- Advertisement -

Елеулі азамат тардың еңбегі жанған күн

48

- Advertisement -

Тәуелсіз Қазақстан өткен 27 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің әлеуеті артып, әлем таныды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында сан саладағы іс ілгері басты. Еңсесін тіктеп, тірлігі түзелген өңірлердің қатарында біздің облысымыз да бар. Аймақта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларда ауқымды жобаларды жүзеге асырған жамбылдықтардың Тәуелсіздік күнін зор жетістіктермен қарсы алуы – жылдың басты табысы деп айтуға болады. Жыл ішінде 179 әлеуметтік-экономикалық нысан ашылып, көпшілігінің қайта жаңғыртылуы – осы сөзіміздің дәлелі. Жүйелі жұмыстың нәтижесі «Баласағұн» орталық концерт залында өткен қасиетті мерекеге арналған салтанатты жиында айтылды. Оған өз үлестерін қосқандардың еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұртты мерейлі мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары наградаға ие болған азаматтарды марапаттады.
– Ұлы Даланы мекендеген байтақ ұлыста бұл күннен қасиетті, қастерлі мереке жоқ. Себебі тәуелсіздікпен теңесетін, еркіндіктен еңселі ештеңе жоқ. Өткенге көз жүгіртсек, ата-бабамыздың рухын көтеріп, ұйыстырған осы құндылық екенін көреміз. Қандай қилы заман туса да халқымыз азаттық дейтін ұлы мұрат жолынан тайған емес. Сөзі тасқа қашалған Тоныкөктен кешегі Ахмет Байтұрсынұлына дейін бұл аңсар өрши түспесе, өшкен емес. Күлтегіннен Кенесарыға дейінгі ұлы дүбірлі жорықтар да еркіндікке жету жолындағы бағасыз құрбандықтар болатын. Бабалардың асыл арманына қазақ баласы қан кешіп жүріп, жақындай түсті. Бұл – біздің өткен тарихымыз. Халқымыздың тәуелсіздік жолындағы жанкешті күресі. Мемлекет басшысы түйіндеп айтқандай, «қазақтың тұтас тарихы – бірігу тарихы», – деген Асқар Исабекұлы 27 жылда дамудың өзіндік даму жолын тауып, өскен елдің жетістігіне, тәуелсіздік белестеріне тоқталды. Тәуелсіз қазақ елімен бірге өркендеген өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарды да тілге тиек етті.
Иә, рас Жамбыл жері де 27 жылдың бедерінде өсіп-өркендеді. Өңірдегі өркенді істер – жалпы елді дамуға бастаған әлеуетті жобалардың жемісі екені сөзсіз. Ендеше, облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтып өткендей, бұған киелі Әулиеата жұртының да қосқан үлесі бар. Күні кеше ғана елордамыз Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысқан салтанатты іс-шарада облыс азаматтарының да Елбасының қолынан мемлекеттік наградаларға ие болуы – соған дәлел. Ал «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевқа беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденімен марапатталуы – жамбылдықтардың мерейін өсіріп отыр.
Салтанатты шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауының лауреаты атанған меценат Сайрамбай Әліқұлұлының туған жерін көркейтіп, өркендеуіне қосқан зор үлесі аталып өтті. Жерлестері Еңбек Ерін сахнаға шығарып, құрмет көрсетті.
Жалпы бұл күні өзге де әулиеаталықтар үлкен марапатқа ие болып, ерекше қошеметке бөленді. Мемлекет басшысының осы Жарлығы бойынша мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткері Амангелді Кәрентаев және «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қарлығаш Қаймолдаева – «Парасат», «Вынхуа» дүнген мәдени орталығының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, қордайлық Лугмар Буларов – ІІ дәрежелі «Достық», облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, Ақкөл ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орманшысы, таластық Ақынбек Бектай, ТарМПУ оқытушысы Күлжәмила Жолдасова «Құрмет» ордендерімен наградталды. Еңбектің өтелгені – осы.
Мерекелік салтанат қарапайым еңбек адамдарының да мерейін өсірді. Жиында «Алтыналмас» АҚ-ның Ақбақай филиалының маманы Байсерік Бақбергенов, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электромонтері Асан Құрманалиев, «Қазфосфат» ЖШС-ның аппаратшысы Лесбек Өтеғалиев, «Сыпатай батыр» ЖШС-ның механизаторы, меркілік Асқар Тілеубаев ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Ал білікті мамандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» және Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды.
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шараның бір ерекшелігі – осы күні бірқатар өңір азаматтары «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Бұған дейін табысты еңбегімен көзге түскендер облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталып келсе, өңір басшысының бастамасымен олардың қатарын жаңа белгі толықтырып отыр.
Жиында өңірді өркендетуге сіңірген айрықша еңбегі, экономиканы, әлеуметтік, қоғамдық салаларды, ғылым мен мәдениетті, спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі, құқық қорғау органдарындағы үлгілі қызметі, белсенді қайырымдылық ісі үшін облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаевқа, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовқа, еңбек ардагерлері Лидия Ахметова мен Александр Савченкоға, жүзуден жазғы ХV Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс және екі дүркін қола жүлдегері Зүлфия Ғабидуллина және тағы бірнеше азаматқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі тапсырылды. Бұлар – өз өңіріміздің төл марапатының алғашқы иегерлері.
Салтанатты шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілерінің концертіне ұласты.

Ардақ Үсейінова

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support