- Advertisement -

Орталық азиядағы су қауіпсіздігі

39

- Advertisement -

Су шаруашылығы мамандарын даярлайтын іргелі оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі: мәселелері мен шешімдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғалымдардың басқосуында «Орталық Азиядағы су: өткені, қазіргісі мен келешегі» атты кітаптың тұсауы кесілді.
– Ұлт қауіпсіздігінің негізгі бағыты – су қауіпсіздігін сақтау. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде де бұл мәселенің бірнеше рет қаралуы – соған дәлел. Бірақ бір өкініштісі, көп түйткілдер қағаз күйінде қалып, нақты шешімін таппай отыр. Бүгін осы тақырып төңірегінде ой қозғамақпыз, – дей келе, аталған оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ғылыми-тәжірибелік конференцияның Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылып отырғанын айтып өтті. «Мақалада Мәңгілік Елдің өркениеті егжей-тегжейлі жазылған. Осыдан бірер жыл бұрын Ресейдің атақты жазушысы, тарихшы-ғалымы Мурад Аджидің «Азиялық Еуропа» атты кітабында келтірген мәліметтері Елбасы мақаласында кеңінен көрініс тапқан. Бұл кітаптың бұлай аталуының өзіндік сыры бар. Әлемдік өркениет өз бастауын дәл осы Орталық Азиядан алады. Әрине, олар уақыт өте келе өзгеше реңкке енді, дами түсті. Сөйтіп Еуропада пайда болғандай көрінді. Алайда олардың ең негізгі тамыры байырғы ежелгі түркілердің өркениетінде жатыр. Сондықтан «Азиялық Еуропа» деп аталды дейді Мурад Аджи.
Атақты академик Әлкей Марғұлан Ұлы Даланың 10-нан аса көне қаласын тапқан. Бірақ ғалым оларды ресми түрде жариялай алмаған. Себебі кеңестік солақай саясат Ұлы Даланы осы қалыпта емес, басқа қырынан танытты. Осы еңбектердің барлығынан бір-ақ нәрсені аңғаруға болады. Ол кездегі Ұлы Дала төскейіндегі барлық елді мекен дамып кетпей, тек суы бар, шүйгінді жерде өркен жайғандығы айтылады. Демек, олардың бірегей ерешелігі – ежелгі түркі өркениеті суға аса мән берген. Осындай деректер Ұлт Көшбасшысының мақаласында көрініс тапқан. Демек, қалалар, әсіресе Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне қала Тараз соның бірі деуге болады.
2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлады. Тарихта Қазақ хандығының Ұлы көш жолы деген ұғым бар. Бұл жайлы қанша айтылса да, ешкім оның қайдан басталып, қай жерде аяқталғанын нақты айта алмайтын. Осылайша 3 жыл бұрын біз Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік және әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеттері ғалымдарының басын қосып, тарихи-археологиялық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, қаржыландырдық. 2 ай бойы ыждаһатты жұмыс істеген арнайы топ көптеген мұрағатпен танысты. Шет мемлекеттерге барды, ақпарат жинады. Нәтижесінде қызықты карта түзілді. Қазақтың 2 ханы Керей, Жәнібек Сырдариядан Шу алқабына қарай бет алып, 1465 жылы Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығын құрған. Егер осы Ұлы көштің жолын қарайтын болсақ, ол суы бар аймақтар арқылы жүріпті. Осылайша жер-суға да өз ерекшеліктеріне қарай философиялық мәні бар атау беріп отырған. Мұның барлығынан халқымыздың суға аса жоғары ілтипатпен қарағанын, ықыласы зор болғанын аңғарамыз,– деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев: «Жер бетінің 70 пайызын су алып жатса, тұщы су оның небәрі 2,5 пайызын ғана құрайды. Кеңестік кезеңде бәрі біртұтас еді. Ал қазір сол құрамнан бөлініп шыққан тәуелсіз 15 мемлекеттің өз шекарасы бар. Сондықтан біздің облыс бүгінде 80 пайыз суды Қырғыз елінен алып отыр. Әр мемлекет өзінше саясат жүргізетіндіктен, су жинау және сақтау технологиялары мен ресурстары – өңірімізде басты мәселе. Республикада 1,5 миллион гектар суармалы жер болса, соның 10 пайызға жуығы, яғни 184 мың гектары біздің өңірге тиесілі. Осы тұрғыдан алғанда «Орталық Азиядағы су: өткені, қазіргісі мен келешегі» атты кітап біздің облыс үшін құнды дүние, ал аталған мәселелерді шешуде зерттеушілер мени ғалымдарға таптырмас дүние болары хақ», – деді.
Кітаптың қос авторы бар. Соның бірі – Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Виктор Духовный. Ол өзінің осы салаға қалай келгенін, мелиорация мәселесін зерттеу үшін көптеген танымал адамдармен кездескенін және олардың тағылымын алып, ұстанымын ескергенін айта келіп: «Әйгілі Сүлеймен Демирелдің сөзін келтірсем, өз еліне бақыт тілейтін басшы жапан дүзге барып, шөлді қалай гүлденген оазиске айналдыру керегін үйренуі тиіс» деген еді. Сол сияқты ең негізгі Стратегия саналатын су мәселесін шешу бағытында талмай еңбек етіп жүргендердің ашқан жаңалықтары аймақтардың өнімділігін арттырды. Сондықтан да өткен жүзжылдық мелиоративтік және су шаруашылығы құрылысының ғаламат дамыған ғасыры деп танылды. Алайда соңғы уақытта су құрылысы кенжелеп қалды. Көлемі, деңгейі күрт құлдырады. Салдарынан суару жүйесі ақсады. Бүгінгі басты міндет – оларды шетелден сатып алу емес, қалпына келтіру. Жалпы Орта Азияға қатысты жайттарды WUEMOCA (Water Use Efficiency Monitor in Central Asia) порталын іске қосып, сонда топтастырдық. Ұстаздарымның «Ақылды инженердің бір сағаты жиырма экскаватордың бір айлық жұмысын алмастыра алады» деген ұлағаты бар. Себебі геосаяси және табиғи үрдістен қалмау емес, ғылыми-техникалық инновацияларды ойлап табу арқылы одан ілгері жүруіміз керек», – деді.
Конференцияға еліміздің танымал ғалымдарынан өзге, көршілес елдерінен келген академик, профессорлар қатысты. Олар Қазақстанмен қатар, Қырғыз елі, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстандағы қалыптасқан жағдайды қозғап, тың деректерді алға тартты.
Жиын соңында конференцияны ұйымдастырушылар Өзбекстан астанасы Ташкенттен келген қонақ, біраз жылдар Қазақстанда еңбек еткен Виктор Духовныйға зерлі шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support