- Advertisement -

«Тараз» арулары қарсылас шыдатар емес

46

- Advertisement -

Волейболдан әйелдер арасындағы жоғары лига ойындарында «Тараз» волейбол клубының арулары өздерінің шын мықты екендіктерін әйгілеп келеді. Соңғы ойындарда 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп жүрген жамбылдық волейболшы қыздар жеңісті жорықтарын жалғастырды.
Екінші кезеңнің бірінші айналымы мәресіне жетті. Шымкент қаласында өткен дауы басым додада «Тараз» волейбол клубының қыздары барлық қарсыластарынан басым түсіп, көш тізгінін қолға алды.
Бірінші ойында «Қостанай» командасымен кездескен біздің арулар қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Бірінші сетті 25:14 есебімен аяқтаған жерлестеріміз екінші және үшінші кезеңде 25:22 есебімен жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп 3:0. «Тараздың» пайдасында.
Екінші ойында Оралдың «Грация-KZ» командасына қарсы ойнаған «Тараз» волейболшылары шын мықтыға тұсау болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп, 3:1 есебімен айласын асырды.
Жарыстың үшінші күнінде жергілікті волейболшылармен кездескен жамбылдықтар «қазығұрттықтарды» 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, жанкүйерлерін қуанта білді. Осылайша «Тараз» волейболшылары дәстүрді бұзбады.
Екінші турда өткен үш ойында бір ғана сетте есе жіберген «Тараз» волейболшыларының ойынына сүйсінбегендер кемде-кем. Нәтижесінде біздің қыздар турдың жеңімпазы атанды.
Жалпы алғанда да «Тараз» ойыншылары керемет нәтижелерімен қуантып отыр. Осыған дейін өткізген барлық ойындарда қарсыластарын тас-талқан етіп ұтқан «Тараз» ойыншылары турнир кестесінде бірінші орынға мығым жайғасқан. Екінші орынға орналасқан «Грация-KZ» командасы жамбылдық клубтан 11 ұпай қалып отыр.
Аз ғана уақыт ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген «Тараз» әйелдер волейбол клубының аяқ алысы баршамызды қуантады. Жоғары лигада жасындай жарқырап жүрген аруларымыздың алар асуы биік екені сөзсіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support