- Advertisement -

Асыраушы салаға айрықша қолдау қажет

37

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, бағдарламалық мақалаларында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жағдайын жақсарту мәселелерін ұдайы көтерумен келеді. Осы орайда қолға алынған нақты іс-шаралардың бірі – Елбасының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында атап көрсетіп, әрекет ету мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды тапсырған «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы. Оның жүзеге асырылуына ендігі жерде жыл сайын 30 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінетін болады. Осы орайда Мемлекет басшысы «Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деп алға асқаралы міндет қойып отыр.

Елімізде 2021 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы екі жылдан бері жүзеге асырылу үстінде. Бұл ретте оңды іс, алға ілгерілеу бар деп ойлаймын. Биыл өңіріміздегі ауыл шаруашылығы дамытылуы ісінде қол жеткізілген жетістіктеріміз де жаман емес. Бізде мал басы өсуде, егістік алқаптарының көлемі ұлғайтылуда. Жамбылдық егіншілер ақ егістен жақсы өнім жинап алды. Алайда фермерлік шаруашылықтарда бірқатар мәселелер әлі де оң шешімін таппай отыр, ауылдық тауар өндірушілер қиындықтарды жеке өз күштерімен еңсеру үстінде.
Мысалы, АӨК-ін дамыту бағдарламасының өзін алайық. Бастапқыда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға, содан кейін зәкірлік кооперацияларды дамытуға басымдық берілді. Бұл екі бағыттың да елімізде 2016 жылдан бері қолданыстағы ҚР «Кооперация туралы» Заңына қатысы бар. Дәл осы кезең ішінде елімізде ет, сүт өндіру, басқа да бағыттардағы ауыл шаруашылығы кооперативтері құрыла бастады. Уақ шаруа қожалықтары мен жеке аулалық шаруашылықтар басшылары өзара бірігуге шақырылып, оларға түрлі қолдаулар мен жеңілдіктер жасалынатыны уәде етілді. Сол тұста бір ғана Байзақ ауданының өзінде 50-ге жуық кооператив құрылды, қазіргі уақытта олардың бес-алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Қалғандары өз қызметтерін ұйымдастыра алмады, өйткені оларға дер кезінде қаржылай қолдау болмады. Жамбыл ауданында құрылған 19 ауыл шаруашылығы кооперативінің бүгінде біреуі ғана қиындықтарға төтеп беруде. Мұндай көріністерді барлық аудандардан да көруге болады. Бұл істің барлығы да ауыл шаруашылығы кооперативтерін несиелендіру тәртібінің өзгеруіне байланысты болып отыр. Мұндай жағдайда шаруаларды текке әбігершілікке салу не үшін керек болды? Түсініксіз. Нәтижесінде ірі ауылдық тауар өндірушілер ғана табысты жұмыс істеуде, ал уақ шаруашылықтар қиындыққа тап болып отыр. Өңірімізде қазіргі уақытта 17 мыңнан астам шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар тіркелген. Меніңше, олардың барлығын қолдау үшін де бірдей жағдай жасалуға тиіс.
Мұның тек несиелендіруге ғана емес, субсидияландыруға да қатысы бар. Бұл орайда субсидиялау туралы ереженің жыл сайын ауыстырылуынан күрделі жағдай қалыптасып отыр. Былтыр Парламентте бір ереже қабылданып, бекітіліп үлгермей жатып, оған сол сәтінде өзгертулер енгізілді. Ал шаруалар өздері үшін ұсынылған бағыттарда жұмыс істеуді бастап та қойды. Алайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӨК саласындағы субсидиялау тәртібі түбегейлі өзгертілетін болады. Айта кету керек, оны биылғы жылдың өзінде енгізу көзделген еді, тек Қазақстан фермерлер одағының араласуымен бұлай жасалуына жол берілмеді. Осы бағытта егістік алқаптарында аянбай тер төккен фермерлер де еңбектеріне лайықты субсидиялар алуға тиіс қой. Облыстық, аудандық деңгейдегі жиындарда фермерлердің неге өздері «екінші сортты» адамдар ретінде қарастырылатынына реніш білдіретіндері де бар. Рас, олар саясаткерлер емес, көбінесе өздерінің адал, шынайы пікірлерімен бөлісіп жатады. Міне, осы қарапайым еңбек адамдары субсидиялау туралы жаңадан қабылданған ережені ең болмаса бес-жеті жыл нақты қолданыста болуы үшін тиісті заңмен немесе жарлықпен бекітуді де ұсынды. Сонда ғана агроөнеркәсіптік кешеніміз аяғына нық тұрып, нығая алатын болады. Ал әзірге бұл салада шеті-шегі жоқ реформалар мен эксперименттер жүргізіле берсе, жұмыста ешқандай да жүйе, тәртіп болмайды. Шын мәнінде біздің облысымыздың өзінде фермерлер мал және егін шаруашылықтары, жайылымдықтарды игеру бойынша үш миллиард теңгенің субсидияларын толық ала алмауда. Бұл орасан зор сома! Бұл жерде фермерлердің еш кінәсі жоқ. Олар өздеріне тиесілі жұмыстарды ойдағыдай атқарды, мал өсірді, жер өңдеді, ұңғымалы құдықтар қазды. Ал бұл бағытта оларға тиесілі субсидиялар берілуінен бір демде-ақ бас тартылды.
Айта кету керек, бүгінде фермерлердің өндірген өнімдерінің өткерілуі мәселесінде де шешімін күткен шаруалар баршылық. Меніңше, фермерлер тек мал мен егін өсірумен ғана айналысуға тиіс. Ал нақты өмірде олай болып отырған жоқ. Шаруашылық өнім өндірумен ғана шектелмейді, оның өткерілуі жолдарын іздестіруді де өздері жүзеге асырады. Осы тұрғыда фермерлер одағының жетекшісі ретінде осы мәселеге байланысты облыс басшыларына жиі қайырылуыма да тура келеді. Бізде ауыл шаруашылығы басқармасы, қаржы да бар, «Тараз» ӘКК жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өткерілуі үшін жағдай жасау мәселесі солардың міндеттеріне кіреді. Біз де бұл мәселені ұдайы көтерумен келеміз. Мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетілуі керек қой. Бағаға, сатып алу жағдайына және көкөністер мен жеміс-жидектерді сақтауға байланысты. Ал қазір біз еңбекпен өндірген өнімдеріміздің өте арзан бағамен өткеріліп жатқанын көріп отырмыз. Оның үстіне жанармайдың литрін бір кило бидай құнынан төрт есе қымбатқа сатып аламыз. Бұдан соң ауылда ешкімнің де жұмыс істегісі келмейтініне таңдануға да болмас. Фермерлер қазірдің өзінде кадр тапшылығы мәселесімен бет-бет келіп отыр. Қарапайым ауыл шаруашылығы мамандары, тракторшылар, малшылар, сауыншылар, мал дәрігерлері мен агрономдар іздесең таптырмауға айналып барады. Жағдайды түзеу үшін азаматтарды бұл мамандықтар бойынша ауылда жұмыс істеуге мемлекеттік ауқымда баруға қызықтыру керек-ақ. Ал бізде бәрі де керісінше болуда.
Бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Әрине, бәрі де айтуға ғана оңай. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы Қазақ ұлттық аграрлық универсиеті профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттермен кездесуі кезінде «Біздің бәріміз де ауылда туып өскенбіз. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының 40-45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылды дамыту үшін бүгінде Үкімет тарапынан мол қаражат бөлінуде» деп айтқан еді. Сондай-ақ отандық экономика саласы үшін мамандар даярлау үшін де қаржы бөлінуде. Алайда ширек ғасыр ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 70 мыңнан астам қазақсандық жастар шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып, олардың 70-і ғана ауыл шаруашылығы мамандықтарын алды. Мұны аграрлық кешенге көзқарасымыздың көрсеткіші деп санауға болар, әрі біраз ойға да қалдырады. Қоғамда адамның еңбекке құрметпен қарауын қалыптастыру керек-ақ.
Мына сіз таңертеңгілікте асханаңыздағы теледидарды қостыңыз делік, сонда экраннан кімдерді көресіз? Әрине, эстрада жұлдыздарын. Ал соңғы рет қашан телеарна арқылы қарапайым механизатор немесе сауыншы туралы айтылғанын есіңізге түсіріп көріңізші. Осы ретте елдің бәрінің де әнші және тележүргізуші болғысы келетініне еш таңдануға да болмас. Міне, содан да жалпы еңбекке деген көзқарас төмен, фермер болу да ең тиімді деп саналмайды. Осымен байланысты облыс кәсіпкерлерін қолдау мәселесі бойынша өткен бір жиын үстінде аграршылар жөнінде айта келіп, АҚШ-тың 22-нші президенті Франклин Рузвельттің «Егер фермер бүгін өлсе, ертеңіне бәріміз де өлеміз» деген сөзін еске салып өткенім бар. Бұл сөз қазіргі таңда біз үшін қашанғыдан да маңызды.
Біз биік мінберлерден бізде бәрі де жақсы екені, аграршыларды қолдауға қанша қаржы бөлінгені, бізде қандай жақсы өнім жиналып алынғаны жөніндегі көтеріңкі есептерді екі күннің бірінде естіп жүрміз. Ал бұл уақыт ішінде, бүгінгі күні отандық агроөнеркәсіп кешені әлі де тоқсаныншы жылдардың деңгейіне де көтеріле алып жатқан жоқ қой. Сондықтан еңбек адамдарымен қарым-қатынастарымызды қайта қарауға және ойлануға тиіспіз. Мұның мемлекетіміз бақуатты болуына тікелей қатысы да бар.

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support