- Advertisement -

Таутұрпатты тұлға

143

- Advertisement -

1917-1936 жылдар аралығында Орта Азия мен Қазақстанда Тұрар есімі дүркіреп тұрды. 1916 жылы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің саяси жетекшісі ретінде көзге түскен ол Қазан төңкерісіне дейін-ақ елге танылған еді. Революцияға дейінгі Рысқұловтың қалыптасу кезеңі Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісінен кейінгі кезеңге сәйкес келеді. Дәл осы тұста, яғни тарихи жеңістің эйфориясы толқынында бұрынғы отаршыл әкімшілік өкілдері өз өңдерін демократ ретінде өзгертіп, жергілікті халықты қанауды ары қарай жалғастыра берген еді. Қоғам белсенділерінің көпшілігі мұны түсінбеді. Тек мұндай қараниеттілік қадамды Тұрардың қырағы көзі қалт жібермеді.
Оны Ташкенттегі мұғалімдер институтында оқып жүрген Тұрар Меркіге қайтып келген бойда митингіде айтқан болатын. Себебі Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитеті келімсектердің жергілікті халықтың жерін тартып алып байыған топтарының айдап салғанына көніп, 1916 жылғы көтеріліс барысында зардап шеккен орыс кулактарының шығынын қазақ ауылдарына төлетпек болған. Т.Рысқұлов мұндай шовинистік талқының түйінін бірден шешіп, аталған шығынды Уақытша үкімет қазынадан төлеуді ұйғарғанын, ал қазақ ауылдарының тұрғындары ешқандай контрибуция төлемейтіндігін айтып, қатерлі топқа қасқайып қарсы тұрды. Ұлт мүддесін қорғаған азаматтың төңірегіне жастардың топтасуы да сондықтан. 1917 жылдың наурыз айында Меркіде «Қазақ жастарының революциялық одағы» құрылып, оны Тұрардың өзі басқарды. Сөйтіп, жастар одағының құрамындағы Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсімов әділеттілік, теңдік және бостандық үшін күреске бел шеше кіріскен еді.
«Революциялық» одақтың негізгі міндеттері мынадай болды: Бірінші – негізгі күшті Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитетіне қарсы бағыттай отырып, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу. Екінші – билік құрамынан монархияны жақтаушылар мен олардың агенттерін шеттету. Үшінші – болыстарға адал адамдарды тарта отырып, атқару комитеттерін құру. Төртінші – орыс селоларындағы сияқты аштарға көмек көрсету үшін Қазақ азық-түлік комитетін құру. Бесінші – Халық мүддесін қорғау ісіне сатқындық жасағандарды аяусыз жазалау. Алтыншы – ауылдардағы ағарту және насихат жұмыстарын жолға қою. Осы деректерге қарап отырып-ақ, Тұрардың қайраткерлігі 1917 жылдың өзінде-ақ қалыптасып үлгергенін аңғаруға болады. Себебі Тұрардың іс-әрекеттері таптық емес, ұлттық көзқарас тұрғысынан айшықталып тұр емес пе?!
Осы жағдайдан кейін көп ұзамай Әулиеата уездік кеңесінің жұмысына белсенді түрде араласып кеткен жас саясаткер бірнеше депутаттың ұсынысымен уездік кеңестің атқару комитетіне алғашында төрағаның орынбасары, кейіннен төраға болып сайланады. 1918 жылдың 1 мамырында Түркістан кеңестерінің V съезі салтанатты түрде Түркістан АКСР-нің құрылғандығын мәлімдеді. Осы тұста шақырылған уездік кеңестер төрағаларының съезіне Т.Рысқұлов та келген еді. Сонда Түркістан АКСР ОАК-нің төрағасы Тоболиннің Ашхабадтағы контрреволюциялық көтеріліске байланысты «Кім бізбен бірге болмаса, сол бізге жау», деген ұстанымына байланысты құрылған «Ерекше штабқа» Калашников, Самойленко, Полтарацкий, Алисковский, Панасюк, Феоктисов секілділер еліріп қосылғанда, тек Әулиеата депутаттары кеңесінің төрағасы Т.Рысқұлов: «Закаспий өңірінде контрреволюциялық күштер бас көтеріп тұрған кезде, түркмендердің біраз бөлігінің шатасуы әбден мүмкін, сондықтан да «комиссияның» құрамына жергілікті ұлт өкілін қосу керек», деп қарсы тұрып, өзінің уәжі орынды екенін дәлелдей алған. Ал Тоболиннің Т.Рысқұловтың ұсынысын қабылдауы – Түркістан билігінің Тұрарды жатсынбағандығының белгісі болса керек.
Осыдан көп ұзамай-ақ 1918 жылдың қазанында өткен Түркістан кеңестерінің VІ съезінде Т.Рысқұловты Түркістан ОАК-нің мүшесі етіп сайлайды. 1919 жылдың 5 наурызында Ташкентке лениндік мандатқа сәйкес төтенше өкілеттіліктер берілген РКФСР ХКК Уақытша комиссиясының мүшесі П.Кобозев келеді. Т.Рысқұлов онымен кеңестердің VІІ өлкелік съезінде танысып, тез-ақ тіл табысып кетеді. 1919 жылдың 13 наурызында Ташкентте Түркістан коммунистік партиясының ІІ конференциясы ашылып, осы жиналыста Кобозев-Рысқұлов тандемі екі бірдей шешімді жүзеге асырады: ауылдар мен кишлактардағы кедей-орташалар арасындағы жұмысты жандандыру және Ресейдегідей арнайы өлкелік мұсылман бюросын құру. Мұсбюроны Т.Рысқұлов басқарады. Аталған жылдың маусым айына қарай өлкенің партия ұйымдарында Мұсбюроның 108 секциясы жұмыс істей бастайды. Осы кезде шақырылған коммунист-мұсылмандардың І өлкелік конференциясында Түркістандағы халықтың 90 пайызын мұсылмандар құраған жағдайда, мұсылман ұйымдарына қатысты ұлт істері жөніндегі комиссариат пен басқа да кеңестік органдардың коммунистік бағдарламаларының жүзеге асу барысын өлкелік Мұсбюроға қадағалау құзыретін беретін ереже қабылданады.
Әрине, мұндай кіріптарлыққа республиканы басқарып отырған – А.Казаков, В.Сорокин, Н.Успенский секілді шовинист-бюрократтар келіспеген еді. Дегенмен жағдайды ушықтырмау үшін Мәскеу Ташкентке ұлт мәселесіне қатысты біршама жеңілдіктер берді. Соның бірі – партия қатарында болу міндетін жүктемей-ақ, мемлекеттік қызметке тұрғындар құрамының санына сәйкес жергілікті халықты тарту. Сонымен бірге шаруалар мен дихандардың мүліктерін аяусыз талау мен кәмпескелеуді доғарып, мұсылмандар арасында әртүрлі алымдар мен кәмпескелеуді жалпы негізде жүргізіп, бұл үшін әрбір осындай оқиға кезінде жергілікті мұсылман бюросының немесе өлкелік мұсылман бюросының келісімін алу керек болды.
Орталықтың «ұлтшылдар» мен «шовинистер» арасындағы текетіресте «от көсейтін» аярлығын аңдай алмаған Тұрар Түркістан ұлттық мемлекетінің тек декларативті тұрғыда қалыптаспауына көп күш салған еді. Уақыт оздырып барып, Түркістандағы саяси ахуалды «тұрақтандыруға» білек сыбана кіріскен Мәскеудің позициясы Т.Рысқұловтың ұстанымына сәйкес келмейтін еді. Бұл тұрғыдағы түйінді сөзді Түріккомиссияның белді мүшесі М.Фрунзе айтып, осы бойынша «Түркістан атауын Түрік Республикасына, ТКП-сын Түрік компартиясына ауыстыру түбірімен дұрыс емес» делініп, бұл мәселеге нүкте қойылған болатын. Ендігі жерде Түріккомиссияның ультрареволюциялық пиғылын анық байқаған Т.Рысқұлов өзін Түркістан ОАК төрағалығы мен Өлкелік партия комитетінің мүшесі қызметтерінен босату туралы арызын жазады.
Тұрарды тез арада саяси аренадан кетіру Мәскеудің жоспарында жоқ болатын. Оны И.Сталиннің С.Орджоникидзеге 1922 жылы жазған мына бір телеграммасынан байқауға болады. Онда: «Түркістандық комиссарларды шолжаңдатудың қажеті жоқ, олар соңғы екі жылда бәрі бірігіп, бір Рысқұловқа татымайтындығын анық көрсетті» делінген. Міне, осы себепті де Т.Рысқұлов РКФСР ұлттар ісі жөніндегі халкоматтың екінші орынбасары болып тағайындалады.
Тұрардың Моңғолиядағы жұмысына баға берген КСРО-ның сыртқы істер жөніндегі халық комиссары Т.Чичерин де 1925 жылы Я.Петерске жазған хатында: «Оның саяси бағыты, жалпы өте дұрыс, сондықтан да біздің тарапымыздан қолдауға тұрарлық», деген екен. Бұл пікірлер Т.Рысқұловтың большевиктердің сенімді өкіліне айналуына ықпал еткені анық.
Рысқұловтың Қазақстандағы индустриализациялау науқанының тұңғыш құрылысы – Түрксібтің салынуына сіңірген еңбегі зор. Қазақстан территориясы бойынша салынатын 1450 шақырым темір жол құрылысының жергілікті халыққа қаншалықты оң әсерінің бар екендігін түсінген Тұрар Рысқұлов Орталықтың аталған құрылысқа КСРО-ның еуропалық бөлігінен жұмысшылар әкелеміз деген шешіміне қарсы шығып: «Түрксіб құрылысына сырттан әкелінетін әрбір жұмысшыға жылына 90 сом 20 тиын, ал әрбір қара жұмысшыға 88 сом 20 тиын төленеді екен. Осы орайда жұмысшы күшінің 50 пайызы сырттан әкелінсе, мұның өзі бір жылда 900 мыңнан 1 миллион сомға дейін шығын әкеледі, ал егер 65 пайызы сырттан әкелінсе, 1 миллионнан 1миллион 440 мың сомға дейін, осылайша сырттан жұмысшылар әкелу құрылысты 2 миллион сомнан 5 миллион 700 мың сомға дейін қымбаттатып жібереді», деп келтірген нақты дәйегінің нәтижесінде Т.Рысқұлов жергілікті ұлт өкілдерін жұмысшы кадр ретінде құрылысқа тартуға мүмкіндік алған еді. Түрксіб құрылысын жоспарға сай жүргізіп, дер кезінде аяқтау үшін Тұрар Орталықтың көзқарасына кереғар, кезінде Қоқан автономиясының төрағасы болған М.Тынышпаевты құрылыстың бас инженері қызметіне тағайындатқызады.
Бұл – 1928 жылдардағы Алаш қайраткерлеріне қарсы репрессияның басталған тұсы еді. Одан сәл ертеректе Тұрар Рысқұловтың бұрынғы Алашорданың батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхаметовке, оның бауыры Халел Досмұхаметовке және Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовке де көмек қолын созғанын білеміз. Осылай өз ұлтына пайдасы тиетін зиялыларға көмегін аямаған Тұрар Рысқұловтың өзі де репрессия қылбырауына ілінгені белгілі.
Осы келтірілген деректердің бәрі – Тұрардың халқы үшін еткен еңбегінің бір бөлшегі ғана. 26 желтоқсан – Тұрар Рысқұловтың туған күні. Осындай айтулы күндерде ұлтымыздың біртуар ерлерінің есімдерін атап өткеннен басқа Тұрардай азаматтарды өскелең ұрпақ санасында сақтауы үшін не істеп жатырмыз деп ойланамын кейде. Расында біз өткен тарихымыздың осындай таутұрпатты тұлғалардың есімдерімен тығыз байланысты екенін жастарға дұрыс жеткізе алып жүрміз бе? Рысқұловтың қайраткерлік қырларын жас ұрпаққа таныту – біздің міндетіміз.

Сейдехан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support