- Advertisement -

Алда атқарылар ауқымды істер тұр

132

- Advertisement -

Мемлекет басшысының күні кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында алға қойылған басты мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, еліміздің орнықты дамуын одан әрі қарай жалғастыру арқылы әлемдегі дамыған 30 елдің санатына қосылу екені баршаға мәлім. Ал бұл міндетті жүзеге асыру ең алдымен халықтың табысының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына да байланысты. Жолдауда «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі» де ерекше атап көрсетілген. Шын мәнінде де асыраушы сала ісінің жүйеленуі үшін елімізге, оның ішінде өңірімізге де мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау өте-мөте өзекті. Осы ретте тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген баянды да түбегейлі табыстарымыз елімізді жаңа бір серпіліске, әлемдік өркениеттің тағы бір жоғары сатысына көтерілуге шақырып тұр.
Жалпы еліміз егемендік алып, мемлекеттік шекарасын белгілеу кезеңдерінің алғашқы жылдарында-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезек күттірмес мәселенің бірі ретінде күн тәртібінде өткір қойылғаны белгілі. Ал агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі салаларының бірі болғандықтан, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, қоғамдық-саяси тұрақтылығы да осы саланың дамуымен тікелей байланысты еді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік нарыққа шығару үшін біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болуға тиіс болды. Онсыз табыс болмайтыны, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері импорттың аранына жұтылып кете барары анық. Сондықтан да жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселесіне айрықша мән беріліп, ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме құру қажеттігі туындаған-ды. Ал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тікелей ауыл шаруашылығымен байланысты екендігі белгілі. Сол себепті де ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 24 қыркүйектегі №1451 қаулысымен Ауыл шаруашылығы министрлігінің уәкілетті органы – аудандық аумақтық құрылымдық бөлімшелері, мемлекеттік шекараның өткізу пункттерінде орналасқан ветеринариялық-фитосанитариялық бекеттері бар облыстық аумақтық басқармалар құрылған болатын. Аталған мекемелерді құруда ветеринариялық қадағалау мен өсімдік қорғау және өсімдіктер карантині саласында қадағалау-бақылау жұмыстарын жетілдіре отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымы мен астық өнімдері сапасын қадағалау және өзіміздің климатқа жерсінген мал тұқымын асылдандыру, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғыртуды бір жүйеге келтіру міндеттері көзделді.
Қысқа қайырып айтқанда, бұл – ауыл шаруашылығы саласының егіншілік секторы дамытылуы мәселесіне біздің де тікелей қатысымыз бар деген сөз. Осы орайда облысымыздың табиғаты ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдерінің дамып, таралып өсуіне қолайлы жағдайда екенін айта кетуіміз керек. Ал өсімдіктердің зиянды организмдеріне фитосанитарлық іс-шараларды дер кезінде әрі сапалы жүргізбесе, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарынан алынатын өнімнің 30-40 пайызы ысырап етіліп, сапасының төмендеуіне әсер ететіні белгілі. Облыс аумағында 18294 агроқұрылым мен шаруа қожалығы тіркелген. Аталған құрылымдарға 81 зиянкестер, 75 өсімдік аурулары, 108 арамшөптер түрлерінің залал келтіруі ықтималдығы байқалуда. Сондай-ақ 10 түрлі ерекше қауіпті зиянды организмдерден, оның ішінде сарышұнақ, кеміргіш тышқан, марокко, итальян, азиялық шегірткелер, зиянды бақашық қандаласы, колорадо қоңызы, өрмекші кене, мақта көбелегі секілді 9 зиянкес түрінен және дәнді дақылдардың тат, септориоз ауруларынан келетін орасан зор қауіп бар. Облыс аудандарының тұрақты шаруашылықтарында ауыл шаруашылығы дақылдарында кездесетін зиянкестердің барлық түрлеріне фенологиялық бақылау жылма-жыл жүргізіліп те келеді. Зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес өнім өндірушілерге дер кезінде хабарламалар да беріліп отырады.
Облыс бойынша биыл үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 345 270 гектар алқапта жүргізілді. Осынау фитосанитариялық іс-шаралар тиімді де сапалы жүзеге асырылуының нәтижесінде, зиянды организмдердің ауыл шарушылығы дақылдарына айтарлықтай зияны тие қойған жоқ. Сонымен қатар облыс көлемінде 2018 жылы шектеулі деңгейде таралған және анықталмаған, бірақ карантиндік маңызы бар 17 нысанға әдістемелік-болжамдау орталығының мамандары тарапынан мониторингтік тексеру жұмыстары жүргізілгенін де айта кеткен жөн. Бірқатар карантиндік нысандарға қарсы республикалық бюджет есебінен қаржы толық бөлінбеуіне байланысты 252 гектар жер көлеміне ғана химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ал қалған 8975 гектарға өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар нұсқама беру арқылы оқшаулау, жою жұмыстарының жүргізілуін бақылап, қадағалап отырды.
Сонымен қатар биылғы жылы «РФДжБӘО» облыстық филиалының мәліметі бойынша, Жуалы, Қордай аудандарында карантиндік нысан – картоптың алтын түсті жұмырқұртына қарсы мониторингтік тексеру жұмыстарына жоспарланған 1051 гектар жер көлеміне үстіміздегі жылдың 22 маусымы күні анықтап-зерттеу жұмыстары басталды. Әдістемелік-болжамдау орталығы мамандарының анықтап-тексеру жұмыстарының барысында Жуалы ауданындағы Ақтөбе, Ақсай ауылдық округтерінің картоп, қызылша, күнбағыс дақылдары егілген алқаптары топырағынан күдікті сынамалар алынып, нәтижесінде «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» Жамбыл аймақтық карантиндік зертханасына жіберілген сынамалардан сараптама куәлігі негізінде 223,6 гектар алқаптан картоптың алтын түсті жұмырқұрты анықталды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына карантиндік режім енгізе отырып, Жуалы ауданының кейбір ауылдық округтерінде карантиндік аймақ белгілеу туралы ұсыныс хат жолданып, ол ұсыныс толығымен қанағаттандырылды. Біздің мекемеміз өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде өндірілер өнімдердің жаһандық бәсекеге қабілетті әрі сапалы болуы ісіне, осылай өзіндік қомақты үлесін де қосуда.
Біздің даламыз кең-байтақ, құнарлы егістік, шұрайлы шабындық, жайылымдық жерлеріміз де жетерліктей. Оның ел игілігін де көретін болады, көріп те жатыр. Ел еңбеккерлерінің «Қазақстан -2050» Стратегиясын тиісті деңгейінде жүзеге асыру барысында қайта өңделген сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан, сөз жоқ, орасан зор пайда табатыны анық. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешуге де еліміз өте зор үлес қоса алады. Қазірдің өзінде Қазақстан астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына еніп отыр. Бірегей экологиялық таза тағам өнімдерін шығаруға мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де әбден жетеді. Ол үшін ауыл шаруашылығын ауқымды түрде жаңғырту қажет-ақ. Агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған асқаралы міндеттер бізді соған үндейді. Бұл іске облыстық аумақтық инспекция мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері біркісідей жұмылып, аянбай еңбек ете беретін болады.

Нұрби ЖІГІТЕКОВ,
ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support