- Advertisement -

Тәрбиешілерге қойылатын біліктілік талаптары өзгереді

262

- Advertisement -

Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін эволюциялық заңдылық. Сондықтан Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырып отыр.
Білім берудің бастапқы сатысындағы жүйе түбегейлі жаңғыртуды қажет етеді. Өзгеріс оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін және біліктілік талаптарын қайта қарау үшін қажет. Жалпы Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, оқыту үдерісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылғаны дұрыс.
Қазіргі кезде білім саласындағы өзгерістер инфрақұрылым, стандарттар, жаңа технологиялар барлығы балалардың әлеуетін барынша жүзеге асыруға бағытталып отырғаны белгілі. Өйткені адами капиталдың дамуы – мемлекет дамуының басты көрсеткіші. Ал мектепке дейінгі білім және тәрбие беру ісін жетілдіру үшін ең алдымен балабақшаға деген сұранысты өтеу қажет екені белгілі. Балаға қуаныш сыйлай отырып, оқытып тәрбиелеу – мемлекет алдындағы басты міндет. Білім берудің осы сатысына мемлекеттік деңгейде ерекше назар аударылып отырғаны да сондықтан.
Біздің өңірімізде де бұл мәселеге баса көңіл бөлінеді. Сол себепті осы бағытта жұмыс қарқынды жүргізілуде. Мәселен, мемлекеттік бағдарламадағы нысаналы индикатордың бірі мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесін арттыру болса, өңірде бұл көрсеткіш 97,1 пайызды құрап отыр. Бұл меже республикада 95,2 пайызға жеткен.
Жыл басынан бері облыста 39 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін 23 ұйым ашу жоспарланған. Жоспар толық орындалғанда балалардың қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жетпек. Биыл жаңадан ашылған орындар есебінен балабақша кезегіндегі балалар саны өткен жылмен салыстырғанда 7 мыңға кеміп, 1873-ті құрады. Ал 2019 жылы 29 ұйым ашу көзделуде. Соның арқасында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 100 қамту туралы Елбасы тапсырмасын толық орындайтын боламыз.
Биыл облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Электронды формат балабақшаға жолдаманы мобильдік құрылғыларды қолдану арқылы алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қадам ұзын-сонар кезектің жылжуын тездетеді әрі сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қоятын болады.
Соңғы жылдарда облыста жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер желісі қарқынды дамуда. Мемлекет үшін жекеменшік балабақшада мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде балаларды тәрбиелеп оқыту бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етіп отыр. Атап айтсақ, өңірдегі 508 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 26,2 пайызы жекеменшік секторлардың үлесінде. Ондағы тәрбиеленіп жатқан балғындардың саны 25,2 пайызға жеткен.
Өңірде мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қалыптастыру мақсатында әлеуетті жеке кәсіпкерлердің бастамасымен Шу ауданынан 2 балабақшаның жобасы ұсынылып отыр. Ал Тараз қаласында 1 балабақшаның жобасы тақылануда.
Жолдаудан туындаған Президент тапсырмасына сәйкес қазір «Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілеріне қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу, олардың біліктілігін арттыру» жөнінде Жол картасының жобасы әзірленіп, Білім және ғылым министрлігі тарапынан талқылануда. Жол картасы бекітілсе, алдағы уақытта балабақшалардағы педагог қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламалары әзірленіп, біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ тәрбиешілердің жалақысын арттыру бойынша есептеу жүйелерін қайта қарастыру арқылы тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.
Педагогтердің кәсіби өсуі мен әдістемелік дайындығы – бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Өйткені білім беру жүйесінде инновациялық өзгерістер орын алуда және бұл өзгерістердің талаптары да күшейе түсуде. Өңірде мектепке дейінгі ұйымдардағы 6 мыңнан астам педагог қызметкердің 46,5 пайызының «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары және техникалық және кәсіптік білімі бар. Республика көлемінде бұл көрсеткіш 45,8 пайызды құрайды.
Елбасы Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың өмір қауіпсіздігін сақтау мәселесі де көтерілгені мәлім. Ал бұл бағытта біздің өңірімізде тиісті жұмыстар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Соның арқасында қазірдің өзінде облыстағы бейнебақылау камераларымен жабдықталған балабақшалар 99,7 пайызға жетті. Дегенмен біз бейнебақылау камераларын тек кіреберіс дәліздерге ғана орнатып қоймай, алдағы уақытта камералардың санын ұлғайту арқылы балалардың ойын және жатын бөлмелерін жабдықтауды көздеп отырмыз.
Мектепке дейінгі ұйымдардың 32 пайызында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін қолайлы жағдай жасалынған. Сондай-ақ білім сапасын арттыру мақсатында 260 балабақшада көптілде (қазақ, орыс, ағылшын) білім берудің элементтері енгізілген. Соның нәтижесінде балалардың үйренген машығы мен дағдысының жоғары және орта деңгейдегі даму көрсеткіші 86 пайызды құрап отыр. Бұл – Ұлттық білім беру деректер қорындағы мәлімет. Республикадағы көрсеткіш – 74,2 пайыз.
Өңірде балалардың ерте жастан дамуына ерекше көңіл бөлінуде. 1 жастан 3 жасқа дейінгі 12 мыңға жуық бүлдіршіннің 202 мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқаны – соның дәлелі. Балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған білім берудің жаңа жүйесіне негізделген мектепке дейінгі ұйымдарда нөлінші сыныптардың енгізілуіне орай облысымыздағы Т.Рысқұлов ауданының №1 мектеп-лицейінің базасында 5-6 жастағы балаларға арналған «Әліппе»/«Букварь» жобалары және оқу-әдістемелік кешендері пилоттық жоба бойынша апробациядан өткізілуде.
Мектепке дейінгі жастағы балаларды кәсіби бейімдеу – мектепке дейінгі тәрбие бағытында өте аз зерттелген тақырып. Сондықтан біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап «Бейіндік балабақша» бірегей жобасын республикамызда тұңғыш рет іске асыруды жоспарланып отырмыз. Ондағы мақсат – балаларға мамандықтар жайлы түсінік беріп, шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту.

Саясат Есеев,
облыстық білім басқармасының
бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support