- Advertisement -

Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – шекара талғамайтын ортақ міндет

106

- Advertisement -

Елбасы атап көрсеткендей, адамдар полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде тануы тиіс. Ал адам өмірінің қауіпсіздігі – қашанда басты назарда. Сондықтан қазақстандық қоғамда полиция қызметкерлеріне артылар жүк жеңіл емес. Тәртіпті қадағалайтын тыныштық сақшыларының уақытпен санаспайтыны да сондықтан.

Қауіпсіздік дегенде қарапайым құқық қорғау мәселесі, сондай-ақ экстремизм мен терроризмнің жолын кесіп, оған қарсы іс-қимылды күшейту назардан тыс қалмауы керек. Бұл міндеттер құқық қорғау органдары қызметкерлерінен аса қырағылықты талап етеді. Мәселе қылмыстың ірі-ұсақтығында емес. Ұрланған қарудан бастап, автокөліктер мен ұялы телефондарды және мал ұрлығымен айналысатын топтарды анықтауда мұқият болу керек. Осындай қылмыстарды ашуда көрші жатқан шекаралас аймақтың құқық қорғау өкілдерінің бір-бірімен тәжірибе алмасуы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға септесері анық. Осыны ескерген облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстарынан келген 24 милициямен кездесу өткізіп, шекаралас аймақтардағы өзекті мәселелерді талқыға салды.
Жиында алға қойған тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді саралаған сала қызметкерлері бірлесе жоспар жасап, орган қызметкерлері интернет ресурстары арқылы синтетикалық есірткілер мен психобелсенді заттардың таралуын тоқтату, шекара маңындағы аудандарда заңсыз көші-қонға қарсы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылды арттыруға мүдделі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарды радикалды идеологияға тартуға жол бермеу, оларды экстремистік қызметке қатысуға мәжбүрлеу деректерінің алдын алу жолдарын да талқылауды назардан тыс қалдырмады.
– Мұндай кездесулер жыл сайын шекаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында өткізіліп отырады. Шекаралас аймақ болғандықтан негізгі мәселе ұрлық, оның ішінде мал, ұялы телефон, автокөлік ұрлықтары бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Осындай кездесулерде біз осы мәселелерді талқылап, арнайы жоспар жасап, бірлесе шешетін боламыз.
Басқосуда қылмысқа қарсы күресті және қоғамдық тәртіпті сақтаудағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырдық. Күнделікті қызмет барысында туындайтын проблемаларды анықтап, оларды шешудің жолдарын сараладық.
Бүгінге дейін шекара маңындағы облыстардың құқық қорғау органдары арасында өзара ақпарат алмасудың нақты және жедел жүйесі жолға қойылмаған. Қазіргі заманғы қылмыс қару-жарақты заңсыз саудалауға, есірткінің заңсыз айналымына, қаржылық алаяқтық пен басқа да көлеңкелі бизнес трансұлттық сипатқа ие болып отыр. Осының барлығы қылмыстық қауіп-қатерге, діни экстремизмге және терроризмге қарсы күресте ұжымдық іс-қимылды күшейту қажеттілігін туғызады.
Бұл күресте шекара маңындағы мемлекеттердің барлық құқық қорғау құрылымдарының күш-жігерін үйлестіру мен өзара іс-қимылының тұжырымдамалық негіздерін қабылдау ерекше маңызға ие. Мұндай кездесулерде қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуын – нақты нәтижеге қол жеткізу деп түсінгеніміз абзал, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Ал қырғыз ағайындарды мал ұрлығы алаңдатып отырмағанын сөзінен аңғардық. Қырғыз Республикасы Талас облысының ішкі істер басқармасының бастығы Алмазбек Жұмабеков: «Сіздерден біздің тарапқа ешқандай мал өткен жоқ. Дегенмен биыл бізден 117 жылқы, 26 сиыр өтіп кетті. Араға 15 күн салып, 107 жылқы өзімізге қайтарылды. Бұл – тараптардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады», – деді.
Қылмысты ашуда кездесетін түйткілдерді бірлесе талқылаған сала қызметкерлері көптеген мәселелерді көтерді. Соның бірқатарын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жасалған ұрлық ашылмай қалмайды

Ардақ МӘДИМАРОВ, облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі:
– Қылмыстың шекарасы жоқ. Шекарааралық қылмыспен айналысатын адамдар екі мемлекеттің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылда кез келген құқықтық олқылықтарды пайдалануға тырысатынын жақсы білеміз.
Осыған байланысты біз ынтымақтастығымыздың нысандары мен әдістерін жетілдіре отырып, қылмысқа қарсы іс-қимылдың жаңа жолдарын әзірлеп, үнемі озық жұмыс істеуге тиіспіз. 2015 жылғы қыркүйек пен 2016 жылғы маусымда Қазақстан мен Қырғызстан ІІМ өкілдерінің жұмыс кездесуінде жедел ақпаратпен өзара алмасу бойынша Қазақстан мен Қырғыз елінің көршілес облыстарының ішкі істер органдарының көрнекі жұмысын тұрақты негізде ұйымдастыруға көмектесетін жоспарларға қол қойылғанын естеріңізге салғым келеді.
Осы іс-шараны өткізгеннен кейін Қырғыз еліндегі әріптестерімізбен кездесу біз үшін жемісті болды. Біздің қарым-қатынастарымызды әрі қарай дамытудағы жалғастырушы кезең – 2017 жылдың маусым айы. Сол айда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының шекара маңындағы облыстары (Шу және Талас облыстары) ішкі істер органдарының есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жедел-профилактикалық іс-шаралар жоспарына ІІМ қол қойды. Ал 2017 жылдың 21 шілдесінде Шолпаната қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз елінің ішкі істер министрліктері арасындағы одан әрі ынтымақтастық туралы кездесу өткен болатын.
Қылмысқа қарсы күрес, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ заң үстемдігі мен шекара маңындағы аймақтарда жазалаудың бұлтартпастығы және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидатының бірлескен ісінде екі елдің көрші облыстары арасында жақсы қарым-қатынастардың болуы одан әрі қылмыспен күресуге көмектесетіні анық.
2016 жылдың мамыр айында қол қойылған екі министрліктің бірлескен келісімдерін жүзеге асыру аясында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Чу облысының қызметкерлерімен бірге биыл мамыр айында Панфилов ауданы Чалдовар ауылының тұрғыны Меркі ауданындағы шекара учаскесінде мал айдап кеткені туралы деректі анықтадық. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде Т.Рысқұлов ауданына қарасты Абай ауылының «Екі аша» учаскесінде Қырғыз Республикасынан 35 жылқы айдап кеткен Абай ауылының тұрғынын ұстадық.
Бүгінгі күні ұялы телефон ұрлығы да – өзекті мәселеге айналып отыр. Оны ашуға кері әсер ететін бірқатар себептер де бар. Мысалы, ұрланған телефондар шекара асып кеткеннен кейін оны өзге елдің аумағында IMEI коды бойынша анықтау мүмкін болмай отыр. Мысалы, биыл 1 қазанда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Чу облысы Сокулук ауданының тұрғыны «Мерседес-Спринтер» шағын автобусының жүргізушісінен 27 ұрланған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.
Біз алдағы уақытта Қырғыз елінен келген әріптестерімізбен ұялы байланыс құрылғыларының заңсыз айналымына қарсы тұру үшін бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз.

Есірткі – қоғам дерті

Асхат ӘЛМЕТОВ, облыстық полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі:
– Соңғы уақытта елімізде нарықта синтетикалық есірткінің жаңа түрлері пайда болды. Бүгінде бүкіл әлемде органикалық есірткі – марихуана, гашиш, героин, кокаинмен күрес дәстүрлі түрде жүргізілуде. Алайда бір өкініштісі, химиядағы озық жетістіктер адам өмірін жақсартуға ғана емес, жаңа есірткі дайындауға да бағытталып отыр. Интернет-ресурстар, сондай-ақ ақша қаражатын аударудың электрондық жүйелерін қолдану арқылы да синтетикалық есірткілер мен психобелсенді заттардың таралу үрдісі байқалып отыр. Сондықтан мұндай қатермен күрес тек күш-жігерді біріктіруді талап етері сөзсіз.
Жалпы қылмыстың бұл түрі – халықаралық сипатқа ие. Сондықтан тиісті қызметтерді бірлесе отырып, тұрақты негізде ұйымдастыруды және осы желі бойынша ведомстволардың тәжірибе алмасуын жалғастыру қажет.
Есірткі сатушылар синтетикалық есірткілерді негізінен интернет-сайттар арқылы саудалайды. Сондықтан есірткіге қарсы күрес мәселесі және оларды заңсыз тарату бүгінде өзекті болып отыр. Интернеттің, заманауи технологиялардың дамыған заманында есірткі құралдарын қарым-қатынассыз, байланыссыз өткізу тәсілі пайда болды. Бұндай қылмыстар көбінесе бір өңірдің аумағымен ғана шектеліп қоймай, халықаралық сипатқа ие болып отыр.
Жедел қызметкерлер синтетикалық есірткі саудасын байланыссыз сатуды ұйымдастыру тәсіліне жиі бетпе-бет келіп тұрады. Синтетикалық есірткі құралдарының байланыссыз тәсілмен таралуына қарсы тиімді іс-қимыл жөніндегі шараларды жетілдіру – ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.
Синтетикалық есірткілердің таралуын анықтау және құжаттау бойынша өзекті мәселелердің бірі Қазақстан Республикасы Заңына «синтетикалық психобелсенді заттардың есірткі аналогы» ұғымын енгізу болып отыр. Қандай да бір затты осындай психобелсенді есірткінің аналогы екенін анықтасақ, біз аталған қылмысты заңсыз айналым үшін қудалайтын боламыз. Бұл бізге жаңа атауды әр уақытта белгілемей, қандай да бір психобелсенді затты модификациялау үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа арнайы дайындалған жедел қызметкерлерді даярлау, сондай-ақ есірткіні қашықтықтан сату жөніндегі барлық ақпаратты қадағалайтын инженер-программистерді жұмысқа тарту қажеттігі пісіп-жетілді. Бұл осы бағыттағы қылмыстардың ашылуын жеңілдетеді және құқыққа қарсы қызметтің жолын кеседі.
Облыстың алты ауданы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Меркі) Қырғызстан Республикасымен шектесетін, ұзындығы 546 километр ортақ шекарасы бар екенін ескерсек, осы өтіп жатқан кездесудің маңызы өте зор.
Есірткі заты күрделі мәселе. Ауғанстаннан Тәжікстанға, Тәжікстаннан Қырғызстанға, сөйтіп Қазақстанға транзиттеледі. Ал соның 10-15 пайызы біздің елімізде қалады. Сөйтіп әрі қарай жөнелтіледі. Осы мақсатта біз Қырғыз еліндегі әріптестерімізбен бірлесіп, осы негізгі өзекті сұрақтардың бәрін қарастырып отырмыз.
Осы аталған шекаралардың тау-кен алқаптары арқылы контрабандашылардың қару-жарақ, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер, есірткі құралдары сияқты тыйым салынған заттарды алып өтетін жолды кесу қиынға соғып отыр. Себебі олардың тұрақты патрульдеу жүргізуге қиын соғатын тау жолдары бар. Сондықтан облыс аумағынан тыс жерлерге есірткі құралдарын шығару арналарын жабу өте күрделі. Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің бастамасымен осы секілді көптеген проблемалардың, қылмыстың алдын алу жолдары қарастырылуда. Осы тұрғыда біз, шекаралас Қырғыз елінен арнайы келген әріптестерімізбен бірлесіп, біраз мәселелердің шешімін тауып, еліміздің, жеріміздің, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында оң нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Терроризмнің алдын алуда бірлескен шараларды жүргізу – өзекті

Бейбіт НӘЛЕКОВ, облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полиция полковнигі:
– Мұндай ынтымақтастық көбінесе екіжақты байланыс шеңберінде немесе жұмыс кездесулері барысында жүзеге асырылады. Сонымен қатар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, ортақ шекара маңындағы аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмысты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген адамдарды анықтау бойынша мақсатты жұмыстарды іске асыруда.
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамыту және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар:
– Қырғыз немесе Қазақстан Республикасында құқық қорғау органдарының назарына түскен тұлғаларға қатысты және қылмыстық істер бойынша заңнама нормаларына сәйкес ақпаратты өзара жедел алмасу;
– террористік актілердің, экстремизмнің және өзге де күш қолдану көріністерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ Қазақстан және Қырғыз Республикасы аумағындағы ұйымдар мен тұлғалардың осы қылмыстық іс-әрекетке қатыстылығы бойынша келісілген алдын алу, іздестіру іс-шараларын тұрақты түрде жүргізу;
– террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстарды жасаған немесе күдікті, ықтимал адамдарды мемлекетаралық іздестіруді жүзеге асыру жөніндегі шаралардың тиімділігін арттырып, оларды экстрадициялауға уақтылы көмек көрсету;
– сондай-ақ осы саладағы жаңа әдістер мен озық ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалану тәжірибесімен, тақырыптық, ақпараттық-талдау, ұйымдастырушылық, әдістемелік материалдар алмасуды кеңейту;
– қырғыз Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтығын алған кезде олардың ДДА-ға қатыстылығын және әскери іс-қимыл аймағына шығу мүмкіндігін тексеру мақсатында ІІО-ны хабардар ету;
– әскери қимылдарға қатысу үшін кеткен адамдар бойынша жедел өзара ақпарат алмасуды әзірлеу;
– кәмелетке толмағандарды радикалды идеологияға тартуға жол бермеу, сондай-ақ оларды экстремистік қызметке қатысуға мәжбүрлеу мақсатында Қырғыз елі мен Қазақстанда білім алып жатқан кәмелетке толмаған жастарға қатысты ақпарат алмасуды жүзеге асыру қажет.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен шыққан халықаралық лаңкестік ұйым әскерилерінің оралу мәселелері аясында маңызды шаралардың бірі – ел ішінде де, біздің шекараларымызда да бірлескен сараптау және шектеу шараларын жүргізу өте өзекті.
Мұндай өзара тиімді іс-қимыл аса маңызды. Бүгінгі кездесу тығыз жұмыс байланыстарын орнатуға мүмкіндік беретініне және өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қызмет ететініне сенімдімін.

Тілші түйіні: Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыскерлердің жолын кесу – шекара талғамайтын ортақ міндет. Сондықтан бірлесе еңбек етіп, жұмысты жандандырудың маңызы зор. Осы ретте халықаралық жиынның екі елдің қызметкерлерінің өзара іс-тәжірибе алмасуына тигізген септігі мол болғаны анық.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support