- Advertisement -

Аспаз қыздың жобасы

105

- Advertisement -

1 миллион теңге қайтарымсыз грантқа ие болды

Экономикасы өрге басқан шет мемлекеттерде шағын және орта бизнес жақсы дамыған. Бұл өз кезегінде өндіріс орындары арасында бәсекелестіктің артуына, сол арқылы сапалы өнім шығаруға түрткі болатыны белгілі. Сонымен қатар, тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші де арта түсері анық. Сондықтан Мемлекет басшысы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізуді міндеттеп отыр.

Мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қазіргі таңда жас кәсіпкерлерге өз ісін дөңгелетіп әкетуге қаржылай мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде отандық кәсіпкерлерді, оның ішінде жастарды кешенді қолдаудың бірқатар жобалары жасалып, бірқатар бағдарламалар іске асып жатқандығына куә болудамыз. «Zhas Project» – жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған осындай бағдарла­малардың бірегейі. Бұл жоба негізінен дипломы жоқ немесе дипломы бола тұра тұрақты жұмысы жоқ жастарды, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды және тұл жетімдерді қолдауға бағытталған.
Жастар корпусын дамыту жобасының гранттық бағдарламасы шеңберінде ауданымыздан ұсынылған әлеуметтік жобалардың ішінен Қаратау қаласының тұрғыны Динара Әбдікерімованың жобасы жеңіске жетті. Аспаздық өнері бойынша тегін мастер кластар өткізуге негізделген Динараның жобасы 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды.
Динара « Zhas Project » бағдарламасының талаптарында көрсетілгендей, 14 пен 29 жас аралығындағы жастардан 3 немесе 5 адамнан тұратын команда құрып, әлеуметтік жоба дайындауы қажет болған. Ал Динара қасына бұл іске бала күтімімен үй шаруашылығында отырған 3 келіншекті тартыпты. «Жобаны іске асырудың әр айы үшін 6 ай көлемінде шәкіртақы төленеді. Жоғарғы оқу орнын бітіргендерге алпыс мың, ал орта білімі барларға қырық мың теңге көлемінде. Бағдарлама берген мүмкіндікті пайдалана отырып, өзім сияқты жұмыссыз жас аналарға көмектескім келді», – дейді ол.
Динара Әбдікерімова жоғары білімді азық-түлік техник маманы. «Zhas Project» бағдарламасына қатыспас бұрын ол тұрақты жұмысы болмағандықтан түрлі тәттілерге үйден тапсырыс қабылдап, өз ісін бастаған. Тәтті тоқаштар мен бәліштер, мерекелік торттарды дайындап жүрген ол енді өз жобасының аясында өзгелерді аспаздыққа үйретуде.
«Талапқа сәйкес 6 ай мерзім аралығында жас кәсіпкерлер өз ісінен табыс көрмеуі тиіс. Яғни қатысушы өз жобасы бойынша тапқан табысын тегін мақсатта мұқтаж жандарға береді. Әлеуметтік жоба болғандықтан оның маңыздылығы да осында. Мен алдағы бес айда кемінде 100 адамды аспаздыққа үйретемін деп өзіме мақсат қойдым. Қазір аптасына 4 рет шеберлік сабағын өткізу арқылы 1 айда 20 адамды оқытудамын. Ал келесі айға бұдан бөлек тағы 20 адамды шеберлік сабақтарына шақырамын. Қазірдің өзінде ниет білдірушілер көп», – деген Динара Сүйіндікқызы алдын ала бір айға мәзір дайындайтынын жеткізді.
Аспаз қыздың мәзіріндегі дәмділер қала дүкендерінде көптеп кездесетін торттардан өзгеше. Қазір сапалы өнімдерден дайындалатын мұндай торттарға сұраныс та артуда.

Мәдина Жарас.

Талас ауданы.ф

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support