- Advertisement -

Қоғам мүддесін қорғау мақсатында

47

- Advertisement -

Демократиялық құндылықтардың сол елде қалай бағаланатының басты өлшемі – мемлекеттік саясаттың ашықтығының сақталуы, билік органдарының азаматтармен кері байланыс орнағаны. Халық мемлекеттегі барлық саяси-әлеуметтік үдерістерге белсенді қатысуы тиіс. Сонда ғана өзара сенім орнығып, іс алға басады. Елбасының қазақстандық қоғамның дамуына негіз болған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын ұсынғаны да сондықтан. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолдарымен қатар, есеп беретін мемлекет қалыптастырудың негізгі бағыттары айқындалған. «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының 99-қадамында Президент мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерімен мен мәртебесін заңмен бекітудің ел үшін маңызды шешімдерді қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ететінін атап көрсеткен.

Бүгінде Елбасы тапсырмасына сай түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер өңірдегі стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларының қалай орындалып жатқанына, бюджеттердің игерілуіне, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізудің нәтижелеріне талдау жасап, бақылау өкілетігіне ие болып отыр. Қоғамдық ұйым азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер және бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылап, қажет жағдайда тиісті ұсынымдар бере алады. Мәселен, Тараз қалалық қоғамдық кеңесі 3 жылда қала әкімдігінің әркезде қабылдаған ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жер қатынастары, білім және мәдениет, сәулет, қала құрылысы, жолаушылар көлігі, энергетика жөніндегі 13-тен астам нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобаларын талқылап, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылған соң ғана әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберген.
Тіпті Қоғамдық кеңес туралы заңның 19-бабының 3-тармақшасына сәйкес кеңес мүшелері алдын ала қала әкімдігі жанындағы комиссия құрамына енгізіліп, құжаттарды дайындау кезінде-ақ кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отыр. Әрине, кеңес тарапынан берілетін ұсынымдардың барлығында тұрғындардың пікірі ескеріледі. Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Қаржаубай Бекболатовтың айтуынша, жыл ішінде кеңес мүшелері қаладағы 11 аумақтық әкімдікте тараздықтармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін жазып алған. Осылайша жиындарда көпшілік көтерген көкейкесті мәселелерге билік органдарының назарын аударып, әлеуметтік проблемалардың шешімін табуына ықпал етіпті. Бұл өз кезегінде қоғамдық кеңестің беделін арттырып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін жағдайлардың алдын алуда да белсенді. Мысалы, Тараз қаласындағы жұмыспен қамту, құрылыс жұмыстарына қатысты жіберілген кемшіліктер қоғамдық кеңес президиуымында қаралып, онда көтерілген проблемалардың әрқайсысы бойынша ұсынымдар әзірлеп, жауапты бөлімдерге, басқармаларға жолдаған. Кемшілікті жоюдың нақты мерзімдерін де белгілеп берген.
Кеңесте құрылған комиссия азаматтардың жеке және ортақ мәселелеріне қарай сараптама жүргізіп отырады. Қоғамдық қабылдау өткізуді де дағдыға айналдырған. Осындай шаралардан кейін көтерілген мәселелер сараланып, маңыздылары атқарушы билік назарына ұсынылады екен. Есепті кезеңде қоғамдық кеңес сондай түйткілдердің бірін шешуге атсалысқан. Атап айтсақ, «Барысхан» тұрғын алқабының тұрғындарынан трансформатордың қосалқы стансасын орнату туралы өтініш түседі. Кеңестің ұсынымынан кейін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қаралып, трансформатор пайдалануға берілген.
Бүгінде Қоғамдық кеңес мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылап, қоғамдық бақылаушының рөлін атқарып отыр. Себебі қоғам мүддесін қорғайтын кеңестердің сондай өкілеттігі бар.

Ардақ Үсейінова

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support