- Advertisement -

Фронт-офис – тұрғындар үшін тиімді

88

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында атап көрсеткендей, бүгінде құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет. Өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру үшін де ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі сақталуы тиіс. Бұл – қоғамда құқық қорғау органдары қызметіне деген сенім қалыптастырудың бірден-бір жолы. Сол себепті полиция жұмысын түбегейлі жақсарту қажет-ақ. Елбасының Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсыруы да сондықтан.

Уақыт құқық қорғау қызметінде жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгертуді талап етуде. Соның ішінде полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру – кезек күттірмейтін мәселе. Осыны ескерген облыстық полиция департаменті «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» бірінші фронт-офисін ашып отыр. Бұл бастама «Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет» деген Елбасы тапсырмасына сай жүзеге асуда.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларына негізделген орталықта торлы есіктер мен қатаң түрде тексеріп-кіргізетін режім жоқ. Мұнда келген азаматтарға орталықтан қажет кеңестер мен құжаттарын алуларына барлық мүмкіндік жасалған. Мұны полиция мен тұрғындар арасында орнатылған ашық жүйе деуге болады.
Орталыққа келгендерді алдымен полиция қызметкерлері қарсы алып, содан кейін қандай қызмет түрі қажеттігіне қарай нұсқау береді екен. Өңірімізде алғаш рет ашылған фронт-офиске барғанымызда Тараз қаласы №1 полиция бөлімінің жетекші маманы Айнұр Жұмағұлова кең залдағы шыны қабырғамен бөлінген кабинетте тұрғындардан түскен өтініштер мен кіріс материалдарды және шығыс хат-хабарларды жинақтап, сонымен қатар қалалық №1 полиция бөлімі бастығының қабылдауына тілек білдірген азаматтарды тіркеп отырды. Мұнда өтінішпен қайырылғандар әрі қарай не істеу керектігін Айнұр сынды мамандардан сұрап-біліп, тиісті шешім қабылдап жатты.
Мамандардың түсіндіруінше, орталық қызметіне жүгінген азаматтар автокөлікті қамаудан алу, мемлекеттік нөмірді ауыстыру, жүргізуші құқығынан айыру, газ баллон жабдығын орнатуға рұқсат беру және көші-қон қызметіне қатысты азаматтық алу, тұрғылықты жерін ауыстыру, елміздің аумағынан тыс жерлерге шығу бойынша да анықтамалар ала алатын көрінеді. Егер қылмысқа қатысты арызбен жүгінсе, бірден №1 полиция бөлімінің кезекшісіне жолықса, ол сотқа дейін тергеуді бастауға қатысты егжей-тегжейлі түсінік береді екен. Келушілерге арналған жайлы күту залы бар. Онда қажетті басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Сонымен қатар мұнда үнемі танымдық ақпарат көрсетіліп тұратын үлкен экран да орнатылыпты.
Облыстағы бірінші фронт-офисінің ашылуы туралы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев: «Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы Жолдауында полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажеттігіне ерекше тоқталды. Яғни қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау керектігіне баса назар аударды. Біздің облыс әкімдігінің қолдауымен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың нұсқауы бойынша азаматтарға арналған қабылдау кеңсесін ашқанымыз да сондықтан. Бұл бізге алдағы уақытта тұрғындармен өзара жақын байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ондағы мақсат – полиция қызметіне деген ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл жерде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймыз, мұнда кез келген адам кәсіби кеңес, қажетті анықтамалар алады.
Азаматтарды қабылдау кеңсесінің қызметкерлері өтініш берушілермен тікелей жұмыс істейтін болады, бұл өтініштерді қарау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді және өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік туады әрі ол ашық, жедел жүргізіледі. Бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді.
Келушілерге ыңғайлы болу үшін фронт-офистің күту залында төлем терминалдары орнатылған, сонымен қатар, кофе-машинадан қалауынша кофе немес шай алып ішулеріне де болады.
Полиция полковнигі Арман Оразалиевтің сөзіне сүйенсек, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық полиция департаментінің барлық қалалық және аудандық бөлімшелерінде азаматтарға арналған осындай қабылдау орындарын ашу жоспарланып отырған көрінеді. Қоғам білдірілген сенім мен халықтың өзін қауіпсіз сезінуі – полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болары анық.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support