- Advertisement -

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫНЫҢ ҚАДІРІНЕ ЖЕТЕ БІЛЕЙІК, АҒАЙЫН!

211

- Advertisement -

Бас редактор бағаны                                                                                    

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Соны дереу «AKORDA.KZ» сайтынан алып, жедел оқып шықтым.

Халықтың көкейіндегісін тап басқан, киіз туырлықты, ағаш уықты ел екенін мақтан тұтатын жұрттың жетесіне жеткізе айтылған жүйелі сөз. Риза болдым. Кеше ғана әлеуметтік желілердің бірі — ФБ-дан «қазақ шежіресіндегі жүзге кірмейтін…» деп келетін бықсықты оқып, қатты қынжылып ем. Сосын «Әл-Фарабиды, Абылайханды қазақ емес деп кім айтады, қазақ деп мақтанып жүрген жоқпыз ба!?» деп жазып едім.

Иә, кеше ғана. Бірақ бұл менің көрегендігім емес, «үй ішінен үй тігіп», өздерінен өздері бөлініп жүретіндердің жазбасымағына табан астында танытқан азаматтық ұстанымым мен берген жауабым болатын.

Бүгін міне, сол мәселе Елбасының «Ұлы даланың жеті қырында» жан-жақты және жеріне жеткізе айтылыпты.

Ұлы даланың төсі мен төрінде өскен, өнген және өмірден өткен ежелгі ата-бабаларымыз да, олардың бүгінгі ұрпақтары да, бәрі-бәрі, сол даланың толысқан дәндері, жайқалған бұтақтары. Алтайдың таулары мен баулары, өзендері мен көлдері, сайлары мен қырлары тебінгісін термен шіріткен түркі жұртының алтын бесігі екені, жал-құйрығы сүзілген жылқы малының атбегі болған ата-бабаларымыздың қанаты екендігі, сол сияқты жылқы малын күтіп-баптап ұстау, оны ертұрмандап, айыл-әбзелдеп міну, тау-тастан табылған алтын, күмісті «жылтырақ тас екен» деп тамашалап тастай салмай, Парижде (Лувр), Санкт-Петербургте (Эрмитаж) тұрған әлемдік өркениет үлгілерінен де асырып өңдеу (Есік қаласынан табылып, әлемдік сенсацияға айналған «Алтын адам» киім үлгісіндегі нәзік нақыштарға толы әшекейлі өрнектердің бір өзі ғана неге тұрады!) сияқты Ұлы даланың даналығы мен даралығын паш ететін жәдігер-дүниелеріміз жеткілікті.

Мақалада осының бәрі бүге-шігесіне дейін айтылып, талданып, тіпті, оны Ұлы даланың ежелден келе жатқан жасампаздығын жаһанға танытатын мақтанышы мен бренді ретінде әлемге паш етудің, сол жұмыстарды жүзеге асырудың жолдары, жобалары, бағдарламалары да көрсетіліпті.

Мысалы, «Архив-2025″ жеті жылдық бағдарламасының», біле білсек, Ұлы дала тарихын ұлықтау үшін пайдасы ұшан-теңіз болмақ. Елбасының осы бағдарламаны жүзеге асыруды тапсыра отырып, оны «ел көріп, жер шолып» қана қайтатын құр «академиялық туризмге» айналдырмау керек» дегені де өте орынды сөз. Әйтпесе, мемлекет есебінен саяхатқа құмарлар бізде өте көп қой.

Қысқасы, Ұлы даланың Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Абылайхан, Кенесары, Абай (бұл тізім әлі толыға түседі деп ойлаймын) сынды даралары мен даналарын және сол ұлыларымыздың даналықтарын әлемге жаңа қырынан танытуға ұстын болатын ғажап құжат дүниеге келді.

Мақаладағы айтылған ойлар мен жобаларға байланысты Ұлы Жібек жолының бойындағы Тараздайын тарихи қаласы бар, Қарахан мен Айша бибідей керемет кесенелері бар, Ақыртас пен Тектұрмастай тылсым жұмбаққа толы көптеген ескерткіштерге бай өңірімізде де атқарылатын ұланғайыр жұмыстар мен көптеген іс-шаралар күтіп тұр.

Ендігі міндет, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты осы мақаласын бағалы құжат ретінде алға ұстана отырып, онда айтылған аталы сөздерді, баталы бастамаларды Ұлы дала тарихына деген ұқыпты, ұсынықты және ықтиятты елдің азаматтарындай мұқиятты түрде жүзеге асыруға бәріміз бірдей ат салысайық, ағайын!

 

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support