- Advertisement -

Туберкулез диспансері неге оңаша мекемеге орналастырылмайды?

94

- Advertisement -

Адамның саулығы – бәрінен қымбат. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапалы болуы мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін қуанышпен сөз етіп жүрміз. Елбасы Жолдауында көрініс тапқан денсаулық сақтау саласын қамтыған тың идеялар мен жаңа бастамалардың өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға тигізер әсері көп. Бұл ретте медициналық қызмет сапасы қарапайым халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды көрсеткіші екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуы, алдағы жылы медбикелер жалақысының артатыны, аурулардың асқынуына жол бермеу үшін пәрменді шаралардың жасалып жатқаны көпшілік үмітін үкілей түседі.

Қазіргі кезде елімізде сырқаттанушылық деңгейі жағынан жүрек қан тамырлары және қатерлі ісік аурулары алдыңғы орынға шығып отыр. Осыған сәйкес барлық облыста жүрекке ота жасайтын орталықтар мен онкологиялық диспансерлер салынып жатқанын жағымды жаңалық деп қабылдаймыз. Бұл бастамаларды, әрине, қуана қолдаймыз. Алайда тұрғындарды алаңдатып отырған жайттар да жоқ емес. Керемет емдеу орталықтарын салып, медицинаны цифрландырамыз деп жатқан кезеңде бүтін дүниелерді бүлдіргеніміз еш қисынға келмейді. Соның бірі – біздің аудандағы туберкулез ауруын емдейтін диспансердің қазіргі жай-күйі.
Тұрғындар денсаулығын нығайтуды мықтап қолға алып, медицина саласына қыруар қаржы бөлініп жатқаны көңіл нұрландыратын жайт болғанымен, дәл осы тубдиспансердің қысқарып, оның аудан орталығындағы ортақ емдеу мекемесіне көшірілгені алаңдатады. Әрине, көп шығынды қажет ететін, білдей бір мекемені тұтастай сақтап қалу тиімсіз екені анық. Сондықтан ондай медициналық ұйымдарды оңтайландыру арқылы қаржы үнемдеу де дұрыс шығар, бәлкім. Дегенмен жұқпалы әлеуметтік дерттердің қатарына жататын туберкулез ауруын емдеу орталығын оңтайландыру арқылы көпшілік көп келетін жерге көшіру қаншалықты қисынды.
Біз ес білгелі Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылында (бұрынғы орталығы – Жамбыл қаласы) туберкулез ауруханасы, кейіннен тубдиспансер өзінше оқшау ғимаратқа орналасып, тұрғындарға қызмет көрсетіп келді. Бұл, әлбетте, жұқпалы әрі қауіпті аурулар қатарына жататын туберкулезді алдын ала анықтауға, зертханалық талдау-сараптау жасауға, емдеуге, айналадағы адамдарға жұғып кету қаупін туғызбауға мүмкіндік берді.
Енді міне, соңғы бір-екі жыл ішінде көпшілік пікірімен санаспастан, дәл бір түлен түрткендей, қауырт жағдайда тубдиспансерді жалпы емдеу мекемесіне орналастырды. Онда дертті жандар мен басқа сырқаттанушылар да қатар жүріп дәрігерге қаралуда. Бұл қалай сонда, туберкулез қауіпті жұқпалы аурулар қатарынан өз-өзінен шығып қалды ма, әлде мекеме қызметтерін оңтайландырып, мемлекет қаржысын үнемдеудің «ақылды» тәсілі ме? Қаражатты басқадан емес, тура осы елді алаңдатқан аурудан үнемдеуді кім ойлап тапты екен? Адамдар денсаулығынан артық ештеңе жоқ деген қағида қайда қалды сонда?
Сұрақ көп, бірақ жауабы мардымсыз, қанағаттандырмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің саланы түбегейлі реформалауы дұрыс шығар. Қазір елді мекеннің өзінде таңғажайып медициналық жабдықтардың бары, ағза ауыстыратын оталардың жасалып жатқаны – үлкен жетістік, әрине. Алайда қарапайым ғана мәселенің түйінін тарқатуға келгенде дәрменсіздік пен салғырттық танытып отырғаны түсініксіз.
Кемшілікті жедел түзетпесек болмайды, кейін кеш қалып өкініп жүреміз. Қызметкерлерінің саны қысқарып, жалпы емдеу мекемесіне көшірілген соң, ең құрығында оны оқшаулап, есігін де басқа жағынан ашып, тексеру және емдеу құрылғыларын бөлек пайдаланатындай етсе. Басты байлығымызға өз қолымызбен қиянат жасамайық.

Дәуренбек Нұралиев,
аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support