- Advertisement -

Балғын мамандардың біліктіліктерін жетілдіруіне мүмкіндік мол

44

- Advertisement -

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалында бүгінгі жас маманның ертеңгі күннің білімді де білікті тұлғасы, өз ісінің кәсіби шебері болып қалыптасуы жолында пәрменді шаралар жүзеге асырылу үстінде. Мұнда жастардың тиісті деңгейде тәжірибеден өтіп, біліктілік деңгейін көтеруіне барлық жағдайлар жасалынғанф. Аға ұрпақ өкілдерінің тәлімгерлік етуімен өз жұмыстарын жан-жақты меңгерген жас мамандардың жаңа буыны қалыптасып үлгерді. Осындай жас мамандардың бірі Али Бахтыбайұлы Бақбергеновпен сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен өзіңіздің өмір жолыңыз жөнінде айта кетсеңіз…
– Мен 1993 жылғы желтоқсан айының 23-і күні Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Түрксіб ауылында дүниеге келгенмін. Облыс орталығындағы А.Макаренко атындағы мектепте 2000-2011 жылдар аралығында оқып білім алдым. 2011 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны 2014 жылы үздік дипломмен бітіріп шықтым. Ал 2017 жылы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына бағдарламашы маман болып жұмысқа орналастым.
– Сіз өзіңіз қызмет ететін мекемеңіздің жұмыс үдерістеріне қандай жаңалықтар енгізер едіңіз? Қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалында қандай жұмыстар, нендей жаңалықтар болып жатқанына тоқтала өтсеңіз.
– Мен осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы сандық жүйеге көшу жөніндегі тапсырмасын әбден құптаймын. Бұл жүйе енгізілген жағдайда барлық жұмыс түрлері жеңілдеп, қағазбастылық азайып, осыған байланысты заманауи жаңа идеялар пайда болары анық.
Бүгінгі күні мен қызмет атқарып жатқан мекемеде цифрлық жүйеге көшу мәселесі қызу қолға алынып, тиісінше жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Биыл филиал жанынан уақыт талабына сәйкес жарақтандырылған жаңа диспетчерлік орталық ашылды. Онда облыс көлемінде атқарылған жұмыстарды автоматтандырылған жүйеде қабылдау ісі жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Шу ауданындағы – 11, Қордай ауданындағы – 22, Байзақ ауданындағы – 15, Жамбыл ауданындағы 11 су шаруашылығы нысаны бойынша су бекеттері, су тораптары мен су қоймаларындағы қондырғыларда орнатылған автоматтандыру жүйесінің жағдайы туралы мәліметтер цифрлық жүйемен «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының бас ғимаратына орналасқан диспетчер орталығына уақтылы әрі сапалы түрде жеткізіліп отырады. Яғни су торабында нақты қандай көлемде су ағып жатқаны жайында мәліметтер алынады. Автоматтандыру арқылы судың жіберілуін де реттеуге болады.
Аталған ақпараттар жинақталып «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының айлық, тоқсандық және жылдық есеп берулерінде де пайдаланылады. Бұл жүйе су қоймаларының көп жылдық жұмыс істеу кестесін жасауға да әбден ыңғайлы. Алдағы уақытта басқа да аудандар бойынша су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру жоспарлануда.
Айта кететін жайт, мамандарға осы сандық жүйеге көшуді үйрету мақсатында «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының бас ғимаратында оқу-әдістемелік залы ашылған. Оқыту залы заман талабына сай соңғы үлгідегі дербес компьютермен, интерактивтік тақтамен, оқулықтармен жеткілікті жарақтандырылған. Бүгінгі күні филиалдың бас мамандарынан бастап, әр ауданның су реттеушілері, каналдардың гидротехниктері келіп оқу-әдістемелік курсынан өтуде. Олардың мұнда су өлшеу құрылғыларының заманауи модельдерімен, су өлшеу тәсілдерімен жан-жақты танысып, мемлекеттік бағдарламалардың өңірімізде іске асырылуы бойынша ұйымдастырылған оқыту курстарында білімдері мен біліктіліктерін жетілдіруіне мүмкіндіктері бар. Тағы бір тоқтала кетерлік жайт, ол Тараз мемлекеттік университеті педагогтерінің біздің мамандармен тәжірибе алмасуы мақсатындағы оқу күнтізбесінің ұйымдастырылуы.
Қазіргі таңда «Аса», «Ақсай» және «Ақкөл» өндірістік бөлімшелерінің мамандары семинар-оқу курстарынан өтті. Алдағы уақытта тағы алты аудандағы өндірістік бөлімшелер мамандары арасында біліктілікті арттыру мақсатында оқу-әдістемелік курстарын жүргізу жоспарлануда.
– Осы орайда тағы бір сауалдың реті келіп тұр. Сіздің ойыңызша, қазір жастарға мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалынып жатыр ма? Сіз жұмыс атқарып жатқан «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалында жастардың рөлі қандай?
– Елбасымыздың тапсырмалары мен бастамаларына сәйкес филиалда қызмет ететін жастардың көпшілігі жоғары білімді. Оларға Үкімет тарапынан да өте жақсы жағдайлар жасалынуда. Жастар оқимын десе, жоғары оқу орындарында тегін білім гранттары, шәкіртақы беріліп, жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар арқылы қолдаулар көрсетіледі.
Басшымыз Қалыбек Құдайбергенұлы Елбасы алға қойған міндеттерді дәйектілікпен жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, жастарды жаңа ортаға, жаңа технологияларға тез бейімделгіш деп оларға көп мүмкіндік беруде. Әлбетте, жастар қай саланы болсын жаңашылдықпен, жасампаздықпен жаңғыртары анық. Мекеме басшысы да жастардың тез оқып үйреніп, осы заман талабына сай қызмет атқару қабілетіне ие екенін, мемлекетіміздің дамуына қосатын үлестері де қомақты болатынын дұрыс бағалап отыр. Осыған сәйкес қолдау да мол.
– Су шаруашылығы саласында қызмет атқарамын деген өзіңіз секілді жастарға айтарыңыз бар ма?
– Қай салада болсын, жас маман жұмысқа орналасқан кездегі жастар ұстанымының ең бастысы – тәжірибе жинау, оқу орнында алған білімін нақты өндірісте қолдана білу және нақты көзбен көру деп білемін. Біздің саламызда әр маманның ең алдымен каналда немесе су тораптары мен су қоймаларында жұмыс атқарып, бәрін де өз көзімен көріп, нақты жағдаймен жан- жақты таныс болуы бәрінен де маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота БЕГУЛИНА.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support