- Advertisement -

ӨҢІРЛІК САЛАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ҚҰРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

49

- Advertisement -

Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі мүшелерімен және аймақтың бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланып, бизнес жүргізудегі өзекті мәселелер тыңдалды.

Премьер-Министр кәсіпкерлердің назарын аймақтағы қарапайым заттардың экономикасын, әлеуметтік экономиканы дамыту мәселелеріне аударып, қазіргі уақытта экономиканы несиелеу мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді.
– Бұл мақсатқа бөлінген 600 миллиард теңгенің 400 миллиарды өңдеу өнеркәсібіне бағытталды, ауыл шаруашылығына 200 миллиард теңге бөлінді. Оның тең жартысы өнімді өңдеуді дамытуға арналған. Сонымен қатар өңірлерді жан-жақты дамыту үшін жергілікті мамандандыруды ескере отырып, өңірлік салалық бағдарламалар құру қажет. 600 миллиард теңге қаражат банктер арқылы 11 пайызбен беріледі, екінші деңгейлі банктер тарапынан 4 пайыз қосылады. Сонда барлығы 15 пайыз болады, оның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Нәтижесінде 7 жылға 8 пайыз ғана қалады. Бұл уақыт өз кәсібін дамыту үшін жеткілікті, мамандар да, жеріміз де, білім де бар, бірақ зауыт тапшы. Бұл өңірлер үшін жақсы инвестиция болады. Яғни бұл өнеркәсіп ауқымын ұлғайту, әртараптандыру және жаңа жұмыс орындары деген сөз. Ең бастысы, нарықта қолжетімді бағадағы өз қантымыз пайда болады, – деді Бақытжан Әбдірұлы.
Үкімет басшысы, сондай-ақ облыс үшін аса маңызды жобаларды іздестіріп тауып, оларды алға жылжыту қажеттігін атап өтті. Бұл мәселе облыс деңгейінде шешілуге тиіс.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы туралы айтып берді. Облыста Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 1745 адам білімін жетілдірген.
«Биылғы жылы білім алғандардың 98 пайызы өздерінің бизнес-жобаларын қорғады. Табысты жобалардың үлкен пайызды құрауы – облыстың ерекшелігі. Республика бойынша орташа көрсеткіш 60 пайызға тең. Өңірдегі табыс деңгейі жоғары емес және жұмыспен қамту бағдарламасы адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтуды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Кездесу барысында, сонымен қатар кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қолдаудың қорытындысын шығару ұсынылып, ауыл шаруашылығындағы жобаларды субсидиялаудың тиімділігі және жер телімдерін беру рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы кеңінен сөз болды.
Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында кәсіпорын басшыларына қызметкерлерінің жалақысын көтеруді міндеттеген болатын. Жиында «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров Президент Жолдауын қолдау мақсатында кәсіпорынның барлық жұмыскерлерінің жалақылары 13,5 пайызға көтерілгенін жеткізді.
– Біз келесі жылдың қаңтар айынан бастап барлық қызметкерлеріміздің жалақысын тағы 10 пайызға көтеру туралы бұйрық шығардық. Осылайша орташа жалақы 140 мың теңге болады. Сонымен қатар біз талдау жүргізіп, төмен жалақы алатындарды анықтадық. 1 қаңтардан бастап олардың да жалақысын 20 пайызға көтеретін боламыз, – деді ол.
Басқосу соңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек облыстағы өнеркәсіптік кешеннің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 17 пайыздан астамын құрайтынын атап өтіп, Елбасы Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша көңіл бөлінгеніне тоқталды.
– Жалпы, кәсіпорындардың кірісін 20 пайызға арттыру, еңбек өнімділігін бір жарым есеге өсіру, өндіріс өнімділігін екі есеге көтеру, жабдықтарды жаңарту және жаңғырту тәрізді шаралар жоспарланған. Болжам бойынша, өңдеу секторындағы өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 2020 жылға қарай 50 миллиард теңгеге артып, 305 миллиард теңгені құрайтын болады. Жалпы өңірлік өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 6 пайызға көтеріліп, 205,2 миллиард теңгені құрайды деп күтіліп отыр. Облыс бюджетіне салық түсімдері 1,1 миллиард теңгеге артады, жиынтық көлемі 3,2 миллиард теңгеге жетеді, 800 жаңа жұмыс орны ашылады, — деді ол.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support