- Advertisement -

«Тараз» футболшылары оқу-жаттығуға кірісті

80

- Advertisement -

Бірінші лигада ойдағыдай нәтиже көрсеткен «Тараз» футбол клубы премьер-лигаға оралғаны баршамызға мәлім. Енді жамбылдық футболшылар премьер-лигада жақсы нәтиже көрсетуге тырысатыны сөзсіз. Маусым аяқталғаннан кейін барлық команда оқу-жаттығу жиынына кірісетіні белгілі. Бұл үрдістен жерлестеріміз де шет қалған жоқ. Шымқалаға аттанды.
Шымкент шаһарында бастау алған оқу-жаттығу жиыны екі аптаға созылады деп күтілуде. Осы уақыт ішінде жамбылдықтар «Биік» футбол орталығында шеберліктерін шыңдай түседі. Дереккөздерге сенсек, «Тараз» футбол клубы сапынан бұл жиынға тек қазақстандық футболшылар қатысатын көрінеді. Сонымен қатар команданың жастары да жаттығу жұмыстарына белсенді түрде атсалысады.
Естеріңізге сала кетсек, «Тараз» футбол клубы бірінші лига қорытындысы бойынша Көкшетаудың «Оқжетпес» командасына ғана жол беріп, екінші орынды иеленген болатын. Енді премьер-лигада бақ сынайтын жерлестеріміз аталмыш аламанда да жақсы нәтижеге қол жеткізуді көздейді.
Таяуда бірінші лиганың толыққанды қорытындысы шығарылып, үздіктер анықталған-ды. Ол қатарда «Тараз» футбол клубының ойыншысы да бар. Атап өтсек, жамбылдық футбол клубының қорғаушысы Сағадат Тұрсынбай маусым қорытындысы бойынша «Жылдың ең үздік жас ойыншысы» аталымында топ жарды.
– Мен бұл жаңалықты естігенде қатты қуандым. Бұл менің алдағы атқаратын жұмысыма, еңбегіме берілген алдын ала баға деп қабылдадым. Сондықтан болашақта сенім үдесінен шығу үшін аянбай тер төгемін. Маусым бойы менің шыңдалуыма қолұшын берген барлық азаматқа, әріптестерім мен бапкерлер құрамына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Біздің алдымызға нақты міндет қойылған-ды. Жаратқанның қалауымен ол міндетті абыройлы атқардық.
Менің асқақ армандарым өте көп. Соның бірі әрі бірегейі – елімнің намысын халықаралық деңгейде қорғасам деймін. Ұлттық құраманың формасын кию үшін бар күш-жігерімді сарқа жұмсауға әзірмін. Барлық жас футболшының басты арманы мен мақсаты сол болса керек деп ойлаймын, – дейді 19 жасар футболшы өз ойын ортаға салып.
Маусым бойы жақсы ойын өрнегін көрсетіп, «Тараз» футбол клубын өрге сүйреген Сағадаттың алар асуы мен бағындырар биігі әлі алда екені талас тудырмайды. Біз оған бек сенімдіміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support