- Advertisement -

Қазақ сарбаздары – дала қаһармандары

319

- Advertisement -

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттың рухын көтерген құнды еңбек. Оның идеологиялық мәні ұлтты ұйыстыратын біртұтастық идеясында жатыр. Адамзат өркениеті желмен жарысқан жүйрікті алғаш тізгіндеуден, металл қорытудан бастау алғаны тарихтан белгілі. Ал сол тарихи кезеңдердің процесі қазақ даласынан басталғаны – Ұлы Даланың перзенттері үшін үлкен мақтаныш.
Жалпы қазақ жерінің тарихын жұртқа мәлім оқиғалармен ғана шектеп, оның тереңіне үңілуге мүмкіндік бермеген, сондай тұжырым жасауға үзілді-кесілді тыйым салған кеңестік кезеңнің солақай саясаты біздің ой-өрісімізді де тұсап келгені белгілі. Сонау ерте ғасырдан-ақ Ұлы Даланы мекен еткен ру-тайпалар жылқыны қолға үйретіп, мал шаруашылығын негізін қалыптастырумен қатар, жауынгерлік өнерді меңгергені белгілі болса да, бұған тарихи баға берілмеуі көптеген ғылыми процесстерді кешеуілдетті. Ашық айтылмаған шындықтың бір ғана дәлелі болды. Ол – біздің халқымыздың өз мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен байланыстыра суреттеуі.
Осының өзі – қазақстандықтардың ортақ мақтанышы. Президент Н.Назарбаев мақаласында әлемдегі көптеген халықтар өзінің тарихи Отанындағы жетістіктерін мақтан ететінін айтып, қазақтың да ежелден келе жатқан жетістіктері мол екенін тарихи деректерге негіздеп, дәлелдеп берген. «Бұл – тарихқа деген ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті», – дей келе Елбасы Қазақстан өз аумағында автохонды тайпалық бірлестіутен мен мемлекеттер негізінде құрылғандығын және бұл қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отырғандығын атап өтеді.
«Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдесіз революцияға жол ашты… Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі», – деген Мемлекет басшысы өркениет көшінде ерекше рөл атқарған оқиғалардың бірі – жылқыны қолға үйрету мен жылқы шаруашылығының пайда болуы екенін нақты атап көрсетіп отыр.
Жылқыны қолға үйретумен ежелгі ру-тайпаларының өімірінде аса зор өзгерістер орын алды. Олар алысқа ұзап көше бастады. Ал бұл өз кезегінде ру-тайпалардың өзара әскери қақтығыстарын күшейтті. Жылқы өсірудің, қолөнердің (тері өңдеу, әскери қару-жарақ жасау ісі, жылқының ер-тұрманын жасау және тағы басқалары) дамуы қоғамда еңбек бөлінісін туғызды. Қоғамдық құрылымдарда елеулі өзгерістердің де пайда болуына осы әсер етті. Әскери қақтығыстар жиілей түскен сайын тұрақты әскерилер, яғни соғыс ісіне «маманданған» жауынгерлерді дайындау қолға алына бастады. Олар жауға тойтарыс беруге әрі өздері де тұрақты әскери жорықтар ұйымдастырып тұруға тиіс еді.
Сібір аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулер темір дәуірінде Батыс Сібірде атты жауынген-батыр культі орнағанын анықтап отыр. Қазба жұмыстары кезінде атты жауынгерлердің қола мүсіндерінің көптеп табылуы әскери көсемдерді Құдаймен теңестіру түсінігі қалыптасқанын, бұл өз кезегінде олардың сонау ежелгі замандардан-ақ қоғамдық өмір мен әлеуметтік сатыда маңызды орын алғанын көрсетеді.
Ежелгі авторлардың көпшілігі көшпелі халықтардың жауынгерлігі мен ержүректілігін ерекше атап көрсеткен. Мәселен, Цыма Сянь ежелгі көшпелілер туралы айта келе: «олардың барлығы бейбіт күндері мал шаруашылығымен айналысады, ал қауіп туған жағдайда әскери іспен айналысады. Әскери іспен айналысу олардың табиғи қасиеттері болып табылады, олардың барлығы атты садақшылар және жер өңдеумен емес, мал шаруашылығымен айналысады. Мұндай халық ешқашан жеңілуді білген емес», – деп атап өткен. Ал А.Смит көшпелілердің жаулап алу соғыстары туралы талдау жасай келе, соғыс кезінде «варварлардың жасақтары өркениетті халықтардың жасақтарына қарағанда артықшылығын нақты көрсететіндігін» жазған.
Қазіргі кездегі зерттеушілердің көпшілігі көшпелілердің жауынгерлік рухының жоғары болуын көшпелі мал шаруашылының экстенсивті түрімен, әскери артықшылықтарын қоғамның жалпы қалыпты жағдайы ретінде кең көлемді аумақтарды тұрақты түрде қорғап отыру қажеттілігінен туындаған динамизмінің нәтижесі деп түсіндіреді. Мысалы, көшпелілердің жауынгерлік рухының жоғары болуын Л.Кржевицкий малды тұрақты күзету қажеттелігінен туған өмір салты ретінде қарастырған. Ал Ф.Ратцель көшпелі қоғамның жылжымалығы мен жалпы іс-қимылдар жасауға бейімділігімен байланыстырған.
Қазақ сарбаздарының қару-жарақ түрлері мен әскери өнері жылдар өте келе жетілдіріліп отырды. Қазақтар ұрыс салғанда әскер сапы азиялық ондық жүйесі бойынша, яғни ондық, жүздік, мыңдық, түмен болып бөлінді. Көшпелілердің соғыс тәсілдерінің осыған ұқсас тағы бір ерекшелігі – әскери бөлімдердің орталық, оң және сол қанат, авангард, тосқауыл деп жіктелуі еді.
Алдыңғы бөлім басты күш саналды. Негізінен садақ, найзамен қаруланған жасақтардан тұрды. Алдыңғы қатарлы бөлімдер өте жауапты деп есептелгендіктен оның қатарына өте ержүрек, алғыр сарбаздарды іріктеп алып отырды. Бұл бөлімнің қолбасшылығына ханның ең сенімді адамдарының бірі тағайындалды.
Қазақ әскерінің оң қанаты «маймана» деп аталды. Сол қанаты – «майсара». Бұл екі топтың сарбаздары көшпелі әскери құраманың ең басты екпінді тобы саналды. Оның алдыңғы қатарында өте тәжірибелі, көптеген қанды соғыстарды бастан кешкен сарбаздар тұрды. Қос қанаттың әскербасылығына сұлтандар, әмірлер, бектер, баһадүрлер жетекшілік етті.
Қазақ жасағының төртінші бөлімі «орта» деп аталған. Бұл құрама екі қанаттың ортасында сап түзді. Әскери бөлімнің басы-қасында хан тұрды. Ханның ордасы осы орталық бөлімде немесе тылда орналасатын болған. Хан шатыры көбіне биік шоқы немесе жотаның басына орнығуы тиіс. Себебі биік жерге орнығып алған бас қолбасшы майдан даласында болып жатқан соғыстың барысын бақылап, керек кезде қажетті тактикалық айла-тәсілдер қолдануға нұсқау беруі керек еді. Бұған қоса іріктеліп алынған ханның жеке күзетіне жауап беретін ұлан жасақталып, хан ордасы төңірегін күзететін. Ұлан аса тәжірибелі, көптеген сынақтан өткен, ханға берілген батырлар мен сарбаздардан жасақталды.
С.Кляшторный мен Т.Сұлтановтың «Казақстан – летопись трех тысячелетий» еңбегінде қазақ жүздерінің бөлінуі мынадай қағидатқа байланысты деп көрсетілген. Оның біріншісі – соғыс жағдайында орын белгілеуге байланысты, екіншісі – қолға түскен олжаны бөліске салу.
Майданда мергендер негізгі қозғаушы күшке ие болған. Атақты садақшы, үздік мерген Еспенбет батырдың ерлігі – соның дәлелі. Ол бірде орға түсіп кеткен Ақбантай батырды көздеп тұрған жаудың садақшысын көз ілеспес жылдамдықпен атып өлтіреді. Садағын қалың жауға кезеген мергендер сапында Есекей, Жолай болса, оның бірі би, бірі батыр болған. Жалпы мергендік өнердің негізі Ұлы Далада қалыптасқанын қазақтағы «оғын жүздіктің көзінен өткізетін», «құралайды көзге атқан» деген тіркестер нақтылай түседі.
Батырлардың өзіндік ұстанымдары, дәстүрлері, қасиеттері мен тұрмысы, салт-санасы, ар-намыс кодекстері, принциптері, портреті мен бейнелік тұлғалары, өзіндік мұраты, қоғамдық қызметі, этикалық ерекшеліктері, ырым-жоралғылары ұлттық құндылықтар жүйесін құрайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында батырлық – ежелден өмір салты. Қазақ – «батырлар елі», «батыр халық». Біз осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, жастарды шынайы ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз керек.
Еліміздік тәуелсіздік алғалы қоғам қайта түледі. Ұлттық рух пен тарихи сана жаңғырды. Тарихтағы ұмытыла бастаған батыр бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерлік істері қайтадан насихаттала бастады. Соның арқасында ХVІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысында ерлік көрсеткен жүректі сарбаздар мен ерлердің ерлік істері кеңінен дәріптеліп отыр. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде зерттеу қажет.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихтың терең қойнауында қалған деректерді жаңғыртуға түрткі болып отыр. Әсіресе халқымыздың жауынгерлік өнерді қалай меңгергенін тереңірек зерттеуге жол ашылғаны қуантады.

Ермекбай Серікбаев,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support