- Advertisement -

Әр отбасының жеке баспанасы болғаны қандай жақсы

58

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында алға нақты міндеттер қойып, жүрер жол, бағыт-бағдарымызды да айқындап бергені белгілі. Аталған Жолдаудың кіріспесінде «Біз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде назар аударып, оларға дайын бола білдік. Соған байланысты мен елімізді жаңғырту жөнінде қажетті бағдарламалық бастамалар жасадым. Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негізгі факторына айналды. Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. 2014 жылы еліміздің инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын іске асыруды бастадық. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жарияладық. Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік. Оның басты міндеті – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Еліміздің орнықты дамуы өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады. Біз жаңа міндеттерді атқаруға дайынбыз», – деп атап көрсетілген. Қызу қолға алынып, қарқынды өрістетілу үстіндегі, міне, осы бағдарламалардың жарты жолда тоқтап қалмауы күн тәртібіне өткір қойылып та отыр.

Олардың бірі – жүйелі түрде жүзеге асырыла бастаған «Нұрлы жер» бағдарламасы. Бұл бағдарламаның жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған қанатқақты жобасы аясында мемлекет салымшыларға тиесілі 10 сотық жерді ғана беріп қоймай, сол жер телімінде тұрғын үй салуға да көмектеседі. Ол үшін арнайы субсидия да қарастырылған. Ипотекалық негізде де тұрғын үй салуға, сатып алуға болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айтылған «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болған қала тұрғындарының саны да жылдан жылға артып келеді.
Қазіргі таңда қала бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 69 703 азамат кезекте тұр. Оларға алдағы уақытта А. Асқаров көшесінің соңындағы – 312, «Хамукат» алқабындағы – 125, «Қарасай» алқабындағы 126,6 және «Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқабындағы 369 гектарды құрайтын барлығы 3752 жер телімін беру жоспарлануда. Осы мақсатта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізуге жобалау сметалық құжаттамалары дайындалуда.
Бүгінгі таңда қала бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 230,7 мың шаршы метрді, нақты көлем индексі 142,6 пайызды құрап отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 161,8 мың шаршы метр болған еді. Сонымен қатар «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында «Барысхан» алқабына электр, ауызсу және сервистік су құбыры желілері тартылуда. Бүгінде «Әулиеата» халықаралық әуежайы аумағындағы тұрғын алқапқа электр желісін тарту жұмыстары басталды.
«Автобекет» аумағындағы 100 гектарды құрайтын жаңа 14-шағын ауданда 16000 адамға арналған 200 көп қабатты тұрғын үй, балабақша соғу жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған аумаққа инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Арай» тұрғын алқабындағы 80 пәтерлі 1 жалға алу (арендалық) тұрғын үйі пайдалануға берілді. Енді ағымдағы жылы «Бәйтерек» шағын ауданында 100 және 60 пәтерлі 2 жалға алу тұрғын үйінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен Сүлейменов көшесінің соңынан әрқайсысы 80 пәтерден тұратын 10 кредиттік тұрғын үйдін құрылысы да аяқталуға таяу. Бұл аталған көп қабатты үйлердегі 800 пәтер тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы аясында беріледі.
Сондай-ақ осы көшенің соңынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге 919 жер телімі белгіленген. Алқаптағы 364 жер телімі 2017 жылы кезекте тұрған азаматтарға берілсе, 255 жер теліміне жеке инвесторлар несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлер тұрғызып, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде Ал қалған 300 жер теліміне несиеге берілетін коттедждік үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Үстіміздегі жылы аталған алқапта облыстық бюджет несиелері есебінен қосымша 5 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталып, олар 2019 жылы іске қосылмақ. Бұдан бөлек келесі жылы 5 жалға беру тұрғын үйінің құрылысы республикалық бюджет есебінен жүргізілмек. Оның екеуі 2020 жылға өтпелі. Ал қала бюджеті есебінен осы жылы 25 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Сонымен қатар жеке құрылысшылар тарапынан Қапал көшесінің бойында «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС 54 пәтерлі 2 тұрғын үйді пайдалануға берсе, Сүлейменов көшесінің соңында «БИНОМ» ЖШС 27 пәтерлі 4 тұрғын үй, Арай тұрғын алқабында «АрайСтройМаркет-2003» ЖШС 75 пәтерлі 2 тұрғын үй, Маяковский көшесінде «ПИКО» ЖШС 50 пәтерлі 1 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға тапсырғалы отыр. Яғни барлығы 416 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Тараз қаласының 2010-2025 жылдарға арналған дамуының бас жоспары 2010 жылдың 22 ақпанында бекітілген. Бүгінгі таңда бас жоспардағы қайта жаңғыртылатын 70 пайыз аумақ егжей-тегжейлі қаралу үстінде. Болашақта бас жоспарды толық орындау мақсатында жалпы 550,8 гектарды құрайтын 10 қосалқы магистральды көшелердің егжей-тегжейлі жоспарымен геодезиялық ізденіс жұмыстарын жүргізу қажет етіледі.
Тараз қаласының жалпы 18 787 гектар аумағының 13 765 гектары құрылысы жүргізілген жерлер болып табылады. Оның 4 956 гектары немесе 36 пайызы тиісті топотүсіріліммен қамтылған. Ал қалған 8 809 гектар құрылысы жүргізілген аумақтар инженерлік-геодезиялық жұмыстар жүргізуді талап етеді. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылы облыстық бюджет есебінен 991 гектар жерді топотүсіріліммен қамтуға 45,0 миллион теңге бөлінсе, республикалық бюджет есебінен «Қала кадастр» республикалық мемлекеттік кәсіпорынына 1400 гектар жерге 63,5 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Сонымен қатар «Құмшағал» және «Шөлдала» алқаптары аумағында орналасқан 28 саяжайға «тұрғын алқап» мәртебесін беру мақсатында, қала бюджеті есебінен 18,5 миллион теңге бөлініп, аталған саяжай алқаптарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жұмыстар мұнымен де шектеліп қалмақ емес. Қаланың бас жоспарына сәйкес алдағы таяу жылдар ішінде қала аумағы едәуір кеңейтіліп, әрбір отбасының жеке баспанасы, жылы пәтері болуына қол жеткізіледі деген сенімдеміз.

Сайлауғалы БАЙНАЗАРОВ,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support