- Advertisement -

Еске алу

203

- Advertisement -

(Серік Томановқа)

«Еңбек туы» еді үнқағаз аты ол кезде,
Ғимаратына жиі баратын едім мен – кезбе.

Болмысы бөтен тірліктің тінін ұғатын,
Серік ақын да ат басын сонда бұратын..
Арқасы қозып, аңқасы кепкен адамға,
Арнасын жырдың ағытып тастап тұратын..

Асқаржан ақын, бар еді сыршыл Сағат та,
Қара шаңыраққа қаңғырып кірген заматта,
Балдырған ақын – Бақытжан жүгірмекті олар,
Жүгіртетінді тамызық тап – деп тамаққа.

Жүрекке маздақ заһардан тастап тамызық,
Тілімен тіліп, тасқа да сызат салғызып,
Сырымен тұнық гүлге де бүршік жарғызып,
Сөйлейтін Серік сезімнің селін ағызып.

Тұрымтай тектес, тік тұра қалып қас-қағым,
Бір сілкіп тастап құлагер жалды-шаштарын.
Жалындай шарпып, өзектен атып отты сөз,
Өрттейін өрге өрлейтін еді асқақ үн.

Зеренді ой мен зерделі сөздің зергері,
Маңдайда тағдыр, таңдайда ащы кермегі
Замани емес, адами ақын еді ғой.
Тіксініп қарар даңғаза даңққа жердегі.
Еске алып жатса еміреніп бүгін ел-жұрты,
Өлмеген ақын. Оралып қайта келгені.

Ауысып заман, үнқағаз «Ақжол» атанған,
Ақжолға аттанды. Шықпайды күтіп заты алдан.
Қаңырап қалды дәлізі ғимараттың да,
Асқаржан, Серік, Сағаттар кетіп қатардан.
Соғылып сеңдей, бастарын қосып сан ақын,
Әдеби ойын ортаға сонда салатын,
Көсемәлі де құстайын ауды ол жақтан,
Жылы қабақпен жымия қарсы алатын.

Селкеулік түскен сезімге сол бір кездегі,
Ғимарат тыныш. Естілмес ақын сөздері,
Шылымның исі, шыбынның үні сезілмес,
Сірескен шиша шамдардың сұрғылт көздері.

Көздерден көріп, жүректі емес құлқынды,
Ішіме жұтып, күйігім менен күлкімді.
Серікті таппай сенделіп, суық дәлізден,
Зарығып шығам, қамығып шығам бір түрлі.

Барсам да қайда өресі биік, озғандар,
Сәлемге марғау саусағын ғана созғандар.
Жамбасыменен, жабысып мәңгі қалғандай,
Орынтақтарын бөксесіменен қозғалтар.

Жандарға сондай жақпай қалдық па? Нағылдық,
Ии.., азар болса саусақтың ұшынан қағылдық.
Аңқылдап келіп, төспенен төсті ұратын
Серік айтқандай «Кең құшақтарды сағындық»

Кіл заңғар тіпті ай жұлдыздарменен сырласқан,
Адамды қайтсін жердегі мынау мұң басқан.
Бөлтірік ақындар да бөрідей ұлып шуласқан,
Өзгеше болып, өзеуреп айтқан теңеуден,
Бөздейін тозды-ау жұлдызды-гүлді түнгі аспан.

Жұлдызы аққан, Айдағы дақтан Аспан да содан қаралы,
(Маралтай көрсе тағы бір жұлдыз ағады)
Бөлтірік сезім талады ма әлде кім білсін,
Ерке де есіл-еліктей өлең жаралы.

Ерке де есіл-еліктей өлең жаралы!
Ал енді анау адасып жүрген Ақбөкен.
Ғасырдан өтіп, ғасырға кетіп барады.

2Жанатбек
Тұрғынбайтегі.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support