- Advertisement -

«Zhas project» — жақсы бастама

58

- Advertisement -

Өңірімізде жастар корпусын дамытып, жұмыссыздықты азайту мақсатында қолға алынған «Zhas project» жобасы жас толқынға жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашқаны анық.
Оған облыс жастары 555 жоба ұсынылып, оның
222-cі мақұлданды. Соның арқасында грант иегерлеріне түрлі кәсіп ашуға мүмкіндік туды.

Соның бірі – жамбылдық Әйгерім Қырғызбаева. Бектөбе ауылының тұрғыны көптен бері сұлулық мектебін ашуды армандап келген. Бірақ мақсатын жүзеге асыруға қаражат қол байлау болған еді. Ол «Zhas project» жобасы туралы естігенде бағын сынап көруге бел буып, бірнеше адам бірігіп, бизнес жоспарын ұсынған. Жобалары қолдау тауып, 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Қазір Бектөбе ауылынан сұлулық мектебін ашып, жергілікті 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды тегін оқу курстарынан өткізді. «Төртеуміз тегін курста 6 айда 30 адамды қамтуды жоспарладық», – дейді жас кәсіпкер.
Бұл ауданда жаңа жобаның игілігін көріп отырған өзге де жастар бар екен. Оларға белгіленген 6 ай мерзім аяқталғаннан кейін бизнес жобаны әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік берілмек. «Zhas project» жобасының облыстағы үйлестірушісі Мамыржан Асатуллаевтың айтуынша, жастар жылы бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын көрінеді. Тек келесі жылға осы жергілікті бюджетпен бұл жобаны дамыту көзделуде. «Жасыратыны жоқ, осы жоба арқылы жас кәсіпкерлер өз бизнестерін ашуға мүмкіндік туды. Қатысушыларға стипендия берілді. Жоғары білімді мамандарға 60 мың теңге, қалғандарына 40 мың теңгеден әр ай сайын төленіп тұрды. Жалпы аймақта 209 жоба жүзеге асырылды, соның арқасында 700-ден астам жас жұмыспен қамтылды. Оның 30-дан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар. Жобаның басым бөлігі ауылды жерлерде іске асуда. 71-і қалада. Бастама аясында 104 миллион 500 мың теңге бөлініп отыр», – дейді ол.
Аса ауылының тұрғыны Дастан Маратұлының ұсынған жобасы ерекше екен. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасыларына арнап әткеншек, керме, зілтемір секілді спорттық құрал-жабдықтарды қолдан жасап беру жөніндегі бастаманы жобаға енгізіп, бақ сынапты. Аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрбек Сәкеновтің сөзіне сүйенсек, аталған жоба аясында аймақтан 15 жоба ұсынылып, оның 14-і қолдау тапқан екен.
«Әр жобаны ұсынушы команданың құрамына 3-4 адамнан енген. Оларға 700 мыңнан – 1000000 теңгеге дейін қайтарымсыз шәкіртақы берілуде. Осы шәкіртақы арқылы әр топ өзіне тиісті жұмыстарын атқарып отыр. Міндеттері мұқтаж отбасыларға 6 ай бойы тегін қызмет көрсетеді. Ол отбасылар негізінен жағдайы төмен, мүгедек жандар болуы тиіс. Жоба аяқталған соң, ары қарай ақылы қызмет атқаруына болады. Шәкіртақы жоғарғы оқу орнын бітіргендерге 60 000, арнаулы орта оқу орнын бітіргендерге 40 000 теңге көлемінде төленеді. Мәселен, Шайдана өнер орталығы – ауыл жастарын ән айтуға баулып, сахна мәдениетін ұстануға үйретсе, «Саумалхана» тобының жетекшісі Аят Намазбай 2 сауынды бие сатып алып, саумалын мүмкіндігі шектеулі және жағдайы төмен отбасыларға үлестіруде. «Саламатты ауыл тұрғындары» жобасы бойынша Шайқорық ауылдық округінде массаж орталығы ашылды. Ол жерде мүмкіндігі шектеулі және жаңа туған нәрестелерге жалпы массаж жасалады. «Мүмкіндік беру керек бәріне» жобасының жетекшісі Дастан Қайсаровтың да өркенді ісі өміршеңдігін көрсетуде, – дейді ол.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support