- Advertisement -

Қазақ балуандарына 4 алтын бұйырды

100

- Advertisement -

Еркін күрестен мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық дода мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні байрақты бәсекенің ашылу салтанатымен басталды.Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған аламанның ашылу салтанатында алғаш сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков доданың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып отырған барлық тарапқа ризашылығын жеткізіп, жарыстың бас демеушісі «Альтаис групп» ЖШС-ның бас директоры Әлімбек Жұмабаевқа рахметін айтты. Бұдан соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант, Ұлттық гвардия басқарушысы Амангелді Шабдарбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейіннен доданың бас демеушісі «Альтаис групп» ЖШС-ның бас директоры Әлімбек Жұмабаев сөз алып, игілікті іске қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендігін жеткізді.
Соңыра балуандар боз кілемге шығып, доданы бастап кетті. Бұл күні алдымен 65, 70, 86, 92, 125 килограмм салмақ дәрежесіндегі саңлақтар електік кездесулерін өткізіп, жүлдеге таласатын мықтылар іріктелді.
Кейіннен 57, 61, 74, 79, 97 килограмм салмақтың сайыпқырандары боз кілемге беттеп, үздіктерді анықтады. 57 килограмм салмақ дәрежесінің бірінші орыны ресейлік балуан Жаргал Дамдиновтың еншісінде кетті. Оның қарсыласы, Белоруссия балуаны Димчик Рынчынав жарақатына байланысты кездесуден бас тартып, күміс жүлдені қанағат тұтты. 61 килограмм салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Ресейлік Нуркун Александров пен Расул Қалиевтің белдесуі драмаға толы болды. Соңғы сәтке дейін 1:2 есебімен жеңіліп жатқан Расул белдесудің аяқталуына санаулы секунд қалғанда екі ұпай иеленіп, өзінің шын шебер екенін дәлелдеп, бірінші орынға иелік етсе, ресейлік спортшы күміспен күптелді. 74 килограммның алтыны мен күмісі ресейлік балуандардың еншісінде кетті. Финалда Арсалан Будажаров отандасы Мурат Курамагомедовтан айласын асырды. 79 килограмм салмақ дәрежесінің алтыны тағы да ресейлік балуанға бұйырды. Халықаралық деңгейде танылып жүрген Ғалымжан Өсербаев Тажидин Акаевқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал 97 килограмм салмақ дәрежесінде белоруссиялық спортшының жұлдызы жанды. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Мамед Ибрагимов Александр Хуштиннен ұтылып, екінші орынға табан тіреді.
Келесі күні 65, 70, 86, 92, 125 килограмм салмақ дәрежесіндегі мықтылар анықталды. 65 килограмның шешуші кездесуінде қазақ балуандары бақ сынады. Ақтық сынға дейінгі белдесуде белгілі балуан Дәулет Ниязбековты жеңген жамбылдық жампоз Мейіржан Әшіров күміс медальға ие болды. Ол финалда Ілияс Жұмайға бір ғана ұпай айырмасымен жеңіліп қалды. 70 килограмм салмақ дәрежесінде ресейлік спортшы Иван Ефремов топ жарса, қазақстандық Нұрғожа Қайпанов күміс медальды місе тұтты. 86 килограмм салмақ дәрежесінде моңғолиялық балуан Утимен Ордоғұл өзінің шын мықты екенін дәлелдеп, алтыннан алқа тағынса, қазақстандық Елхан Асадов күміс жүлдеге ие болды. 92 килограмм салмақта Әбдіманат Байкенжиев турнир жеңімпазы атанды. Күміс жүлде иегері – Нұрғали Нұрғайыпұлы. Ал жамбылдық Әділет Дауланбаев үздік үштіктен көрінді.
125 килограмм салмақ дәрежесінде жамбылдық жампоз алтын жүлдені қоржынымызға салды. Жерлесіміз Бақтияр Жаңабек финалда Іңкәр Ермұханбетті 13:10 есебімен жеңді.
Ұлттың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына 4000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілсе, екінші орын иеленген балуан 2000, үшінші орынға табан тіреген спортшы 500 АҚШ долларын қалтасына басты. Сондай-ақ турнир чемпиондарының бапкерлеріне 500 доллардың сертификаты табысталды. Турнир барысында 100 мың теңгелік және 50 мың теңгелік бірнеше лотерея билеттері ойнатылды. Тараздықтардың еркін күрес аламанын еркін отырып көруіне мүмкіндік жасаған «Альтаис групп» ЖШС басшылығына жұртшылық дән риза.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support