- Advertisement -

Алаш ардақтысы атындағы аламан

91

- Advertisement -

Таразда еркін күрестен Мемлекет және қоғам қайраткері
Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Алаштың ардақтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық дәстүрлі дода биыл да жалғасын тауып отыр. 2007 жылы республикалық деңгейде бастауын алған айтулы аламан 2012 жылдан бері халықаралық деңгейде өткізіліп келеді.
Балуандар бәсекесі басталмай тұрып алдымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп, байрақты бәсекеге бірнеше мемлекеттің мықты балуандары келіп отырғанын сөз етті. Бұдан соң «Альтаис групп» ЖШС президенті Әлімбек Жұмабаев сөз алды. Ол дәстүрлі доданың тұрақты түрде өтуіне қашанда үлес қосуға ниетті екенін айтып, жарыстың жүлде қоры туралы әңгімеледі. Балуандарға сәттілік тіледі. Кейіннен еркін күрестен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Әсет Серікбаевқа сөз тізгіні тиді. Аға жаттықтырушы аламанға әлемдік және құрлықтық додаларда атой салып жүрген бірнеше балуан қатысатынын айтып, байрақты бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылып келе жатқанына тоқталды. Соңыра турнирдің бас төрешісі, үндістандық Малик Сатиа Дев жарыс ережесін түсіндірді.
Биылғы турнирге елімізден жүз елуге жуық балуан қатысып жатыр екен. Сонымен қатар Ресей Федерациясы, Моңғолия, Беларусь, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекеттерінен де сайдың тасындай іріктелген саңлақтар бақ сынауда. Айтулы аламанның алғашқы күнінде 57, 61, 74, 79, 97 килограмм салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар боз кілемге шығып, електік кездесулерде кім мықты деген сауалға жауап іздеп көрді.
Алғаш боп ортаға шыққан балуандар әдемі әдістер жасап, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Әсіресе алғашқы қарсыластарын жеңген соң 1/8 финалда кездескен 57 килограмм салмақтағы ресейлік Ф.Постников пен Қырғыз Республикасының намысын қорғаған К.Парпиев арасындағы кездесу әдемі өрбіді. Екі балуан алма-кезек әдемі шабуылдар ұйымдастырып, тамаша әдістерімен көзге түсті. Белдесу аяқталар тұста қарсыласын өзінен асыра лақтырып, ұпай қорын молайтқан К.Парпиев Ф. Постниковтен айласын асыра білді. 57 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған ресейлік қос мықты Ж.Дамдинов пен А.Тиуртин арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Дамдинов соңғы сәтте белсенділік танытып, жеңісті жұлып алды. Өзбекстандық М.Джуриев Қырғыз Республикасының үкілі үміті И.Кеңесовты оңай жеңіп кетсе, қазақстандық К.Омарбеков Алатаудың ар жағынан келген А.Сманбековке есе жіберді.
Өзге салмақтардағы кездесулер де жанкүйерлерді жалықтырған жоқ. Әсіресе електік кезеңде ресейлік А. Захаровқа қарсы боз кілемге беттеген отандасымыз Б.Төребектің қарсыласын әдемі әдіспен таза жеңгені жүрекке жылылық ұялатты. Осылайша ол 61 килограмм салмақтағы мықтыларға өзімен санасу керектігін ұқтырды. 74 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы Б.Сақаев талай додаларда жүлде алған моңғолиялық М.Ганзоригті айқын басымдықпен ұтып, «Тараз – Арена» спорт кешеніне жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
79 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысып жатқан қазақстандық тәжірибелі балуан Ғ.Өсербаев өзінің әлі де бабында екенін көрсете білді. Алғашқы кездесуінде тағы бір қазақстандық спортшы Ж. Сұлтанмен белдескен ол мол тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті. Осы салмақта ресейлік балуандар А.Касиев пен К.Батыров ширек финал жолдамасын сарапқа салып, алғашқысы өзінің шын мықты екеніне шүбә келтірмеді.
Жалпы алғанда, жарыстың бірінші күнінде 57, 61, 74, 79, 97 килограмм салмақ дәрежесіндегі спортшылар боз кілемде белдесіп, ақтық сын жолдамасын сарапқа салды. Қатарынан оза шапқан мықтылар бүгін жоғарыда аталған бес салмақ бойынша шын мықтыларды анықтайды. Ал ертең 65, 70, 86, 92 және 125 килограмм салмақ дәрежесіндегі үздіктердің есімі белгілі болады. Халықаралық аламанның қорытындысы туралы газетіміздің келесі санында толығырақ жазатын боламыз.
Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық жарыста топ жарған спортшы 4000 АҚШ долларына иелік етсе, күміс жүлдегер атанған балуан 2000 АҚШ долларын, қола жүлдеге қол жеткізген саңлақ 500 АҚШ долларын қалтасына басады. Сонымен қатар турнирде жеңіске жеткен спортшының бапкеріне 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы үлестіріледі.
Халықаралық турнирдің жоғары деңгейде өтуіне Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мұрындық болып отыр. Ал бәсі жоғары доданың бас демеушісі «Альтаис групп» ЖШС екенін айта кеткен жөн.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support