- Advertisement -

Туристік сайт қызметі тегін көрсетілмек

77

- Advertisement -

Жамбыл жері – туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі. Өңіріміздегі көнеден сыр шертетін тарихқа бай нысандар, қолайлы климат және сауда-саттық саласы осыған негіз бола алады. Алайда аймағымызға атбасын бұрған туристердің көмекшісіне айналуы тиіс «Taraz tour» сайтының жұмысы бүгінде көңіл көншітпейді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында Жамбыл туристік индустрия қауымдастығы, ішкі және келу туризмі қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста айтылды.
«Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығымен бірлесе құрылған аталған сайт әу баста-ақ қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істеуі керек болатын. Бірақ шетелдік меймандарға қызмет көрсетуге тиіс сайттың жұмысы жергілікті туризм саласының өкілдері көңілінен шықпай отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев бюджет есебінен ашылған туристік сайттың дұрыс әрі үздіксіз жұмыс істеуіне палата мамандары қажетті көмекті тегін ұсына алатынын, сайт жұмысының жандандырылуы қажеттігін жеткізді.
– Мемлекет басшысы кез келген өңір үшін ең перспективалы табыс көздерінің бірі – отандық туризм екенін айтып, оны ары қарай дамыту керектігін жүктеді. Бұл табысты салаға бүгінде қолдау да еселенген. Жамбыл облысы шетелдік меймандар үшін туристік бағыт ретінде танылуына қажетті жағдай жасауымыз қажет. Туристке ең бірінші керегі – ақпарат. Маршруттар, туристік нысандар, өлкенің тарихи ескерткіш орындары мен көрнекі жерлері туралы ақпаратқа қол жеткізуде кедергіге тап болмауы керек, – деді ол.
Ал облыс әкімдігі туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Хажы сайттың жай- күйі қазіргі таңда пысықталу үстінде екенін тілге тиек етіп, техникалық ерекшелікке сәйкес туристік сайтты сапалық тұрғыда жаңарту іс-шаралары жүргізіледі деп сендірді. Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының төрайымы Валерия Батуева айрықша туристік әлеуетке ие өңірімізде саланы танымал ету мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып тұратынына тоқталды.
– Мәселен, өңірімізде қалың жұртшылық өкілдерінің басын қосқан «Aspara fashion week», «Food tourism 2018» іс-шаралары жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды уақтылы және сапалы өткізу мақсатында, конкурстық құжаттаманы дайындау кезінде ұсыныстар енгізу үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Жамбыл туристік индустрия қауымдастығын алдын ала хабардар ету қажет, – деді В.Батуева.
– Жиын барысында сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне енетін «Баласағұн» қалашығы мен «Шәушен» кешені туристік нысандарының инфрақұрылымы мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда қос нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бар. «Шәушен» кешеніне салынатын автожол құрылысын қаржыландыру тізбесін облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде шешу ұсынылған екен. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігі туризм басқармасымен бірлесіп «Баласағұн» қалашығына ЮНЕСКО басшылығы мен құрылымдары арқылы автожол салу мәселесін қолға алмақ.

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support