- Advertisement -

Тұрмыс сапасын жақсартудағы сенімді қадамдар

53

- Advertisement -

Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын барша қазақстандықтар ерекше ықыласпен қабылдады. Жолдау қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелеріне нақты жауап болды. Ұлт Көшбасшысы Жолдаудың кіріспесінде тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістіктерімізді саралай келіп, алдымызға нақты міндеттер қойды. Бұл – мемлекеттік органдар, бизнес пен қоғам үшін іс-қимылдың тұтас стратегиясын айқындайтын, өзінің мәні мен мазмұны жағынан ерекше құжат болып табылады.

Елбасының сөзімен айтсақ, біз Еуразия өңірінің қаржылық, іскерлік, инновациялық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, жаңа елордамыз Астананы салдық. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Сонымен бірге қазақ елі өзінің берік экономикалық негізін қалыптастырып, соңғы 20 жыл ішінде елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды.
Елбасының әрбір Жолдауы, бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын бағамдайтын, сондай-ақ еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясының, Ұлт жоспарының, елдің Үшінші жаңғыруының жалғасындай маңызды стратегиялық құжат болып табылады. Яғни өткен жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымызға қойылған нақты міндеттерді тиімді іске асыруды жалғастыра отырып, ел экономикасын жаңа белеске көтерудің көздері және бір пысықталып отыр.
Президентіміз бұдан бұрынғы Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру экономикамыздың қозғаушы күші ғана емес, ел мен елді елдестіретін, сол арқылы мәдени байланысты нығайтып, күшейтетін әлеуетті тетік болатындығын айқындап берген-ді.
Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан, экономикасы орныққан мемлекет. Ел аумағы арқылы бірнеше республика транзиттік жүк тасымалын жүзеге асырады. Сондықтан біз мұндай геосаяси мүмкіндіктерді экономикалық пайдамызға шешуіміз қажет. Бес халықаралық көлік дәлізін – трансазиялық темір жол магистралінің солтүстік дәлізі, оңтүстік дәлізі, орталық дәлізі, «Солтүстік-Оңтүстік» және трасека дәлізін тиімді пайдаланғанымыз жөн.
Бүгінде темір жол арқылы тасымалданатын жүк көлемі жылдан-жылға артып келеді. Биылғы жылдың 10 айында Жамбыл темір жол бөлімшесі арқылы 7 миллион 847 мың 885 тонна жүк тиеліп тасымалданса, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 6 миллион 901 мың тонна көлемінде жүк тиеу, тасымалдау жұмыстары жүзеге асырылған болатын.
Темір жол арқылы тасымалданатын жүктің негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері, құрылыс заттары, қатты отын, сұйық отын, шикізат пен тыңайтқыштар құрауда. Өткен екі айда Меркі қант зауытына 660 вагон қант қызылшасы темір жол арқылы жеткізілді. Ал көкөністерден бөлек Ресейге пияз, Өзбекстанға картоп жөнелтілді. Осының барлығы өңіріміздегі көлік-логистика желісінің дамуына өз септігін тигізуде.
Ел экономикасын арттырудың бірден-бір жолы, ол – көлік логистикасын дамыту. Бұл іс еліміздегі шағын және орта бизнестің нығаюымен де тікелей байланысты. Кәсіпкерлік ісі дамыған жағдайда тасымал әлеуеті артатыны белгілі. Қазіргі таңда шағын және орта бизнес өкілдерінің темір жол тасымалына көбірек жүгінетіндігі бізді едәуір қуантуда.Сондай-ақ Жамбыл темір жол бөлімшесі облыстағы қуатты өндіріс орындары «Қазфосфат», «ЕуроХим-тыңайтқыш», «Taraz lnvestment» ЖШС-тары және «Тараз» химиялық паркі» АЭА-тарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде.
Елбасының алға қойған тағы бір міндеті, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру. Бізде бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылу үстінде. Жалпы темір жол жүк тасымалы саласында цифрландыру технологияларына көшу өте тиімді екенін көрсетуде. Соның бірі – келісім және коммерциялық жұмыстарды автоматтандырылған басқару жүйесі табысты жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша «бірыңғай электронды терезе» қағидасымен жоспарлау мен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, тасымалдау жұмыстарына қатысты электронды ақы төлеу жүргізілуде.
Мұның бір ерекшелігі, жүк жөнелтушілер ғаламтор арқылы тасымалдауды жоспарлап, оған тапсырыс береді және тасымалдау құжаттарын ресімдеп, тасымалдаудың тарифтік көрсеткішін алдын ала есептеуге мүмкіндік алады. Әсіресе бұл бізбен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін өте қолайлы болып отыр. Мұның бір тиімділігі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу болса, екінші жағынан мекеме мен кәсіпкер арасындағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда бұл жүйе арқылы тапсырыс берушілер қатары артып, кәсіпкерлер үйлерінде отырып-ақ шаруаларын электронды жүйе арқылы оңай шешуде. Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты барлығы 32 жүк тасымалдайтын станса бар. Олардың барлығы автоматтандырылған «Келісім және коммерциялық жұмыстары» басқару жүйесіне қосылған.
Біздің бүгінгі таңда алға қойып отырған стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жету үшін Елбасы ең төменгі жалақыны өсіру, бизнестің жол картасын жалғастыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтеріне арналған тарифтерде тәртіп орнату шаралары мен табыстың өсуінің тұрақтылығына ықпал етуді өзінің биылғы Жолдауының басты тезистері етіп алып отыр. Білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражат көлемін арттыру, учаскелік медицина қызметкерлерінің жекелеген санаттарына еңбекақыны көтеру, саламатты өмір салтын дамыту, халықты сапасыз тауарлар мен қызметтерден қорғау – бұлар, сөз жоқ, ел тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі сенімді қадамдар.
Дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген өркениетті озық елдері өз халқын әлеуметтік қолдаудан шектеп қойған тұста, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес сол бір қиындықтарға қарамастан Қазақстанда бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақылары, жалпылай алғанда халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін зейнетақы мен төлемдер арттырылып отырды. Мемлекет басшысы биыл ең төменгі жалақының мөлшерін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл арқылы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен 1,3 миллион қазақстандықтың кірісі көбейеді. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өспек. Халық табысын арттыру мақсатында алдағы екі жылда 96 миллиард теңге бөлінбек. Бұл – мемлекеттің ауқымды қолдауының бір парасы ғана.
Бүгінгі бәсекелестік ортада біздің компаниямыздың да жұмысшылары жұмысына қарай лайықты жалақымен қамтылып отыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлеріміздің еңбекақылары 10 пайызға өсті. Ал алдағы 2019 жылға олардың жалақысын тағы да көтеру мәселесі қаралу үстінде. Жалпы алғанда елімізде орта жалақы мөлшері 157 мың теңге болса, бізде ол 172 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ компания 2017 жылдан бастап экономикалық үнем қорының есебінен өз тәжірибесінде сыйақы беру тәсілін қолға алған болатын. Яғни ол сыйақыны жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткен бөлім қызметкерлері иеленуде. Бұл мақсатта мекеме тарапынан жүк тасымалы бөлімдеріне өткен жылы сыйақы ретінде 671,2 миллион теңге берілген. Ал үстіміздегі жылы оның көлемі 872 миллион теңгені құрап, транспорт қызметкерлері күні мен Тәуелсіздік мерекесіне орай сыйақы ретінде беріліп келеді.
Темір жол саласының үздіктері ешқашан да ескерусіз қалған емес. Мемлекеттік және кәсіби мереке күндері темір жол саласына қосқан үлесі үшін мекеме қызметкерлері мемлекеттік наградалармен, төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен марапатталып отырады. Биыл 2391 қызметкерді түрлі мемлекеттік наградалармен марапаттау жоспарланып, бұл іс өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға артық орындалды.
Қысқасы, Жолдау әрбірімізге зор жауапкершілікті жүктеп отыр. Оны барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы десек те болғандай. Бүгінгі күні алға қойылып отырған ең басты міндет, ол – Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру және оның жүзеге асырылу барысына қоғамдық тұрғыда атсалысу. Бұл жұмысты абыроймен атқарып шығатынымызға сенемін. Ең бастысы, қай-қай еңбек ұжымында болсын ауызбіршілік, бірлік пен ынтымақ болуы керек. Елбасы айтқандай, бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз!

Үмітбек РЫСБЕКОВ,
Қазақстан темір жолы Жамбыл бөлімшесі директорының бірінші орынбасары.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support