- Advertisement -

Әл-ауқатымыздың артуы дегеніміз – осы

84

- Advertisement -

Биыл тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 27 жыл толмақ. Осы жылдарда еліміз гүлденді, жеріміз көркейді. Еңселі Астанамыз бой көтеріп, игі бастамаларымен әлемнің назарын өзіне аударта алды. Ең бастысы, осы жылдарда экономикамыз көтеріліп, елдің әл-ауқаты арта бастады. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, халықтың тұрмысы жыл санап көтеріліп келеді. Соңғы жылдарда ауыл халқының жаппай кәсіпкерлікке бет бұрғаны да байқалуда. Оған дәлелді өзіміз тұрып жатқан Қарасаз ауылынан да көптеп келтіруге болады.

Қарасаз – аудандағы іргелі ауылдық округтердің бірі. Мұндағы тұрғындардың айналысатын негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы салалары. Сонымен бірге шағын және орта бизнес те өзге ауылдарға қарағанда бізде жақсы дамып келеді. Қазір округ орталығы Қарасаз ауылында мемлекет меншігіндегі мектеп, клуб сияқты мекемелерді қоспағанда 11 дүкен, үш ағаш тілу цехы, жиһаз жасайтын шеберхана, темір дәнекерлеу цехы мен құрылыс заттарын саудалайтын қойма, жанармай бекеті, шайхана, тойхана, жеке тіс емханасы, ағылшын тілі мен би үйірмелері орталықтары халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы ауылда ет және сүт өндіру бағытында 2 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 90 шаруа қожалығы біріккен еді. Олар бүгінде өнімді жұмыс атқаруда. Ал биыл кәсіпкер Серік Баетов ауылдан үлкен сауда орталығын ашып, көптің алғысына бөленіп отыр.
Еліміздің рухани түлеуіне, салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруына Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы үлкен серпін бергені мәлім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Осы ретте ауылдан түлеп ұшып, осында өсіп-өнген жанашыр, бақуатты азаматтардың ауылға жасаған қамқорлығы мен сіңірген еңбектерін айтпай кетуге болмас. Ауылдың іскер азаматы Әбен Жұмашевтың бастамасымен, оның бірге туғандары мен ауыл тұрғындарының демеу-қолдауымен жаңа үлгідегі мешіт бой көтерді. Бұл да болса ауылдағы ағайынның, әсіресе жастардың имандылыққа, тазалыққа бет бұруына үлкен септігін тигізіп отыр. Әлбетте, іскер азаматтарға ауыл қарияларының, жалпы тұрғындардың айтар алғысы шексіз.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтін» халықтың өкіліміз. Өткен жылы округ орталығында аудан басшыларының араласуымен 25 орындық дәрігерлік амбулатория салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Науқастар көп жылдар бойы аудан орталығындағы емхана мен ауруханаға қаралуға мәжбүр болып келген еді. Ауылдықтар енді жергілікті жерде-ақ дәрігерге қаралып, тиісінше ем қабылдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Жаңа амбулаторияның ашылуына аудандық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбаевтың да сіңірген еңбегі мол. Іскер басшы емхананы аз уақыттың ішінде қажетті мамандармен, техникалық құрал-жабдық, қондырғылармен қамтамасыз етіп берді.
Тәуелсіз еліміздің ертеңгі сенімі мен жарқын болашағы білімді де білікті жастар екендігі бесенеден белгілі. Осы ретте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық дәрігерлік амбулаторияға Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің үздік түлектері, ерлі-зайыпты Дастан Нарбаев пен Рухани Әбдралиева жұмысқа орналасты. Жоғары білімді мамандардың келуімен амбулаторияның жұмысы қызу да қарқынды түрде өрістеуде. Олардың екеуі де өте кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін әрі келушілермен тез тіл табыса алатын білгір мамандар болып шықты. Қант диабеті, қан тамыр жүйесі аурулары, қан қысымы жоғары науқастарға тез арада медициналық көмек көрсетілумен бірге тиісінше тегін дәрі-дәрмектер берілуде. Қаралуға келген науқастардың диагнозы дұрыс қойылып, дәрігерлік кеңестер уақтылы беріледі. Дастан Нарбаев көршілес Түркістан облысының, Рухани Әбдралиева Жамбыл ауданының түлектері.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қарасаз ауылы кеңінен қанат жайып, жылдан-жылға көркейіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы да түзеліп келеді. Табиғи газ кіргелі де 6-7 жылдың жүзі болды. Алла қаласа келер жылы ауызсу құбыры тартылғалы жатыр. Осының бәрі тәуелсіздіктің жемісі емей, немене?! Әл-ауқатымыздың артуы дегеніміз, сірә, осы болар.

Рысбек ҚАЗАҚБАЕВ,
тыл және еңбек ардагері.

Қарасаз ауылы,
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support