- Advertisement -

Абзал қылмысқа жол бермеді

218

- Advertisement -

Батырлық жас талғамайды, адалдықтың өлшемі болмайды. Кейде баладан да батырлық шығады. Мәселен, Абзал Нышан – Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы. Яғни бар болғаны 9 жаста. Абзал жақында бір қылмыстың алдын алды.

Ол облыс орталығындағы ықшам аудандардың бірінде тұрады. Жақын күндердің бірінде сабағын орындап болып, аулаға серуендеуге, ойнауға шыққан. Оның досы Әліби де қарындастарын ертіп, аулада ойнап жүр екен. Кенет олар жылдам жүгіріп қашып бара жатқан екі студент қызды байқайды. Жастары жиырмалардың шамасында. Сол сәтте Әлібидің қарындасы шыр ете қалады. Құлағындағы бағалы сырға жоқ болып шықты. Содан Абзал әлгі әпкелерінің артынан «Тоқтаңыздар!» деп жүгіре жөнеледі. Сөйтіп, «Жеңіс» саябағына таяғанда қыздарға жетіп алып: «Сырға қайда, иесіне қайтарыңыздар» деп талап етеді. Студент қыздар сол жерде сырғаны ұрлап алғандарын мойындап, Абзалға бағалы затты қайтарады. «Сол жерде полицейлер жүр екен. Олар әлгі қыздарды тергеуге алып кетті. Мен бағалы затты иесіне қайтарып бердім», – дейді озат оқушы Абзал Мұратұлы. Абзалдың әкесі Мұрат Дауытбаев – полиция қызметкері. Елбасының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған. Яғни полицейдің баласы қылмыстың алдын алып отыр.
Осы оқиғаға орай мектеп-гимназия директоры Мұрат Тұрысбек жиын өткізіп, ата-аналар мен оқушылардың алдында батыр бала Абзал Нышанды қылмыстың алдын алғаны үшін Құрмет грамотасымен марапаттаса, Абзалға облыстық полиция департаментінің Алғыс хаты берілді. «Біз ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Тәрбие, өзгеге қамқор болу, көмектесу жөнінде көп айтамыз. Сондай тәрбиеден қорытынды шығарған Абзал шәкіртіміздің батырлығына қуанып отырмыз. Бұл – өзге балаларға үлгі», – дейді мектеп-гимназия директоры М.Тұрысбек.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support