- Advertisement -

Коммуналдық қызметтер бағасы бақылаусыз қалмайды

137

- Advertisement -

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтің жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлі күнге дейін ашық еместігі туралы айтып, аталған салада нақты шешімдер қабылдау туралы тапсырма берді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде қоғамдық қабылдау өткізілді. Оған Тараз қаласының тұрғындары, қоғамдық бірлестік төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қоғамдық қабылдаудың мақсаты – Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Тараз қаласында тарифтердің өсуіне жол бермеу. Сондай-ақ табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылау және ашықтығын қамтамасыз ету.
Жиынды департамент басшысы Ерболат Дүйсембиев ашып, жүргізіп отырды. Қоғамдық қабылдау сұрақ-жауап түрінде өтіп, залға жиналған қала жұртшылығының өкілдері өздерін толғантқан бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Алғаш сөз алған тұтынушылар мен кәсіпкерлерді қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ахметов:
– Елбасы биылғы Жолдауында көп мәселе көтерді. Алдағы уақытта оның барлығы да орындалады деп сенемін. Ал қазір көтеріліп отырған мәселе – коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз көтерілуіне жол бермеу. Мен өзім ұзақ жылдар осы салада жұмыс істедім. 1996 жылы жылудың бағасы 4 теңге болатын. Содан бері қарай баға тоқтаусыз өсті. Оған ешбір бақылау болмады. Бүгінгі таңда жылудың 1 ГкалсПУ бағасы 3397,08 теңгені құрап отыр. Елбасы Жолдауда тарифтерді төмендету туралы тапсырма бергеннен соң ғана табиғи монополиялар нысандары арасында қозғалыс туындауда. Оған дейін қайда қалды? Мұны бақылаушы мекемелер неге қадағалап, баға бағамын назарда ұстамады? Рас, бүгінде коммуналдық қызметтер бағасы аздап төмендеді. Жылу бағасы 10 теңгеге арзандаса, электр энергиясының төмендеген құны бір теңгеге де жетпейді. Бар түсіргені 55 тиын. Жалпы монополистердің коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруіне жол бермеу керек. Үкімет олардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстауға тиіс, – деді.
Бұдан кейін департаменттің сараптама кеңесінің мүшесі Евгения Жиронкина үйлерге есептегіш құралдарын орнатудың тұрғындар үшін тиімді екенін айтып, бұл тұрғыдағы насихаттық-түсіндіру жұмыстары жандандырылуы тиістігін еске салып өтті. Сондай-ақ төлем түбіртектерін қабылдайтын кассалардың әлі де аз көлемде болуына байланысты олардың қатарын көбейтуді де ұсынды. Тағы бір тараздық азамат Қуаныш Ертаев алдағы уақытта коммуналдық қызмет бағасы төмендей ме деген сұрағын қоя отырып, төлемақы қабылдау терминалдары саны көбейтілуін қолдайтынын жеткізді.
Жиын барысында департамент басшысы Ерболат Дүйсембиев коммуналдық қызметтер бағасы бақылаусыз қалмайтынын айтып, қала жұртшылығы мен БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support