- Advertisement -

Тарихына тағылымы жарасқан Таразым!

80

- Advertisement -

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері, Жамбыл облысының және Алматы қаласының Құрметті азаматы.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері берекелі бірлігі мен тату тірлігі арқылы дәулеті мен сәулеті сай, әлем таныған абыройлы мемлекетке айналды. Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік үздіксіз үдемелі даму тұрақтылығы мен халқымыздың ынтымағы, тыныштық пен түсіністік мерейі – отандастарымыздың ортақ жеңісі.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстанды бұдан да мықты, берік, тұрақты мемлекетке айналдыру – сіздердің қолдарыңызда» дегеніндей, елдегі атқарылып жатқан баянды істерге жамбылдық азаматтардың да қосқан үлесі мен алға ұмтылған энтузиазмы бар. Оның ішінде тұрғындарымен тынысы бір облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басшылығымен қарқынды және креативті түрде жүзеге асып жатқан игі ілгерілеу істері ерекше орын алатыны даусыз.
Мемлекет басшысы белгілеп берген «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында нақтыланған міндеттерді мүлтіксіз жүзеге асырып келе жатқан Әулиеата өңірінің саяси және экономикалық салаларда қол жеткен табыстары мен әрбір жаңа жетістіктеріне, Алматыда тұрсам да, үнемі сүйсініп, хабардар болып отыруға тырысамын. Өңірде іске асқан әрбір игі іс – бұл әлеуметтік саясаттың берік тұғыры, өзекті негізі. Соның ішінде соңғы уақытта киелі Тараз қаласында атқарылып жатқан әлеуметтік, қоғамдық, мәдени шаралар туралы толғанбау мүмкін емес. Шаһарда бой түзеген жаңа құндылықтарға қарап, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің басқару стилінің мәдени-экономикалық сипаты еріксіз сүйсіндіреді.
Қоғамның негізі – ұлттық болмыс пен рухани қазына. Асқар Исабекұлының басшылық саясаты осы үйлесімнің әрі Елбасы белгілеп берген экономикалық даму мен рухани жаңғыру бірлігі идеясының жүзеге асырылып жатқанының нақты көрінісі дей аламыз. Сондай-ақ негізгі идеологияның Ұлт Көшбасшысының биылғы 5 қазанда жариялаған Жолдауында көрініс тапқан экономикалық-әлеуметтік даму жоспарымен біртұтас екендігін көрсетеді.
Осы бағыттағы саясаттың орындалуын Тараз қаласының көркейіп, көріктеніп жатқанынан-ақ байқау қиын емес. Шаһарда жайлы қала кеңістігін қалыптастыру, әлеуметтік демалыс орындары мен орталықтарын қайта жаңғырту жұмыстары кең өріс алып, 20 нысан ашылғаны көңілге ризашылық сезімін ұялатады.
Жыр алыбы Жамбыл ескерткішінің облыс әкімдігі ғимаратының алдына сән-салтанатымен қойылуы, ондағы таңғажайып музыкалық, түрлі түсті субұрқақтар кешені тамсандырмай қоймайды. Темір жол бекетінің алаңы қайта жасақталып, тұрғындар үшін қаланың тарихи-танымдық мазмұны дарытылып, онда Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл, Тараз сынды атаулардың эмблемалары орнатылыпты. Ал Қайрат Рысқұлбеков саябағының патриоттық, азаматтық рухта, эстетикалық биік талғамда ұйымдастырылуы ғажап! Тәуелсіздік батыры Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші қойылып, ер жүрек ұлдың мұражайы толықтырылып, айналасы біртұтас демалыс кешенімен көмкерілген. Батыр ескерткіші өжеттілік, батылдық рухын берерліктей жанды шыққан. «Ардагерлер үйі» қайта жасақталып, шахмат алаңы, 140 орындық ұлттық «Ғибрат» ғимараты осы кешен құрамында оның тартымдылығын арттырып тұр. Ал енді қала дамуымен бүкіл Қазақстан қуаттылығын білдіріп тұрған ұзындығы 220 метр «Желтоқсан толқындары» атты субұрқақтың биіктен-биікке үдей өрлеп атқылағанынан туатын көрініс музыкамен, түрлі түспен байытылуы керемет әсерге бөлейді. Бұл әрі еліміздегі ең ұзын субұрқақ саналып отыр. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының облыстық драма театр алдынан «Жеңіс» саябағына көшірілген ескерткіші де жұртшылық көңілінен шыққан болатын. Мұнда Кеңес Одағының Батырлары, тыл еңбеккерлері, «Ұлы Отан соғысына қатысқандардың» есімдері жазылған асыл тұғырлар жан толқытады.
Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет сезімін ұялататын ескерткіштің бой көтеруі мазмұны бай, құнды деректерден тұратыны қуантады. Сол Ауған соғысы ардагерлерінен шыққан Бақытжан Ертаевтың Қазақстанның Халық Қаһарманы болғаны жайлы дерек және ерлігі өрбітілген. Саябақ іргесінде «Үшбұлақ» жағажайы кеңейтіліп, жандандырылғаны көрер көзге қуаныш сыйлайды. Үстіне салынған аспалы көпір, орнатылған 300 шырақ пен айдынға аққу-қаз, балықтардың жіберілуі де керемет ойластырылыпты.
Бұл таңғажайып керемет, сөз жоқ, жасампаз рухымызға рух қосу талабымызды жалғап, гүлденген Қазақстанды көрсету, алға қарай қадам басу үшін жасалған. Ұлы қайраткер саналатын Эйнштейн «Бақыт дегеніміз – еңбек, демалыс және түсіністік» деген екен. Тараз қаласының көз сүйіндіріп, көңіл көтеретін жаңа, әсем демалыс орындары сол ұлы ғалымның даналығын растағандай.
Ал Жамбылда тұңғыш рет өткізілгелі отырған «Жерлестер» форумы Елбасы нұсқаған дәстүр құндылығын жүзеге асырудың бірден-бір үлгісі деп білем. Бұл – рухани мереке. Ауқымды шара аясында облыс қайраткерлерінің басын қосып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдеріне сенім артып отырған аймақ басшысының ісіне сәттілік тілей отырып, жерлес қайраткерлерге сол сенімді ақтауға, үн қосуға шақырамын.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаға облыстың Құрметті азаматы ретінде алғысымды білдіріп, халық игілігіне айналып үлгерген бұл жақсы істері алдағы өркендеудің жолбасы болғай дегім келеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support