- Advertisement -

Елді мекендердегі жастардың ісі елең еткізеді

86

- Advertisement -

Елімізде кез келген жастың кәсіппен айналысуына, олардың еңбек етуіне, қажетінше білім алуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұлай болуы да заңдылық. Өйткені өскелең ұрпаққа білім беру, мамандық алуына мүмкіндік беру – мемлекет үшін ертеңге салынған инвестиция. Сондықтан бүгінгі күні жастардың жай-күйі кім-кімді болсын алаңдатары анық. Ал шалғайдағы Мойынқұм жастарының қал-ахуалы қандай?
Жалпы, ауданда тұрып жатқан тұрғындар саны 32770 болса, оның 8 мыңға жуығы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар екен. Бұл мойынқұмдық тұрғындардың 23,7 пайызын жастар құрайды деген сөз. Бүгінде олардың көбі ауылдан қалаға кетуге құмартып тұратыны жасырын емес. Ал керісінше ауылды жерді өгейсінбей, туған жердің түтінін түзу түтетуді жөн көрген ауыл жастарымен жұмысты жүйелі түрде үйлестіру аудандық Жастар ресурстық орталығына жүктелген.

Бір қуанатыны, елді мекендердің еңсесін тіктеп, көркейтуге үлес қосуға бел буған жастарға қазір жан-жақты қолдау көрсетіледі. Материалдық көмектен кейінгі мәдени-спорттық, қоғамдық жұмыс жүргізу – аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының міндеті. Ауданда орталықтың өзінде 30-ға жуық жас өрен қызмет етеді екен. Оған қоса, әр ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі кеңесші мамандар да жұмыс істеуде. Олар жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету, жұмыссыздықпен күрес, түрлі қылмыстардың алдын алу, бұқаралық спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасау үшін денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет мекемелерімен, ішкі істер органдарымен, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.
Орталықтың берген мәліметіне сүйенсек, биыл мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 29 миллион 803 мың теңге бөлінген екен. Өткен жылы осы мақсатта 26 миллион 44 мың теңге қарастырылғанын ескерсек, осы жылы ауданда жастар саясатын ілгерілетуге баса көңіл бөлініп отырғанын байқауға болады. Соның нәтижесінде соңғы 11 айда орталық 5 спорттық, 2 акция, 10 кездесу, 5 қайырымдылық көмек, 6 дөңгелек үстел, 5 сенбілік ұйымдастырып, 1 рейд өткізген.
Иә, аз жылда аяққа тұрып, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз ауыл тұрмысын тіктеуге білек сыбана кірісті. Даму кезеңінде қатарынан үш жылдың «Ауыл жылдары» болып жариялануы да далалы жердің тынысын кеңейте түскені анық. Сондай-ақ осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары мен «Жастар практикасы» сынды жастарға бағытталған зор мүмкіндіктер ауылды жерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде және жұмыссыздардың санын азайтуда үлкен маңызға ие болғанын сіз бен біз жақсы білеміз.
Жастар арасындағы жұмыссыздықты жою мақсатында өткен жылы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған жастардың саны 55 болса, биыл бұл көрсеткіш 225-ке жетіп отыр. Бұдан бөлек, тұрақты жұмысқа 112 жас орналасқан. Айта кету керек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өткен жылы 25 жас маманға тұрғын үй алу үшін 80 миллион теңге қарастырылған. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Нәтижесінде 30 маманға 5 миллионнан аса көтерме жәрдемақы беріліп, 12 маман үй сатып алуы үшін 43 миллион 290 мың теңгеге пайыздық үстемесі төмен несие алған.
Мойынқұм – өңіріміздегі өндіріс саласы дамып келе жатқан аудандардың бірі екені белгілі. Содан да болар мұндағы жастардың басым бөлігі аудандағы өндіріс ошақтарын күнкөріс көзіне айналдырған. Мысалы, бүгінгі күні Мойынқұм ауданындағы Шығанақ «Барит» зауытында – 80, «Алтын Алмас» кен байыту орнында – 197, Жамбыл цемент пен балық зауытында – 146 және «Хантау» цемент зауытында 75 жастың еңбек етіп жүргені – осы сөзіміздің дәлелі.
Жастар арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау да орталықтың назарынан тыс қалған емес. Жалпы, мойынқұмдықтардың спортпен шұғылдануы үшін 100-ден аса спорттық нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың барлығына дерлік кіру тегін және орта мектептердің спорт залдарына арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына жағдай жасалған. Соның арқасында аудандағы 6740 тұрғынның бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік туып отыр. Оның 60 пайызы – жастар.
Аудандағы жастармен тығыз жұмыс жүргізетін «Жастар ресурстық орталығының» биылғы қолға алған бастамалары ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, «Алғыс айту» күніне орай мұндағы қызметкерлер ауыл тұрғындарының тіс дәрігеріне тегін емделуіне мұрындық болып, сауапты іс атқарған. Бұдан бөлек, «Анаға хат» имидждік жобасы аясында бейнепоэзия, «Бүгінгі қадам – ертеңгі өшпейтін із», «Арыңды сақта, бойжеткен!», «Отбасы – өмір аясы» және «Ғасырлармен үндескен асқақ Астана» сынды көптеген іс-шараларды ұйымдастырыпты. Оған түрлі жас ерекшеліктері бойынша аудандағы барлық жастарды қамтыған.
Облыс аумағының үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұмда жастарды бір орталыққа біріктірген аудандық Жастар ресурстық орталығы ауданның абыройын арттыруға, оны гүлдендіруге өз үлестерін қосуда. Жастарды мемлекеттік саясаттың төңірегіне топтастырып отырған бұл орталыққа аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп келеді.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support