- Advertisement -

Батыр Жүкембаевпен жұдырықтаспайтын болды

31

- Advertisement -

Кәсіпқой бокста атой салып жүрген Шу ауданының тумасы Батыр Жүкембаевтан көптеген боксшылардың қаймығатыны жасырын емес. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Шаршы алаңда 14 шайқас өткізіп, барлығында қарсыластарынан айласын асырған Батырдың жойқын соққылары талай боксшыны ойландырып тастағаны анық. Бұған дәлел – бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі канадалық Матье Жерменнің басқа қарсыласты таңдауы.
Қазіргі кезге дейін 16 кездесу өткізіп, барлығында жеңімпаз атанған канадалық боксшы алдағы жылдың басында Батыр Жүкембаевпен шаршы алаңға шығуы тиіс болған. Жермен IBF тұжырымы бойынша Солтүстік Американың чемпионы саналады. Алайда Матье Жермен бұл кездесуден бас тартқан сыңайлы. Соңғы деректерге сенсек, канадалық саңлақ өз отандасы Стив Клэглетпен 10 раундтық шайқасқа шығатын көрінеді. Жекпе-жек 26 қаңтарға жоспарланған.
Бұған дейін Батыр Жүкембаев пен Матье Жермен арасындағы өтуі мүмкін кездесу жайлы пікір білдірген екі боксшының промоутері Камилл Эстефан қарсылық танытқан еді. Шынтуайтына келсек, канадалық пен қазақ боксшысы арасында кім мықтыны анықтау түк те қиын емес. Өйткені екеуі де бір промоутерлік ұйыммен келісімшарт жасасқан былғары қолғап шеберлері. Екеуі де жеңілістің ащы дәмін татпаған оғландар. Бірақ бұл шайқас өткен жағдайда Батырдың жеңіске жету мүмкіндігі мол. Сондықтан да Камилл Эстефан канадалық боксшыны қорғаштап отырғаны жасырын емес.
Сонымен Матье Жермен 5 мәрте жеңілген боксшымен жұдырық­тасқанды жөн көріп отыр. Канадалық боксшы он алты кездесуінің сегізін мерзімінен бұрын аяқтапты. Ал біздің Батыр болса он төрт жекпе-жектің он екісінде қарсылас­тарын мерзімінен бұрын жеңе білген.
Әлбетте, жанкүйерлер үшін Жүкембаев – Жермен кездесуі қызық болатын еді. Бұл екі боксшы түптің-түбінде шаршы алаңда жұдырықтасуы әбден мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кәсіпқой бокс – бизнес. Қос саңлақтың промоутері екеуінің шайқасын кейінге шегеріп отыруы да мүмкін. Өйткені мықты боксшыларды жеңген сайын былғары қолғап шеберлерінің танымалдығы артып, өз кезегінде бизнес-империяға айнала түсетіндігі о баста-ақ дәлелденіп қойған. Біздіңше Батыр талай мықтыны жеңе алатын қабілеті бар. Ал Матье Жермен ше? Жерменге қатысты мұндай ойды нақты айта алмаймыз. Өйткені Жерменнің шеберлігі алысқа баратын боксшыға ұқсамай тұрған жайы бар. Сондықтан да екі боксшы арасындағы жекпе-жекті дер кезінде өткізіп жіберген жөн болар ма еді? Кім білсін…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support