- Advertisement -

Болашақ — жастардың қолында

246

- Advertisement -

Өңіріміздегі 14 пен 29 жас аралығындағы буын өкілдері 240 222-ні құрап отыр. Бұл – облыс тұрғындарының 21,5 пайызы. Оның 90 763-і Тараз және Жаңатас, Қаратау, Шу сияқты шағын қалаларды мекен етсе, ауылда 149 459 жас тұрады. Жалпы осы есепке кіргендерінің 13408-і, яғни 5 пайызы «Жас Отан» жастар қанатына қабылданған екен. Жастармен тығыз жұмыс жүргізетін белсенді бірден-бір ұйым болғандықтан, алдағы уақытта жасотандықтар қатары артқаны жақсы. Себебі өскелең ұрпақтың елдік ұғымды түсініп, мемлекетшіл тұлға болып қалыптасуы үшін соған сай орта қажет.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің айтуынша, ұйым мүшелері 10 аудандық, 1 қалалық филиал бойынша барлығы 112 бөлімшеге біріктірілген екен. Олардың арасында мемлекеттік қызметте, білім, ғылым, мәдениет пен спорт, кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар бар. Жалпы өңір жастарымен жұмысты жандандыру үшін «Жас Отан» жастар қанаты бірнеше жобаны қолға алған. Өз нәтижесін берген бастамалардың қатарына «Жастар – Отанға», консалтинг орталығы, «Жастар кадрлық резерві», «Жас ұланнан – Жас Отанға», «NURINTECH», «Smile» жобаларын жатқызуға болады. Мәселен, бір ғана «Жастар – Отанға» жобасы аясында облыс аумағында 150-ден аса әртүрлі шара ұйымдастырылған. Атап айтсақ, «Ауыл – береке» және Орталық базарда орналасқан «Кеңес беру» консалтинг орталығында 24 саланың мамандары тұрақты түрде жастарға тиісті ақпараттар ұсынуда. Сөйтіп 2 жылдың ішінде 6000-ға жуық азаматқа тегін кеңес беріліпті. Ал «Жастар – Отанға» атауымен жоғары оқу орындары арасында өткен республикалық байқауда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшесі «Үздік бөлімше» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Елбасы-Партия Төрағасы Н.Назарбаев «Жас Отан» еліміздің бүкіл жастар ұйымдарының ұйытқысы болуы үшін жұмысты жандандыруды міндеттеді. «Жас Отан» бүгінде осы мақсатты іске асыруды нықтап қолға алған. Оған сәйкес облыстық «Жас Отан» жастар қанаты «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы, «Еркін пікір» облыстық пікірсайысшылар одағы, «Жасыл Ел» еңбек жасақтары, «Жайдарман» көңілді тапқырлар жоспар құрып, жастар мәселелерін шешу бағытында жұмыстар атқаруда.
Наурыз айында «Жас Отан» жастар қанатының IV съезі өткені белгілі. Елорда төріндегі елеулі шараға облысымыздан 50 делегат қатысып, үлкен әсермен оралды. Аталған съезд жасотандықтардың жұмысына жаңа леп әкеліп, нақты бағыттарды айқындап берді десек, артық айтқандық емес. Нәтижесінде «Жаңа әлемге жол саламыз» атты арнайы құжат қабылданған болатын. Осылайша «English for Jastar» жобасы қолға алынып, өңірдің 8 ауылдық округінде мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрету курстары ашылды. Онда қазір 471 бала дәріс алуда. Сондай-ақ биыл қолға алынған «Жас Отан кітапхана» жобасы бойынша аймақта 5 717 кітап цифрландырылды. Жастарды кітапханаға тарту, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру бағытында кітапханалардан 9 коворкинг орталық ашылды.
«Жас Отан» жастар қанатының жанында «Біз біргеміз» еріктілер қозғалысы құрылғаны мәлім. Аталмыш қозғалыстың белсенді мүшелері Алматы қаласында өткен Универсиада – 2017 мен елордамызда өткен EXPO – 2017 көрмесін жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосты. Сол еріктілер облыста арнайы 37 топ құрып және тыл ардагерлері мен жалғызбасты қарттардың үй тұрмысына тұрақты түрде қолұшын беріп келеді.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбектің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде «Жас Отанның» «Жаңа әлемге жол саламыз» құжаты бойынша бүгінде «Бизнес ментор» және «Digital Nation», «Отан Ана» «Еркін пікір», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Саламатты ұрпақ» жобалары жүзеге асырылуда екен. «Елбасының бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануы болашақтың тізгінін ұстар жастарға деген қамқорлықтың ең биік шыңы деп білем. Демек, бізде орта бар! Мүмкіндік бар! Жағдай бар! Аға ұрпақтың абыройлы ісін жалғау жолында асқан жауапкершілік жүктелген кейінгі толқын өкілдері енді тек артылған үлкен міндетті атқаруға бар ерік-жігері мен ынта-ықыласын салып, аянбай еңбек еткені абзал», – дейді ол.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support