- Advertisement -

«Aq jol» – басқа облыстық газет терден көш ілгері

75

- Advertisement -

Баспасөзге жазылу науқанына орай облыстық «А^ ИІ» газетінің журналистері шалғай өңірдегі оқырмандарымен жүздесу үшін Сарысу ауданында болды. Аудан әкімі Балабек Нарбаев кездесуден бұрын ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмысты әңгімеледі. Аудан орталығы «ақылды қалаға» бет бұрған Жаңатасты аралатып, алдағы жылы 50 жылдығын атап өткелі отырған шағын шаһардың бүгінгі кескін-келбетін көрсетті. Қаратаудың аяқталар тұсын ала орын тепкен қала жарты ғасырлық тарихында дәуірлеуді де, құлдырауды да басынан өткізді. Ел экономикасының қарыштап өсуімен еңсесін көтеріп, азат елдің ұлы көшіне ілесті. Көшелері асфальтталған, көрнекі билбордтар көз тартады. Кезінде босап қалған көп қабатты тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде күрделі жөндеуден өтіп, жүздеген отбасының көзайымына айналған. Бизнес нысандары қандай! Осыдан бірер жыл бұрын ашылған қаладағы екінші имандылық ордасы мешіттің алдынан жақында ғана ел игілігіне айналған «Ынтымақ» саябағы жаңатастықтарды бірлік пен ынтымаққа шақырып тұрғандай. Орталықтағы жасанды көлге қос аққудың қонғанын естіп, киелі құстың келуі шалғай өңірге, Жаңатасқа орнаған ырыс пен берекенің, бақ пен дәулеттің хабаршысы деп сезіндік.

Аудандық әкімдікте өткен оқырмандармен жүздесуді аудан әкімі Б.Нарбаев ашып, мерзімді басылымдардың, оның ішінде «Аq jol» газетінің тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатын насихаттауда, облыстың тыныс-тіршілігін қалың оқырманға жеткізуде атқарып отырған жұмысына жан-жақты тоқталды.
– Ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы жүзеге асқан тәуелсіз кезеңнің алтын әріппен жазуға лайықты сәттерін бейнелеп, бедерлеген де осы журналистер қауымы. Осы орайда, бүгінгі өздеріңізбен кездесуге облыстық «Аq jol» гезетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен газеттің бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл қатысып отыр.
Ғасырға жуық тарихы бар «Аq jol» газетінің атқарған шаруасы таудан биік, теңізден терең деп ойлаймыз. Облыстың бас басылымы еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап елдік пен ерлік шежіресінің туына айналды. Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдаулары мен одан туындайтын міндеттерді орындауда облысымызда атқарылып жатқан сан-салалы жұмыстар мен бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмаларының орындалу барысы жүйелі түрде көрініс табуда. Газет бетінде саясат, экономика, экология, денсаулық, спорт, мәдениет, әлеумет басқа да салалар, жалпы қоғамның тыныс-тіршілігі лайықты орын алып отыр. Қазіргі таңда басылымның ажары мен қолтаңбасы айрықша көркем. Облыстағы жасампаз істер мен жарқын жаңалықтарды осы басылымнан оқимыз, – деді.
Аудан әкімі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде облыстық басылымдарға көрсетіп отыратын қолдау-көмекке де тоқтала келе, газет бетіндегі адамзаттық ақыл-ой, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік мәселелері, қазақи қасиет, имани, ізгілікті тұжырымдар мен әдеби туындылар да оқырманның ойынан шығып жататынын атап көрсетті.
«Аq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы енді санаулы жылдардан кейін 100 жылдығын атап өтетін басылымның негізгі оқырмандары ауылдарда тұратынына тоқтала келе, ғасырға жуық тарихын қысқаша баян етті. Кеңес заманында халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі, көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың жазықсыздан-жазықсыз басына іс түскенде газет редакторы Арғынбай Бекбосын басқаратын басылымның журналистері бүгінгі Бішкек қаласында өткен солақай соттан үзбей мақалалар жариялап, қоғамдық пікір қалыптастырғанын еске алды. Компартияның заманында қазіргі Тараз қаласында бірде-бір қазақ мектебінің жоқтығы туралы тәжірибелі журналист Рахметбек Өзбековтің жазған мақаласы да облыстық партия комитетін дүр сілкіндіргеніне назар аударды. Қазір облыс орталығындағы 50-ден аса білім ошақтарының барлығы тәуелсіз елдің жеткіншектеріне мемлекеттік тілде білім береді деді.
Бас редактор Елбасының тапсырмаларын орындауда облыста атқарылып жатқан жұмыстарды, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы туралы, газеттің арнайы беттері жайлы, оларда көтерілетін тақырыптарға жеке-жеке тоқталып өтті. Тараз қаласы мен облыстың басқа аудандарынан шыққан таланттарды, оның ішінде Асанәлі Әшімов, Илия Жақанов, Амангелді Сембин, Тынышбай Рахым және тағы басқа таланттардың өмірі мен шығармашылығы жайлы газет бетінде үздіксіз беріліп тұратынын жеткізді. Атақты күйші Мәді Шәутиев туралы да тұтастай бет беріп, ескерткіші ашылғанда да Жамбыл жұртына сүйінші хабарды алғаш жеткізген де «Аq jol» еді деді. Талантты ақын Маралтай Райымбекұлының өлеңдерін де ең алғаш облыстың бас басылымы жариялағанын айтып, газетке біркісідей жазылуға шақырды.
Осы жолдардың авторы редакцияға түсіп жатқан хаттардың саны мен қозғалысы, оқырмандармен байланыс туралы тоқтала келе, облыстың басқа өңірлері сияқты «Aq jol» газетінің назарынан Сарысу ауданының тыныс-тіршілігі ешқашан тыс қалып көрмегенін жеткізді. Нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі кеншілер дүмпуі, Жаңатастың жанайқайы, төменгі Шу бойы мен Тоғызкент аумағындағы ауылдардағы ахуал, басқа да шешімін күткен түйткілді мәселелерді дер кезінде көтеріп, облыс басшылығының назарын аударып отырғанынан хабардар етті. Халық пен билік арасындағы көпір болудың нәтижесінде газет бетінде көтерілген мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келгенін алға тартты. Мемлекеттік бағдарламаларды іс жүзінде жүзеге асыруда, облыс әікімінің жүктеген міндеттерін орындауда ауданда атқарылып жатқан сан-салалы шаруаны жүйелі жазып келе жатқанын айтты. Биылдың өзінде композитор Төлеу Үшқоңыровтың 80 жылдығы мен қалмгер Пернебай Дүйсенбиннің 75 жылдығына арнап арнайы бет берілгенін еске салды. Ауданның тұйықтан шығып, өсіп-өркендеуіне осылайша үлес қосып келе жатқан басылымға жазылу әрбір тұрғынның парызы деді.
Газеттің байырғы оқырмандарының бірі, жеке кәсіпкер Айтуған Рыспанов қария Арыстанды ауылынан ары қарай Түркістан облысының шекарасына дейінгі 6 километр аралыққа жол салу мәселесін көтерді. Сонымен қатар редакцияға жіберген өлеңдерім газет бетінде жарияланса деген өтінішін жеткізді.
Елде тұратын белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин Ұлы Дала елінің әр өңірін аралай жүргенде облыстық газеттерге назар аударарып, «Аq jol»-мен салыстыратынын жеткізді. «Біздің газет оларды шаң қатырып кетеді» дейді қаламгер ағамыз. Облыстың бас басылымын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы басқарып отырғанын еске салған жазушы-журналист «Аq jol» газетінің әрбір арнайы бетіне шолу жасап, оларды құлпыртып берудегі журналистердің таланты мен кәсіби шеберлігіне лайықты бағасын берді. Газетте өмірден ерте өткен таланты ақындар Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов және Серік Томановтың өлеңдері жарияланып тұратынына назар аударды.
Аса көрнекті жазушы, қоғам қайраткері қазақтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты «Аq jol» мен «Знамия труда» газеті арнайы нөмірлерді шығаруда шығармашылық ұжымдар өте іскерлік танытқанын жеткізіп, бірқатар тәжрибелі журналистердің есімдерін атады. Белгілі дәрігер-қаламгер, Сарысудың төл перзенті Сағындық Ордабековтің облыстың бас басылымының тұрақты авторы екенін айтып, туған өңір туралы кесек-кесек дүниелер жариялап жататынын еске салды.Газеттің кескін-келбеті, безендірілуінде де еш мін жоқ екенін де алға тартты.
Сонымен қатар ол талантты оқушылардың туындыларын, қарапайым еңбек адамдары, туған жер және табиғат ескерткіштері туралы дүниелер газет бетінде жарияланып тұрса деген ұсынысын жеткізді.
Жаңатас қаласының тұрғыны Жамбыл Шәдиев фосфор кенін игеріп жатқан компаниялар аудан аумағының жерін бүлдіріп жатқанын, радиацияның көптігінен кеңес заманында беріліп келген 60 пайыз үстеме ақыны қайта беруді және Тараз қаласы іргесіндегі тау болып үйліп жатқан фосфор қалдығының денсаулыққа зияны туралы мәселе көтерді.
Оқырмандар тарапынан көтерілген мәселелерге К.Сәттібайұлы нақты жауаптар қайтарып, ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтты. Кездесуді аудан әкімі Б.Нарбаев қорытындылып, ақжолдықтарға шығармашылық табыс тіледі.


Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support