- Advertisement -

«Medium» командасының мерейі үстем болды

90

- Advertisement -

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Бұған дейін де көңілді тапқырлар клубының түрлі деңгейдегі жарыстарында қуақы қалжыңдарымен көптің көңілінен шығып жүрген Жамбыл жастары астарлы әзіл айтудың шебері екенін «Жайдарман» Тараз ашық лигасында тағы бір дәлелдеді. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен финалдық ойында тараздықтар барын салып, бас жүлдені жеңіп алды. Атап айтсақ, ашық лиганың чемпионы атанған – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Medium» командасы.

Сонымен чемпиондық атақпен бірге 250 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа ие болған «Medium» командасының мерейі үстем. Себебі бұл ойында Жамбыл облысы әкімінің кубогі сарапқа салынған еді. Алматы қаласынан келген «Элегант», қызылордалық «А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйінің құрылысы» командаларына ТарМПУ және ТарМУ құрамалары мен «Medium» есе жіберген жоқ.
Сәлемдесу кезеңінде көрерменіне езу жиғызбай, музыкалық биатлон және КВН жұлдыздарының қатысуымен үй тапсырмасын сәтті орындаған тараздықтар әр ойынына өзекті тақырыптарды арқау етті. Мәселен, ТарМУ-дың құрама командасы студенттерден құралатын еріктілердің «ерікті» бастамаларын қуақы қалжыңмен тұспалдап, тамаша көрсете білді. Жалыны басылмаған жастардың аязға да қарамай, қалай ағаш отырғызатыны, қаланы көркейтуге қатысатыны, флешмобтар ұйымдастыратыны – ойнақы айтылған ойлы әзіл. Ал ТарМПУ-дың болашақ педагогтерінің көрермендерді ойыннан кейін орындықтарды көтеріп кетуді сұрағаны көпшілікке риясыз күлкі сыйлады.
Жайдарманшылардың финалдық ойынына облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, «Jambyl» телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіманап, «Astana Park» кинотеатрының директоры Олжас Қуандық, дзюдошы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, Азия чемпионы Елдос Сметов және ресейлік «Уфа» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет баға беріп, төрелік етті. Ал ойынның жүргізушісі және редакторы Жоғары лиганың чемпионы «Жайдарман» сценарисі Бекзат Дүйсенов болды.
Финалдық ойында ТарМУ құрама командасы үшінші орынға ие болып, 100 мың теңге жүлде алса, екінші орын ТарМПУ командасының еншісіне тиді. Ал маусымның үздік ойыншысы болып оның ойыншысы Дидар Апбасов танылды. Вице-чемпиондардың қанжығасына түскен олжа – 150 мың теңгенің сертификаты.
«Финалдық ойынды өткізуге қолдау көрсеткені үшін облыстық ішкі саясат басқармасы мен оның басшысы Берік Құрманғалиға, жастар саясаты мәселелері басқармасына рахмет. Ал жеке демеушілік жасаған «Astana Park» кинотеатрына, «Барбарис» мейрамханасына және «Сәуле» кондитерлік фабрикасы екенін айта кеткен жөн. Бұл қызықты маусым болды, осы кезеңде КТК ойындары мен мектептері, спорттық іс-шаралар өтті. Жыл басында ойынға 50-ге жуық команда қатысқан, финалға бес команда жетті. Алдағы жыл – «Жастар жылы» біздің ойындарымыз да қыза түсетініне сенім мол», – дейді «Жайдарман Тараз» лигасының директоры Қайрат Меклісов.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support