- Advertisement -

ЕЛГЕ СӘУЛЕСІ ТҮСКЕН

88

- Advertisement -

Жақсы азаматтар көп. Жолыңды ашатын, қажет кезде қолұшын беретін. Адам баласы үшін ел-жұртқа жасаған әрбір ісінде мейірім мен қамқорлық сезіліп тұрса, жанашырлық ниеттің өзі келе-келе берекелі болады. Егер сәулең елге түсе қалса, ешқашан мақтау күтіп әуреленудің де қажеті жоқ. Елеусіз боп жүре бер, бәрі болар. Еңбегіңді ел кейін танып алады.
Әр дәуірдің өз батырлары мен жақсы-жайсаңдары болады. Талантты перзенттері де уақыты келгенде түлеп ұшып, есейгенде ел-жұртына қарайласады. Сол өздері туып-өскен ортасына арқа сүйеп азамат болып оралып та жатады.
Әулиеата өңірінде ел мақтап, жұрт жақтаған жігіттердің бірқатарын біз де білеміз. Бір басы емес, бақ пен береке бұйырған әулеттер бар. Айталық, Талас өңірінде әйгілі Құлекеевтер әулетін кім білмейді? Қарапайым еңбекті өкшелеген, арғы ата-тегі алысқа кеткен, бірінен-бірі озған ағайындылардың өздері туып-өскен, қанатын қатайтқан туған ауылының көгеріп, көркеюіне қосып келе жатқан ізгілікті үлесі жиі ауызға алынады.
Талапты – төменгі Талас өзенінің жағасына ел қондырып, отау тіккен кішкентай ғана елді мекен. Кешегі «Бостандық» кеңшарына қараған ферма ғана болатын. Жиырма-отыз бала оқитын бастауыш мектебі болмаса, ауыз толтырып, көз тоқтата қояр ғимараты да жоқ қоныс еді. Тал-дарақтары, егінжайы, торлама қауын мен алабауыр қарбыз сияқты күн ыстықта өсетін бау-бақша дақылдары бар. Сол шағын ферма мал өсірумен айналысып, жұрт қатарлы тұрмысымен өзгеден артықшылығы да байқалмайтын.
Артықшылығы жоқ емес, бар екен, бұл елді мекеннің. Мықты азаматтары екен алға шығарып жүрген. Ел тәуелсіздігінің шапағатымен бірге келген ауыл түлектерінің жалпақ жұртқа жарқ еткізген өмірінен соны көре бастадық. Бір өзі мыңға татитын тұлғалы, ақылды адамдар болады. Әркімнің де өз биігі бар шығатын. Әр жеке гүл секілді кішкентай күн көтеріп тұратындар бас қосып, жиналғанда бәрі жайқалып, жазиралы орманға ұқсап кетпей ме?
«Біздің елдің жігіттері» дейтіндей жүрек кернеген қуанышты сезіп, көріп тұрып, оны неге айтпасқа? «Біздің аядай ауылдан министр де, төрт бірдей аудан әкімі, генерал да, полковниктер, ғалым-оқымысты да шықты» дейді ауылдастары. Теледидардан жиі көрінетін Ғани мен Бота деген эстрада әншілерін де мақтан етеді.
Бас-аяғы 70 шаңырақта 400 адам тұратын елді мекенде жақсы өмір іздеп, қалаға ма, басқа жаққа ма көшіп кеткендер атымен жоқ. Себебі бұл елді мекен, заманына қарай еңсесін түзеп, байлығы мен бақытын тапқан десек те болады. Оған себеп, ауылының ажары мен атын сақтауға ауыл түлектерінің бел шеше кіріскені әрі қолдау-көмек жасап, қамқорлықтарымен демеп отырғаны.
Ағайынды Құлекеевтердің қарайласуы өздерінің кіндік қаны тамып, бесікке тербеген үй-жайын емес, барша ауылдастары «Әп, бәрекелді!» дейтін бастаманы қолға алған. Үлкені Сәрсенбек, Батырбек пен Жақсыбек, Әшімбек пен Болат, Бақытбек пен Сағат жаңа әлеуметтік жобаны ауыл тіршілігіне сәйкес бірінен соң бірін жүзеге асырған.
Әуелі спорт кешені салынды. Өз қаражаттарына барлық керек-жарағымен спорт мектебін ашты. Олимпиадалық спорт түрлеріне жататын бокс пен күрестен облыстық спорт жарыстары жыл сайын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні басталып, 9 мамыр – Жеңіс күні мейрамында мәреге жететін дәстүрге айналды.
Атақты балуан, үш мәрте «Қазақстан барысы» жүлдесінің иесі Бейбіт Ыстыбаевтың тұсауы осы ағайынды Құлекеевтер турнирінің боз кілемінде кесіліп, даңқы шыққан-ды. «Қазақстан барысы» турнирінде атой салған Дәулетхан Жақыпов, Айбол Айтбек, Айдос Теңгебаев сияқты Жамбылдың кіл мықты балуандары осы айтулы жарысқа ұдайы қатысуды жыл бойы асыға күтетіндей тартымды, қызу бәсекеге айналдырған.
Басқасын айтпағанда, осы ауылдағы бокс мектебінің 15 түлегі республикалық, Азия ойындарына қатысып, спорт шебері әрі жеңімпаз атанып үлгерді. Талаптыдан шыққан жас тарландар шоғыры қазірдің өзінде едәуір.
Жасыл желегі жайқалған, көкмайса футбол алаңын да осы азаматтар салып берді. Бапкер жігіттерді қаладан шақырып, аттай қалап алған, оларға жеке меншік үйді де тұрғызған.
Осы жігіттердің қаражатымен салынған спорт мектебінде 20 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирдің барлық жүлдесі мен сый-сияпаттарына да тұрақты демеушілік жасап келеді.
Еліміздің даңқты перзенті, қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өзі осы дәстүрлі турнирді тамашалап, жас спортшылармен кездесуге сәті түскенде келіп тұрады. Бокстан Олимпиадалық ойындардың үздігі Бақтияр Артаев та өз ізбасарларының аяқ алысын көру үшін арнайы келген-ді.
– Біздің Құлекеевтерден тарайтын ұрпақтарының қамқорлығы мен қайырымды істеріне дән ризамыз, әсіресе барлық іске ұйытқы болып жүретін Жақсыбек інімізге, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Талғат Мұзаппаров, – тіптен балаларымыздың жоғары оқу орындарында оқуына да көмектеседі. Көз тимесін!..
Бұл – адал сөз. Жақында белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев Астанадан арнайы елге келіп, тағы бір қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Сол Талапты, Аққұм және Бостандық ауылдарының 40-тан астам қарт, көп балалы кісілеріне сый-тарту жасап, жәрдем көрсетті. Мұқтаж жандар сәл болса да ықыласты көңілге разы, әрине. Кезінде өзі барлық құрал-жабдық, жиһаз мүлігімен қамтамасыз еткен балабақшада тәрбиеленуші отыз шақты баланың да қамын ойлап, жаңа оқулықтармен, түрлі жабдықтармен қолұшын беруді де ұмытқан жоқ.
Жап-жақсы ғимаратқа орналасқан Талапты орта мектебінде өз түлектерімен «Туған жерге туыңды тік!» деген тақырыпта әдемі кездесу де әсерлі болды.
Мемлекет басшысының рухани жаңғыруға байланысты жүктеген міндеттері әр азаматтың туған ауылына қарайласып, өркендеуіне үлес қосуымен берекелі болатынын әрі ойдағыдай орындалатынын көрсетті.
Кешегі ферма бүгінгі елді мекеннің атақ-даңқы осындай жомарт жүрек азаматтарымен алысқа тарап кетті. Олардың бастамашыл жұмысымен танысуға Астана, Алматы, Шымкент, өзіміздің Тараздан келіп-кетіп жатқан қонақтар да аз емес. Бұл өз дәулеті асып-тасығаннан емес, туған жерге перзенттік парызды орындаудың жарасымды сәттері десек, артық айтқандық емес.
Жиырма жыл бедерінде Құлекеевтердің ауылға жасаған мейірімді әрі нәтижелі жұмыстарын жұмсалған ақшамен емес, елге сәулесі түскен ниетпен өлшесек те сүйсіндіреді.
Бақыт та, абырой да өзгеге өнеге болмақ.
Талапты көшелері күндіз де, түнде де жарқырап тұр. Үй іргесінен шыққан Амангелді газ-отыны әр үйде лаулап жанып, Сәрсенбек қазған құдықтан таза, мөлдір су құбыр бойында тоқтаусыз ағады…
Ауылыңды сүйсең, Құлекеевтердей сүй дегің келеді.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support