- Advertisement -

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша заңнамаға енгізілген кейбір өзгерістер туралы

69

- Advertisement -

Бүгін Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде танымал. Ширек ғасырдың ішінде Қазақстан жаһандық шаруашылық қатынастарға енген егеменді ұлттық экономика ретінде, сондай-ақ әлемдік экономиканың толыққанды қатысушы елі ретінде қалыптасты.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің біріне айналуы керек және біз бұл мақсатқа сенімді түрде қадам басып келеміз.
Соңғы бірнеше жыл бойында көрсетілетін қаржы қызметтері мен өнімдердің түрленуімен қаржылық қызметтер нарығының қарқынды дамуы байқалады. Тиісінше, көрсетілетін қаржылық қызметтердің өсуіне қарай қаржы ұйымдарының іс-әрекеттері бойынша шағымдардың да саны артуда.
Қаржы саласындағы қауіпсіздік, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау – өз ақшаңды қорғау саласындағы және заң шеңберінде қаржылық қызметтерді пайдалану бойынша өз құқықтарыңды қорғау саласындағы маңызды мәселе. Қаржылық сауаттылық қаржылық мәселелерде неге назар аудару және несие шарттарын оқу керектігін, егер оның барлық шарттары түсінікті және онымен келісілген жағдайда ғана қол қоюды ескертеді.
Қазіргі кезде бірқатар заңнамалық актілерге, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру жүйесі туралы», «Төлемдер және төлем жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына негізделген қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі бар.
Соңғы жылдары елімізде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда: 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктік заем шарттарында уәкілетті орган белгілеген әдіспен есептелетін және клиенттің банкке әртүрлі төлемдермен байланысты шығындарын қамтитын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (бұдан әрі – ЖТСМ) көрсету бойынша банктердің міндеттемесі енгізілді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы №377 қаулысымен, банктік заемдар, микрокредиттер, банктер ұсынатын қарыздар, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық және микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктер үшін ЖТСМ 56% мөлшерінде ең үлкен мөлшері бекітілген. Яғни, ЖТСМ қаржы қызметтерін тұтынушыларға несие құны туралы сенімді ақпарат алуға, сондай-ақ әртүрлі қаржы институттары ұсынатын әртүрлі несиелердің шарттарын салыстыру және бағалау және ең қолайлы несие өнімін таңдауға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банктің сайтында ЖТСМ есептеуге арналған калькулятор бар, оны әрбір қарыз алушы пайдалана алатынын айта кеткен жөн.
2011 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ипотекалық несиелендіру және қаржылық қызметтерді және инвесторларды тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бірқатар тыйымдар енгізілді. Олардың бірі, егер кепiл туралы шартты тiркеген уәкiлеттi органда кепiл берушiнiң тиiсiнше жазбаша бас тартуы тіркелген болса кепіл затты соттан тыс сатуға тыйым салу болып табылады. Кепіл затты сату қажеттілігі туындаған кезде кепіл ұстаушының тәуелсіз бағалау жүргізу міндеті енгізілді.
Сондай-ақ 2015 жылы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында келесілер белгіленді және 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап келесі өзгерістер қолданысқа енгізілді:
— банктік қарыз шарты бойынша ай сайынғы төлемді уақтылы төлемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен тоқсан күн ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауы тиіс. Мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауы, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауы тиіс;
— берешекті өтеудің ерекше кезектілігі негізгі борышты өтеу басымдылығы.
Яғни, егер банктік заем шарты бойынша қарыз алушы жасаған төлем сомасы қарызгердің банктік заем шарты бойынша міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болса, онда бірінші кезекте мерзімі өткен негізгі қарызды өтеу және сыйақыны төлеу құқығы, сондай-ақ соңында тұрақсыздық пен айыппұлды өтеу құқығы көзделген.
Заңнамаға енгізілген осы өзгерістер заемшының банк алдындағы қарыз сомасын азайту арқылы борыштық жүктемесін айтарлықтай төмендетеді;
— қарыз алушылардың – жеке тұлғалардың банктік шоттарынан ағымдағы немесе шотқа түскен соманың 50%-ынан аспайтын мөлшерде ақша өндіруді шектеу (2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген). Бұл ереже қарыз алушының өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қарыз алушының ағымдағы шотындағы ақшаның 50%-ы мөлшеріндегі қалған соманы иеленуіне мүмкіндік беру үшін енгізілген;
— ЖТСМ есептеу кезінде есепке алынған жеке тұлғаға берілетін банктік несиелер мен микрокредиттерді беру және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялық және басқа да төлемдер тізбесін шектеу (2016 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген). Яғни, банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыздар беру мен қызмет көрсету кезінде алуға құқылы комиссиялар мен басқа да төлемдердің тізбесі анықталған. Егер бұрын банктер заемдардың құнын айтарлықтай арттыруға алып келген әртүрлі комиссиялар мен төлемдерді белгілеуде шектелмеген болса, енді олар 11 комиссия және басқа төлемдерден артық төлем ала алмайды;
— қарызды мерзімінен бұрын өтеуді айыппұлсыз төлеу мүмкіндігі 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді және қолданысқа енгізілген күннен бастап пайда болған құқықтық қатынастарға қолданылады. Яғни, банктер мен қаржы ұйымдары несиелерді мерзімінен бұрын өтеу үшін тұрақсыздық немесе басқа түрдегі айыппұл санкцияларын қолдануға, бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, құқылы емес.
Қарыз алушы қарызды толық өтегеннен кейін 15 (он бес) күннен аспайтын мерзім ішінде тегін жазбаша түрде берешек туралы анықтама алуға құқылы.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңмен банктердің банктік заем шарттарында комиссиялық және басқа да төлемдердің толық тізбесін көрсету міндеті, сондай-ақ қарызды беру мен қызмет көрсетуге байланысты сомалар көзделген. Бұл талап банктердің комиссияларды пайдаланудағы ашықтығын қамтамасыз етуге және қарыз алушыларға өздері үшін ең тиімді тауарды таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ банктер мен қаржы ұйымдарының жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың және басқа да төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіпте енгізуге құқығы жоқ.
Республика бойынша Ұлттық Банктің филиалдарында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәсілдерін кешенді және бірыңғай қамтамасыз ету мақсатында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша функцияларды атқаратын қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімі өз қызметін жүзеге асырады.
Осылайша қаржылық қызмет көрсетудің кез келген тұтынушысы өзінің сұрағы немесе мәселесі бойынша Филиалға жүгінуіне болады. Өкілеттіктері шеңберінде Филиал өз тарапынан өтініш берушілердің кез келген өтінішін қарастырып, тиісті түсініктемелерімен дәлелді жауаптар беріп, кеңес береді және заңгерлік көмек көрсетеді. Банктер мен қаржылық ұйымдардың тарапынан ҚР заңнама талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда Филиал анықталған бұзушылықтарды жою және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдайды.

Динара Дауылбаева,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл
филиалының бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support