арасында аракөпірге айналуы тиіс екенін атап өтіп: «Енді ақпараттық технологияларды елімізден экспорттауымыз керек», деген болатын. Әулиеата жерінде бұл саланың мамандары тапшы болғандықтан, ашылған орталық – жас кадрларды өзімізде алып қалудың жолы, – деді ол.
«Taraz hub» «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымымен марапатталып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа – 2018» сыйлығының лауреаты атанған «Novacom Technology» ЖШС және «Enactus», «Яндекс Такси» компаниялары мен бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеу кабинеттерін бір орталыққа топтастырып отыр. Өңір басшысы ортақ мақсатқа жетуді көздейтін компаниялардың жұмысымен танысты.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Enactus» командасы Тараз қаласының экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосатын жобаларды тәжірибеден өткізіп жатқан көрінеді. Зерттеліп жатқан жұмыстардың тиімділігін сұраған Асқар Исабекұлына топ капитаны Кәрімжан Сүлейманов: «Бұрын бір отбасы қыс бойы 4-5 тонна көмір пайдаланып келсе, енді көң мен қоқыстан тұратын отынды көбірек жұмсай алады. Есесіне бағасы 8 есе арзан», – дей келе, жабдықтың механикалықтан автоматтандырылған нұсқаға көшіріліп жатқанын жеткізді. Ал команданың басқа да мүшелері көліктердің зиянды қалдық шығаруына тосқауыл болатын фильтр, судан энергия қуатын өндіре алатын диірмен жобасымен таныстырды.
Бұл құрылғының басқасынан айырмашылығы қандай? Бағасы қаншалықты арзан? Мамандар сөзіне сенсек, оның аналогінің топтамасы 1 миллион теңге тұрады. Ал бұл нұсқасын небәрі 75 мың теңгеге алуға болатын көрінеді. Бірақ мұндай қаржының өзін студенттердің қалтасы көтермейтіндіктен, аймақ басшысы: «Расымен тиімді жоба болса, ең болмағанда тәжірибеден өткен үлгілерін демеушілерді күтпей-ақ тиісті мекемелер уақыт оздырмай, келер жылдан бастап қолданысқа енгізгені абзал», – деді.
Бұрын жас кәсіпкерлер бір іс бастау үшін талай табалдырықты тоздырып, керекті кеңесін алу үшін сарылып кезек күтетін. Енді болашақ бизнесмен тиісті сомасын төлесе, оның іс бастауына жан-жақты көмек көрсетіледі. «Ол пайдаланатын орны үшін айына 20 мың, қосымша 15 мың теңге тағы төлейді. Хаб орталық оған компаниясын ашуға көмектесіп, заңгерлік, бухгалтерлік, кадрлық, салықтық мәселелерін шешуге тырысады. Әкімшілік шаруаларды да өз мойнына алмақ. Демек, жаңадан іс бастайтын ақпаратшы өз саласын дамытып, шыңдауға ғана күш салады», – дейді «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» мекемесінің басшысы Дамир Егізбаев.
Ал мекеменің алдағы жоспарларымен бөліскен «Benediximus» компаниясының директоры Талғат Омаров:
– Облыс әкімдігінің қолдауымен біз «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен ортақ компания құрып, бірлескен жұмысымызды бастап кеттік. Жаңа мамандарды осы жерде оқытып-үйретеміз. 2019 жылы 5-10 сынып аралығында оқушыларға арнап лагерь ұйымдастырамыз. Балалар арасында жарыстар өткізіп, одан өткендерін халықаралық байқауларға жібереміз. Алдағы жылы мұндай дода АҚШ-та өтпекші.
Бұған дейін оқушылар Алматыға сабылатын. Қазір шалғай елді мекеннен келгендерге де тиісті жағдай жасалған. Ұстаздардың біліктілігіне келер болсақ, қазір аймақта барлығы 772 информатика пәнінің мұғалімі бар. Оқушы білімді болуы үшін алдымен оқытушы білікті болуы керек. Ал келер жылы барлық ұстазды орталықта оқытуға біздің әлеуетіміз жетеді, – дейді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support