- Advertisement -

Айтыстың жас жүйріктері бәсекеге түсті

207

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің он жылдығына орай аталмыш оқу ордасында «Рухани жаңғыруға – жастық жігермен!» тақырыбында айтыскер ақындардың аламаны өтті.
Жастар арасында ұйымдастырылған жыр додасын университет ректоры Ерболат Саурықов құттықтау сөзбен ашып, ұлттық өнерімізді өрге сүйреп жүрген жастарға жүрекжарды лебізін білдіріп, алғысын айтты. Бұдан соң ақындар аламанға араласып кетті.
ТИГУ ұжымы тұрақты түрде өткізіп келе жатқан облыстық деңгейдегі ақындар айтысына бұл жолы 10 үміткер қатысты. Олардың қатарында жаңа есімдердің көп болғаны жұртшылықты қуантты.
Бірінші болып ТИГУ-дің үкілеп қосқан үміті Медеу Мырзатай мен ТарМПУ студенті Дидар Аппасов өз өнерлерін ортаға салды. Ақындардың әзілдесіп отырып әдемі шумақтар құрауы, ұтымды ойлар айта білгені көпшілікті ризашылық сезіміне бөледі. Екеуі бір-бірінен кем түсті дей алмаймыз. Бұдан соң сахнаға көтерілген ТарМПУ студенті Ернұр Бейсенов пен таластық Нұржан Манатбек те тақырыпты аша білді. Екеуі де айтысқа жақсы дайындалып, көп ізденіп келгені айқын аңғарылды. Дегенмен бұл жұпта Ернұрдың бәсі басымдау көрінді.
Үшінші жұпта бақ сынаған байзақтық Дидар Басықараев Жамбыл медициналық колледжінің студенті Аружан Қуатпен сөз қағыстырды. Жыр додасына қатысқандардың ішінде ең үлкені, тәжірибесі молы да осы Дидар еді. Содан да болса керек, Басықараевтың құраған өлең жолдары көкейге қонды. Шымыр шумақтары жүректерге жетті. Қарсыласын тарпа бас салмай, қарындасын ағалық ниетпен сөз сайысында жетелеп отырғанына да риза болыстық. Ал медициналық колледжде білім алып жатқанына қарамай, айтысқа қатысқан Аружанға да жұрттың ықыласы бөлек екенін байқадық. Бұдан кейін сахна төріне М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті Балтабай Мұқағалиев пен ТИГУ студенті Айым Көшербай көтерілді. Айым балаң кезінен үлкен айтыстарға қатысып, таланты мен талабы үйлескенін байқатып жүретін. Сондықтан бұл айтыста Айымның басым түсетініне күмәнданбаған болатынбыз. Алайда Балтабай Айымнан кем айтысты деуге келмейді. Өрнекті өлең жолдарымен, әдемі теңеулерімен көзге түскен Балтабайдың болашағы зор екеніне көзіміз жетті. Жан-жақты ойын салмақты әуенмен жеткізе білген Балтабай Мұқағалиев іздене түссе, тамаша айтыс ақыны шығатыны анық.
Ең соңғы болып Жамбыл ауданынан келген мектеп оқушысы Мейірхан Райымбаев пен Тұрар Рысқұлов ауданының үміткері Әділет Медетқұл айтысты. Бұл жұпта Әділет жаман айтысқан жоқ. Алайда кішкентай ғана мектеп оқушысының тосын теңеулері мен әдемі ойлары залға жиналған жұртты тәнті етті. Қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп текке айтпаған ғой. Бұл жолы да қазылар «болам» деген Мейірханның белін буды.
Бірінші кезең аяқталған соң финалға шыққан алты ақын үш жұп боп сөз сайысына түсті. Алдымен Дидар Аппасов пен Айым Көшербай қыз бен жігіт арасындағы әдемі айтысты жасады. Екеуінің тапқырлықтары көптің көңілінен шыққаны анық. Мұнан соң Мейірхан Райымбаев пен Дидар Басықараев жұбы өнерлерін ортаға салды. Дидар жасы кіші інісіне батасын беріп, ақ жол тіледі. Аға мен інінің арасындағы сыйластықты жырлай білген екі ақынның өнері елді бейжай қалдырған жоқ. Жыр додасын Ернұр Бейсенов пен Медеу Мырзатай қорытындылады. Шаппа-шап айтыс көрсеткен екі ақынға деген көрермендердің ықыласы айрықша екенін аңғардық. Бір-бірінің осал тұсын дәл тауып, өлең тілінде өрнектей білген Ернұр да, Медеу де бас жүлдеге лайық болды.
Сонымен жыр додасының қорытындысы бойынша байзақтық Дидар Басықараевқа арнайы жүлде және үшінші орын бұйырды. Сондай-ақ жамбылдық Мейірхан Райымбаев пен ТИГУ студенті Айым Көшербай үшінші орынға лайық деп танылды. ТарМПУ студенті Дидар Аппасов екінші орынды қанағат тұтса, ТарМПУ-дың тағы бір үміті Ернұр Бейсенов бірінші орынды иеленді. Бас жүлде ТИГУ-дің студенті Медеу Мырзатайдың қанжығасында кетті.
Жас талапкерлердің айтысында әлбетте кемшіліктер де болды. Әйткенмен қатысушылардың басым бөлігі сахнаға енді шығып жатқанын ескерсек, көш жүре түзелетіні анық. Салыстырмалы түрде айтсақ, жастардың бұрынғы айтыстарына қарағанда бүгінгі қадамдары олардың өскендігін, зияткерлік деңгейінің арта бастағанын байқатты. Бізді де қуантқаны – сол.


Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support