- Advertisement -

Жаңабаевтың жаңа белесі

56

- Advertisement -

Жамбылдық боксшы чемпиондық белбеуге таласады

Байзақ ауданына қарасты Қызыл Жұлдыз ауылының тумасы, жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев 23 желтоқсан күні кәсіпқой рингтегі өзінің алтыншы жекпе-жегін өткізеді. Дереккөздерге сенсек, жамбылдық боксшы алтыншы шайқасында WBC Asia белбеуіне таласатын көрінеді. Бұл, әрине, бокс жанкүйерлері үшін тамаша жаңалық екені талас тудырмайды. «23 желтоқсан күні Нұрсұлтан Жаңабаев WBC Asia аймақтың белбеуі үшін жекпе-жекке шығады. Мен үшін тағы да бір үлкен жұмыс басталып жатыр. Жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз», – дейді боксшының бапкері Сағатбек Мұсаханов алдағы шайқас туралы мәлімдеме жасап.
Әзірге Нұрсұлтан Жаңабаевтың кімге қарсы шаршы алаңға шығатыны беймәлім болып тұр. Қарсылас алдағы бірнеше күннің бедерінде анықталмақ. Жерлесіміз кәсіпқой бокстағы мансабын Қытайда бастаған болатын. Ә дегеннен 12 раундық шайқасқа шығып, қытайлық боксшыны жеңген ол WBA тұжырымы бойынша аталмыш елдің чемпионы атағына қол жеткізген-ді.
Кәсіби мансабын бірінші орта салмақ дәрежесінде бастаған ол алғашқы төрт кездесуден кейін жартылай орта салмаққа ауысуды жөн деп тапты. 2017 жылы елімізде бірінші рет шайқасқа шыққан жерлесіміз соңғы екі жекпе-жегін Ресей Федерациясында өткізіп, жеңістің туын желбіретті. Жанкүйерлерін қуантты. Енді тағы да Ресей төрінде шаршы алаңға көтерілмек.
Жартылай орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасуды мақұл көрген Нұрсұлтанның арманы да асқақ. «Қазақстандықтар Майқұдық десе, Геннадий Головкинді еске алып жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Болашақта жұртшылық мен арқылы Қызыл Жұлдызды таныса деймін. Жалпы, елімнің, облысымның атын шығару үшін бар күшімді сарқа жұмсауға әзірмін. Мақсатқа жету үшін талмай тер төгемін. Алда үлкен жекпе-жектер өтетініне бек сенімдімін. Арманым – болашақта мексикалық Сауль Альвареске қарсы шаршы алаңға шығу. Кіммен қолғап түйістірсем де қазақ елінің байрағын көкте желбірету парызым», – деген болатын Нұрсұлтан бізге берген сұхбатында.
Нұрсұлтан Жаңабаевтың кәсіпқой бокста болашағы зор екеніне біз де сенеміз. Бұған дейін өткізген 5 жекпе-жегінің төртеуін мерзімінен бұрын аяқтаған жампоздың алар асуы алда. Шаршы алаңда бірінші нөмірмен жұмыс істеуге әбден дағдыланған Жаңабаевтың бокстасу мәнері жанкүйерлерге де ұнайды.

Жамбылдық боксшы чемпиондық белбеуге таласады

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support