- Advertisement -

Кәсіпорындарда жалақы көлемі өседі

70

- Advertisement -

Бұрнағы күні «Аrai plaza» бизнес орталығында облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Құрылғанына 5 жыл толған аталмыш кеңестің кезекті бұл жиыны бұрынғыдан өзгерек болды. Өйткені мұнда тек кәсіпорындарға ғана қатысты емес, көптің көкейінде жүрген маңызды мәселелер талқыланды. Анығырақ айтқанда, 18 кәсіпорында істейтін 8860 жұмыскердің жалақысын көтеру жоспарланды.
Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке және Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, өңірлік кеңестің төрағасы Мұқаш Ескендіровтің төрағалығымен өткен басқосуда Елбасының 5 қазанда халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру барысы сөз болды. Соған сәйкес, алқалы жиынға қатысқан кәсіпорын басшылары өз қызметкерлерінің жалақыларын көтеруге ниетті екендіктерін жеткізді.
Ұлт Көшбасшысы атап өткендей, бүгінде жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалардың мақсаты – халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру. Бұл мәселеге байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек:
– Қазіргі таңда жұмысшылардың орташа еңбекақыдан төмен жалақысын көтеруді кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі де қолдап отыр. Қажеттілік (800 адамнан астам) пен жаңадан құрылатын жұмыс орындарын ескере отырып, осы салалардағы бір қызметкердің орташа жалақысы 1,5 есеге өсіп, 50 мыңнан 115 мың теңгеге дейін көтерілмек. Сондай-ақ мұндай үрдіс ауыл шаруашылығында да байқалады. Саладағы орташа жалақы көлемі 70 мың теңгені құраса, ендігі жерде ең төменгі жалақының бір жарым есеге артуы ескеріле отырып, болжам бойынша 103 мың теңгеге дейін өспек, – деді.
Ал компания жұмысшыларының да жалақысы көтерілетіндігін жеткізген Мұқаш Ескендіров «Жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру керек. Бұл міндет, менің ойымша, кәсіпорындардың барлық басшылары алдында тұруы керек», деген пікірін білдірді.
Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов Президент бастамаларына қолдау білдіре отырып, қазіргі уақытта аталған бағыттағы жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру үшін облыстық штаб, аудандар мен Тараз қаласында жұмыс топтары құрылғанын айтты.
– Жолдауға қолдау білдіре отырып, келер жылы жалақыны көтерген жақсы. Бірақ ескеретін бір жайт – кәсіпорын басшылары бұл мәселеде жұмысшыларымен ұжымдық шарт немесе акт жасасуға міндетті. Олай етпеген жағдайда бұл заңсыз болып табылады, – деді Серғали Өмірзақұлы.
Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша қабылданып жатқан шараларға, сонымен қатар «Әулиеата» халықаралық әуежайы» АҚ өкілі Жомарт Отыншиев, облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова, «Дәмді Себет» азық-түлік дүкендері желісінің директоры Алмаз Тультаев та қолдау білдірді.
Жалпы алғанда, өңірдің бизнес қоғамдастығының өкілдері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа жауапкершілікпен қарап, сервис пен инновацияға бұдан былай да баса назар аударатындықтарын жеткізді.
Басқосу соңында өңірлік кеңес мүшелері облыстағы барлық кәсіпкер әріптестерін Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға және өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға атсалысуға шақырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, аймақта 250-ден астам қызметкері бар 95 кәсіпорында 27 264 адамның жалақысы 50 мың теңгеге дейін болса, 250-ге дейін қызметкері бар 1847 кәсіпорын мен мекемелерде 16 740 адам 42500 теңгеден төмен жалақы алады екен. Демек, Жолдаудың шарапаты, әсіресе осы санаттағы 16740 жамбылдық жұмысшы-қызметшілерге де тигелі тұр.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support