- Advertisement -

Тәуелсіздік Туын желбіреткен тарландар

203

- Advertisement -

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Жамбыл жері – нағыз спорт саңлақтарының отаны. Шарболаттай ширыққан жампоздарымыз талай байрақты бәсекелерде атой салып, топ жарғаны баршамызға мәлім. Кеңестік кезеңдегі грек-рим күресінің шебері, феномен, ұлт тұлғасы Жақсылық Үшкемпіров, боксшы Серік Қонақбаев, футболшы Евгений Яровенконы айтпағанның өзінде, Тәуелсіздік жылдарында Олимпиада ойындары мен Әлем және Азия чемпионаттарында атой салып, тәуелсіздігіміздің көк туын көкте желбіреткен тарланбоздарымыздың есім-сойы бір кітапқа жүк боларлықтай.
Иә, Атлантада қола медаль иеленген соң тоқтап, тоқырап қалмай, Сиднейдегі Олимпиада бәсекесінде алтыннан алқа тағынған Ермахан Ыбырайымов, екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, Афиныда ел қоржынына жалғыз алтынды салып қана қоймай, Баркер кубогін иеленген Бақтияр Артаев, Атлантада қола медальды мойнына ілген Болат Ниязымбетов, сары құрлықта топ жарған Бақтияр Тілегенов, кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаев, жаһандық доданың қола медалін қоржынға салған Ғани Жайлауов, әлем және Азия чемпионы Олжас Сәттібаев, арулар арасында кәсіпқой бокстан алғашқы болып әлем чемпионы белбеуін иемденген Фируза Шарипова, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов, әлем біріншілігінде күмістен алқа тағынған жас пері Әбілхан Аманқұл секілді боксшыларымыздың есімін жұртшылық зор мақтанышпен айтады. Біз аты аталған сайыпқырандарымыздың негізгі жетістіктерін ғана айтып отырмыз. Бұлар тек – боксшыларымыз ғана.
Паралимпиада ойындарында жүзуден алдына жан салмай топ жарған Зүлфия Ғабидуллинаның ерлігі – көпке үлгі. Дздо күресінен Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанып, әлем чемпионы, Азия чемпионы секілді спортшы армандаған биіктердің бәрін бағындырған Елдос Сметовтің мықтылығын тек Қазақстан ғана емес, әлем елдері мойындаған. Елдостың жолын Азия ойындарында күміс медаль иеленген Азиз Қалқаманұлы жалғаса, шіркін!
Бозкілемде еркін күрестен еркін ойқастаған Ислам Байрамуков Сиднейде күміс медаль иеленгенде жұрты төбесіне көтергені күні кеше сияқты еді… Жазғы Азия ойындарында каратэ-додан қарсылас шыдатпаған Гузалия Гафурованың ендігі арманы – Олимпиада ойындарында атой салу. Өйткені ол шұғылданатын спорт түрі Токио Олимпиадасының бағдарламасына енді. Гузалияның бапкері Дулатбек Құсбеков те осалдардың санатынан емес. Ол – 2005 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері.
Таэквондодан Азия ойындарында қола жүлде иеленген Руслан Жапаровтың ізбасарлары жарқырап шығатын күн де алыс емес шығар.
Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алған Тахир Мамашаевтың соңына ілескендер де жетерлік. Олардың қатарына Азия чемпионы Светлана Голендованы жатқызуға болады.
Жамбыл – армреслинг шеберлерінің үлкен ауылы. Дмитрий Трубин бастаған сом білекті жігіттеріміз бен аруларымыздың тізімін жазсақ, тоқтай алмай қалармыз. Өйткені Тараз төрінде ондаған әлем чемпиондары тұрады. Спорттық акробатикадан Азия чемпионы атағына қол жеткізген Оксана Борисюктің жеңісті жолы да жастар алдындағы бағдаршам іспетті.
Түйіп айтсақ, Жамбылдан шығып, жаһанға танылған саңлақтарымыз – біздің ғана емес, еліміздің мақтаныштары. Қазақ күресі, ат спорты, кикбоксинг, самбо секілді өзге де спорт түрлерінен жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Олардың бәрін тізіп жазсақ, бір кітапқа жүк болатыны анық. Талай байрақты бәсекелерде қатарынан оза шауып бәйге алған жампоздарымыздың ізін жалғаған жас перілер де жетіп артылады. Олардың да алға қойған мақсаттары зор. Мүмкін болса Олимпиада чемпионы атануды көздейтіндері белгілі. Ендеше, Жамбылда дүние есігін ашып, әлемді мойындатқан тұлғаларымыз көп болсын! Жеңісті күндеріміз таусылмасын!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support