- Advertisement -

Жарқын бейнесі жас ұрпақтың жадынан өшпейді

123

- Advertisement -

Тұрар Рысқұловтың есімі халқымен бірге мәңгі жасайды. Аласапыран заманда «тар жол, тайғақ кешуден» өткен, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия құрбаны болған ер әділдік іздеп, халқын аштықтан аман алып қалу үшін күрескен. 25 жасында ірі мемлекет басшысы деңгейіне көтерілген халқының адал ұлы Т.Рысқұловтың есімі біздің мектепке берілгені – біз үшін мақтаныш.
Қайраткердің есімін иеленген мектеп бүгінде көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Бастапқыда оқушыларымыздың саны 1000-дай болса, бүгінгі таңда 1500-ге жетіп отыр. 1990-2004 жылдарда 77 түлек ерекше аттестатқа қол жеткізсе, 2005-2018 жылдары аралығында 25 «Алтын белгі» иегері шықты.
Тұрар Рысқұловтың тұлғасы мен саяси қайраткерлік қарымы аға буынға жақсы таныс. Біз Тұрардай тарихи тұлғаның жарқын бейнесін жас ұрпаққа үнемі насихаттап отыруымыз керек. Осы мақсатта мектептен мұражай ашып, ұлт болашағы үшін күрескен тұлға туралы деректерді жинап отырмыз. Мұражай жыл сайын халқымыздың, аға ұрпақтың ерлік дәстүрінде тәрбиелейтін материалдармен, маңызды ақпараттармен толықтырылып тұрады. Ондағы «Алаштың ардақ тұтар азаматы», «Т.Рысқұлов – қоғам және мемлекет қайраткері», «Тұрар есімі естен кетпес» тақырыптарында жасалған бұрыштардан қайраткердің өмірі мен қызметі, отбасы туралы тың мәліметтер таба аласыз.
Жыл сайын мектепте ұлы тұлғаға арналған тәрбие сағаттары, кездесу кештері, сыныптан тыс іс-шаралар өткізіледі. Соның арқасында шәкірттеріміз биыл Тараз қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бүкіл қала мектептері арасында өткен «Ұлы Дала ұландары» атты балалар шығармашылық фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Оқушыларымыз қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі білім, өнер, спорттық жарыстарда да озық шығып, мектеп мәртебесін биіктетуде.
Мектепте өтетін іс-шаралардың шымылдығы үнемі музыка пәнінің мұғалімі, марқұм Салима Қорабаеваның «Тұрар Рысқұлов мектебінің маршы» әнімен түріледі. Біз ай сайын «Тұрар таңы» атты ақпараттық-әдістемелік журнал шығарып, мектептің барлық тыныс-тіршілігін сол арқылы көрсетіп отырамыз. Өзім бастамашы болып, тарих пәні мұғалімдерінің авторлығымен «Тау тұлғалы қоғам қайраткері» атты кітапты жарыққа шығардық. Бұл туынды қазір орта мектептердегі оқу процесі үшін аса қажетті еңбекке айналған.
Оқушылардың патриоттық, рухани-адамгершілік сезімдерін дамыту, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында мектепте Тұрар тұлғасын танытуға арналған кездесу кештері ұйымдастырылады. Көзі тірісінде жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны шақырып, сол шараларда оқушылар қаламгердің Т.Рысқұлов туралы жазған «Қызыл жебе» романынан сахналандырылған көріністер қойып, Тұрар рухына арналған өлеңдерін оқыған еді. Шерхан Мұртазаның Тұрар туралы айтқан тағылымды әңгімелері жастардың жадында сақталып қалғаны анық.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымының кандидаты, доцент, тұрартанушы ғалым Ордалы Қоңыратбаевпен өткен кездесуде де жас жеткіншектер Тұрар Рысқұлов туралы көп мәліметке қанықты. Тіпті осы шарадан кейін Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметіне үлкен қызығушылық танытып, зерттеу жұмыстарымен айналысуға ден қойған оқушылар қатары көбейді.
Қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың аты берілген мектебімізде жыл сайын 26 желтоқсанда – Т.Рысқұловтың туған күніне орай іс-шаралар, «Тұрар келбеті» тақырыбында өлең, шығарма, сурет, ән байқаулары өткізіліп, сынып сағаттары, кездесу ұйымдастырылады.

Айжан ӘБДЕШОВА,
Тұрар Рысқұлов атындағы
№48 орта мектептің директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support