- Advertisement -

Қайталанбас дарын

393

- Advertisement -

Аса талантты, парасатты ақын Фариза Оңғарсынованың жырларын қызығып та, таңданып та оқитын кезіміз еді. Университеттің бесінші курсында оқып жүріп ақын апайым басқаратын «Қазақстан пионері» газетіне жұмысқа тұрсам деп бардым. Ол кісінің де сырласар дос іздеп жүрген шағы екен, бірден қызметке қабылдады. Біз өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Бүкпесіз жырларымен, еркін мінезімен баураған ақынды мен де барынша сыйлауға тырыстым. Көңілі кейде дауылды күнгі теңіздей бұрқанып, кейде жайма-шуақ тымық күндей сәулеленіп тұратын кісінің қас-қабағына қараймын.
Бірде: «Жабығып жүрмін, жүрегім ауырады, бір сапарға шығып қайтсақ қайтеді?», деді маған. Мен: «Біздің ауылға барып қайтайық. Әкем әдебиетті жақсы көретін кісі. Жақында Шона Смаханұлы біздің үйде болып қайтқан», дедім.
Сөйтіп, күздің бір әдемі шағында апайдың қара «Волгасына» отырып, туған ауылым Үшаралға тарттық. Совхоз орталығынан шофер інім Бақтияр күтіп алып, 3-4 шақырым жердегі №1 фермаға жол бастайтын болды. Қай жерге барса да, елдің жағдайын сұрастырып отыратын Фариза апай ініміздің жүк машинасының кабинасына ауысып отырып алды. Олар алда, «Волгамыз» артта, біздің үйге де келдік. Әкем кітап оқитын, әңгіме айта білетін ауылдың ойлы, өрелі азаматтарын шақырып қойған екен. Алдымыздан шыққан ағалар қошемет-құрметпен қарсы алды. «Дайындығы қалай екен?» деп уайымдап келе жатқан мен, сырттағы қазан-ошаққа көз салдым. Бір қазанда қазы-қарта қайнап, бір қазанда жас қозының қуырдағы былқып, біреуінде түйе тауықтың еті бұқтырылып жатқанын тез байқадым. Дәу табаға Таластың сары сазанын қуырып Қызымгүл апамыз жүр. Кімді болса да баурап алатын керемет қасиетке ие, еңсегей бойлы, аузын ашса, жүрегі көрінетін менің Ділда жәкемде ес жоқ.
Дастархан басында қуырдақты мақтап, алып отырған Фариза апай аз сөйлеп, көп тыңдады. Қолына жанынан тастамайтын қойын дәптерін алып, ауыл ағаларының әңгімелерін маржандай сұлу мәнерімен жазып отырды. Сол дәптер қайтқанша қолынан түспеді… Кейінірек Ділда жәкем Алматыға келгенде, Фариза қарындасы арнайы шақырып, күтіп, бағалы шапан жауып қайтарған. Біраз жыл бұрын «Астана Ақшамы» газетіне берген сұхбатында «Күләштің әкесін де, бауырларын да танитынмын. Өте жақсы адамдар. Әсіресе әкесі үлкен парасат иесі. Ділда ондай кісі болмаса, Күләштай қыз тәрбиелеп, өсіре ме?! – деген екен Фариза апайым.
Таяуда Фариза апайдың дүниеден өткеннен кейін жарық көрген көп томдығының 11-томы қолыма тиген. Сонда ол кісінің «Таластың тарландары» деген ортақ тақырыппен жазылған 3 мақаласына көзім түсті. Мақаланың біреуі әкемнің немере інісі, озат шопан Ысқақ жәкеме, екіншісі өзімнің туған інім Бақтиярға арналғанын көргенде, таңырқауымда шек болмады. Өйткені, бұл дүниелердің жазылғанынан осы күнге дейін хабарсыз едім. Апай да маған бұл жайлы айтқан емес. Қазақтың «Ішкен ас түске жетпес, ықылас естен кетпес» деген даналығы-ай, шіркін!
Мақаланың соңындағы төрт сөйлем ақын Фариза Оңғарсынованың ыстық ықыласын, ақ пейілін, биік адамгершілігін, ақындық дара болмысын танытып тұрғандай. Ақын осы мақалаларында өзінің журналистік қабілетімен аталған кейіпкерлер арқылы сол кездегі шопан өмірінің бар шындығын жанашырлықпен жазып, үлкен мәселе көтереді. Көркем әңгімеге бергісіз, шебер қолдан шыққан осы мақаланы мен де ізгі ризашылығыммен, зор құрметіммен «Aq jol» газетіне ұсынып отырмын.

Күләш АХМЕТОВА.

«Сексен бес»

Айкүмістің қойды өріске шығарысып, үйге жаңа кірген беті еді. Радиоқабылдағышты барынша саңқылдатып қойған үлкені Айдархан болса керек, кішкене Эльмира оянып кетеді-ау деп жүгіре басып келіп алдымен соны бәсеңдетіп қойды да, шешініп үй-ішін жинастыруға кіріскен. Орталықта интернатта оқитын Айдархан мен Әлімбегі демалысқа келгенде үйдің іші бір толып мәре-сәре болып қалатын әдеті. Екеуі түннің бір уағына дейін өздерінше бұларға «концерт» қояды, ән салады, тақпақ айтады. Келгендері жақсы-ау, тек демалыс сайын түу орталықтан келіп-кетіп тұру қиындау. Совхоз бен ферма орталықтарының арасында арнайы жүріп тұратын автобусы түскірі жоқ қой. Төртінші фермадағы туыстарға, не совхоз орталығына барып келе қояйын десең, мүгедек болып отырғаның. Оқта-текте келіп-кететін шоферлерге жалынасың, олар да жұмыс адамы, бірі құмдағы шопандарға жемшөп, екіншісі су апара жатады. Осы совхоздың байлығы көл-көсір деп мақтасып жатады. Байлық дейтіндері осылардың, шопандардың еңбегі емес пе. Сонда тым болмаса 2-3 автобус алып, жол қатынасын түзеуге болмай ма екен. Етегің елпі, жеңің желпі жүре беретін жаз болса бірсәрі. Онда әйтеуір біреудің мотоцикліне жармассаң да, қатысып тұруға болады. Ал мына үш ай қыс күніндегіні айтсайшы.
Әттең орталықтағы басшылардың бәрі қатынасатын бір жиналысқа Айкүміс қатынасса, бәрін айтар еді.
Құдайбергенге партия жиналыстарында неге осы қатынас жайлы айтпайсыңдар деп қояды.
– Басшылар өздері білмей, көрмей жүр деймісің. Реті болмай жүр-дағы, – деп күйеуі басып тастайды. Айдархан танауы қып-қызыл болып сырттан ентіге кірді. Есіктен лақ етіп енген салқын ауа қазан астындағы сексеуілдің қызуынан кері серпіліп сала берді.
– Апа, апа! Бахтияр ағам келіп тұр, құдықты ашсын, су құямын, – дейді.
– Алда айналып кетейін, Бахтияржан-ай! Бүгін қойлар су іше алмайтын болды-ау, құдық сарқылып қалыпты деп кетіп еді жаңа Құдайберген. Дер кезінде жеткенін қарашы.
– Жеңеше, саламатсыз ба!? Жеңіл шықтыңыз ғой.
Бидай өңді, биязы келген, қыр мұрынды әдеміше жас жігіт күлімсірей амандасты.
– Ойбай-ау, сендей қайным келіп тұр дегенде боран алардай баптанып киінуге мұрша бола ма, – деп әзілдей күлген талдырмаш денелі келіншек шапшаң басып құдықтың қақпағын аша берді.
– Қалай, жемшөп әкелді ме, өткенде мал азығы таусылып тұр деп отыр едіңіздер ғой?
– Бұрнағы күні Әмзебек жемшөп әкеліп тастаған, шүкірміз әзірге. Бахтияржан, үйге кіріп шай ішіп шықсаңшы, қарағым, – деп Айкүміс бәйек болып жүр.
– Рахмет, жеңешетай! Маған қарап отырған ел көп қой, – деп күлді жас жігіт, – бүгін кем дегенде 4-5 шопан ауылына су жеткізу керек. Үлгере алмай қалам ба деп тұрғаным. Сыбағамды сақтап қоярсыз, тағы да соғармын.
Жігіт қысқа тонының омырауын салмастан кабинаға тез мінді де, машинасын от алдырып, жүріп кетті. Ендігі бағыты «Арна-І»-дегі Қадірсізов Әбдіхалықтың үйі. Алдымен су тартқызып алуы керек. Күнбе-күн қайталанып отыратын жаттанды маршрут, бірқалыпты жұмыс Бахтияр Ахметовті ешқашан жалықтырып көрген емес. Алматыдағы жездесі Қайырбек:
– Жігітім-ау, әлі жассың, өмір-бақи шопандарға су тасып өтпекпісің? Оқуға түссеңші, – дейді ылғи кездескен сайын. Мұның жұмысында қаншалықты мән-мағына барын түсіне бермейтін шығар. Бұл болмаса, басқа біреу істеуі керек. Осы №I фермадағы 25 отардың шопандары мен 21697 қойы Бахтиярға қарап отырған жоқ па?!
– «Адам күні адаммен» деген мақалды «шопанның күні шофермен» деп бекер айтып жүрген жоқ. Жұрт не десе де, бұл жұмыс Бахтиярдың өзіне ұнайды әйтеуір. Жалпы өзіңнің біреулерге керек екеніңді, басқалар үшін титтей де болса пайдалы бір нәрсе істеп жүргеніңді сезіну адамға біртүрлі қанат бергендей әсер етеді екен. Шынында, шопандар мен шоферлер өмірі бір тектес, мұңдас деуге болады. Шофер де машинасын серік қылып түз жолында жалғыз жүреді. Айдалада бұзылып тұрып қалса, сенерің – өз білімің, өз күшің ғана. Осындай қиындықтарды талай бастан кешіргендіктен болса керек шофер қауымының бір-біріне жаны ашығыш, ұйымшыл болып келетіні.
Биыл совхоз ғана емес, аудан жері қуаңшылық болып, жемшөпті Мойынқұм, Шу аймақтарынан тасуға тура келді ғой. Сонда совхозға көмекке облыс орталығындағы әртүрлі кәсіпорындарынан шоферлер келген. Сонда Бахтияр Василь, Леонид деген екі жігітпен танысқаны бар.
– Қаладан кешірек шыққанбыз, оның үстіне жол нашар, совхоз орталығына түнделетіп жеттік. Жан баласын танымаймыз. Кеңсе жабық. Екеуміз бүрсиіп-бүрсиіп кабинада отырғанбыз. Құдай бергенде, мотоциклмен өтіп бара жатқан біреу кабина ішіндегі біздің шылымымыздың отын байқап қалды ма, жанымызға келді. Осындағы Жақан деген шофер екен. Үйіне ертіп апарды, түннің бір уағына қарамастан, келіншегі де құрақ ұшып жүр. Не деген мейірімді жандар бұл ауыл халқы! – деп ауыздарының суы құрығанша екеуі жарыса сөйлеп әңгімелегені бар-ды.
Кейбір адамдар қызық. Шоферді машинаның айналасынан басқа ештеңені білмейтін бір маубас, не бас-көзге қарамайтын ұрыншақ халық деп ойлайды. Біздің Таңат Оразымбетов қай интеллигенттен кем. Бахтиярдың көз алдында ұзын бойлы, тік жауырынды, әдемі қыр мұрынды қараторы жігіт тұрды. Келіншегі Гүлжаһан екеуі совхоздағы жиын-тойлардың сәні. Білекті сыбанып жіберіп, Украинаның «Гопак», Кавказдың «Лезгинін» билей жөнелгенде, оған совхозда жан баласы ілесе алмайды ғой. Гүлжаһан екеуі бимен де, әнмен де дүйім жұртты тамсандырады. Және өзінің оқымайтын кітабы, алдырмайтын газет-журналы жоқ. Таңатпен кез келген жағдайда кез келген тақырыпта әңгімелесе аласың. Ал сол жігіт те водовоз айдайды. Төртінші ферманың малын да, жанын да сумен қамтамасыз ететін сол.
Өткенде Әмзебек үйленгенде совхоздағы шоферлер түгел дерлік жиналды. Тойды бастау, өткізу, әйтеуір барлық жүмысты өздері көтеріп алды. Тіпті келіннің бетін ашатын ақын да өз араларынан шықты. Ол әлгі айтқан Жақан деген жігіт. Тіпті Гүлжаһан бастаған қыз-келіншектер тобы бір жақ, Жақан мен Таңат бастаған жігіттер тобы бір жақ болып өлеңмен қақтығысып қалды.
Бір сәлем қыз-келіншек қауымына,
Хош келдің той үстінде ауылыма.
Өлеңмен қақтығысып мендей салмен,
Қайсың бар сән беретін сауығыма?
Жақан желдірмелетіп барады, ешкімге ауыз аштырар түрі жоқ. Қыз-келіншектер жағы сыбырласып қалды да, жігіттер тобы «е, бұлардың тап өлең шығара қоятын ешкімі болмас» дегендей мәз болып дабырлап кетті. Кенет Гүлжаһан домбыраны қағып жіберіп:
Жоқ жерде ақынсыған қандай жігіт,
Сөзің жоқ сүйсінетін таңдай жібіп.
Қарай гөр қырындауын, машинасын,
дұрыстап қыздыра да алмай жүріп, – дегені.
Жұрт ризалық білдіріп мәз болуда. Шоферлер ішіндегі ақсақалдар болып саналатын Керімбек, Сейдахметтер де той ағасы боп басы-қасында жүрген.
– Бұл шофер халқы деген мұндай ұйымшыл болар ма, ей! Бірі бастап, екіншісі қостап қояр емес. Өздерің осы тойды өткізуге айлап дайындық жүргізгенсіндер ғой тегі, – деп партком секретары Мүтәліптің қалжыңдағаны бар. Көп сөйлемейтін Сейдахмет аға әдетінше күлімсіреді де қойды. Оның орнына сөзден есе жібермейтін Керімбек:
– Е-е, бізді машинаның рулін айналдырудан басқа ештеңе білмейді дейді екенсіздер ғой. Көресіздер әлі біздің жігіттердің қандай екенін! – деп бір жағынан намыстана, бір жағынан әзілдей жауап берген.
Жақан желпініп бет ашуға кірісіп кеткенде, жұрт ұйып қалды. Бір-бірлеп ауыл адамдарын таныстыра бастады.
Төрде отырған жайлы адам – Сейдахмет қайнағаң…
Машинасын ылғи да сексен беспен айдаған.
Жұрт қыран-топан күлкіге батуда. Тіпті Орынкүлдің өзі де төмен қарап езу тартқан. Ел ішінде Сейдахметті баяғыдан «сексен бес» деп атап кеткен-ді.
Құрбы-құрдастарының шығарып жүргені ме, әйтеуір ойда да, кырда да Сәкең «сексен бестен» төмен түспейді деседі.
– Машинаң сенімді болса, өзің сенімді болсаң, тоқсан беспен де жүруге болады, несі бар, – деп күледі өзі кейде әзіл айтқандарға.
Сейдахмет, Керімбек, Әмзебек, Жақан – бәрі де осы совхоздың ыстық-суығын бірге көріп, талайды бастан кешірген жандар. Қысы-жазы малға жемшөп тасиды. Қойлы ауылдың сағына, асыға күтетін адамдары. Шоферлерге рахат қой: астында машина, қайда барам десе де жол ашық деп кейбіреулер қызығады. Орынды қызығу, әрине. Дегенмен шофер біткеннің бәрі ылғи бір майда шуақта жүреді деу қате. Оны кез келген сезе бермейді. Көктем мен күздегі Үшарал жерінің ми балшығы мен қысы-жазы толастамайтын топырақты дауылы, кабинада отырады дегенмен, шоферді де қажытатын сәттер болады. Сосын анда апарып тастай қойшы, мында апара қойшы, пішенімді түсіріп тасташы, қарағым сияқты көлденең «жұмыстар-ақ» ығыр қылады. Бармайын десең, ол адам да жетіскенінен жалынып тұрмағаны белгілі. Алып кел-қуып келдің бәріне жүре берейін десең, негізгі жұмысыңнан босай алмайсың. Шопан үйіне су әкеліп, енді құмдағы шопандарға бара жатырсың. Әлгі үйдің баласы жармасады:
– Ағатай, ертеңгі сабақтан қалып қояйын деп тұрмын, кеше демалысқа үйді сағынғасын келіп ем. Орталыққа апарып салыңызшы, – деп жалынады.
Өткенде Бахтияр екі күн жол жүріп, түнделетіп үйге жеткен-ді. Шопандар ауылының аралығында жол қайдан болсын. Тіпті фермалар мен совхоз орталығы арасында да асфальт жол жоқ ол түгілі. Серделі үйіне су құйып тастап, Мейірбек ауылына қарай іңірлетіп шыққан. Күн сіркіреп, күздің жел аралас жаңбыры әбден берекетті алып тұр. «Баянбайдың сайынан» шығар жерде соңғы дөңгелегі жарылып, тайғанақтап кері жылжығанда, машинасымен аударылып түсуге шақ қалған. Запас дөңгелек не домкрат болмағанда қашан кездейсоқ бақытқа карай жолшы машина жүргенше азапқа әбден бататын еді. Соның өзінде малмандай болып біраз жаураған. Мейірбек үйінен шығып, ауылға жеткенде жұрт орынға отыратын мезгіл болып қалып еді. Мұның келер жолын бағып жүрген Зағипа апай бұл үйге кіріп үлгерместен жалына бастады. Кішкене Гүлбаршын ауырып қалыпты. Күні бойы орталыққа дәрігерге апаруға машина жоқ, екі көзі төрт болып отыр екен. Өзі жалғызілікті адам, баяғыдан көрші, бүкіл ауыл қадірлейтін аяулы жан Зағипа апай боз қырау шалған самайы желбіреп келіп тұрғанда, «шаршап келдім, таңертең тағы ертемен жол жүремін», деп қалай айтарсың.
Шофердің өмірі осылай өте береді. Әйтеуір өзіңнің аз еңбегіңмен адамдарға қуаныш әкеліп, жақсылық жасайтының ғана көңілге медеу.
Біреудің қуанышын көргенде, өзіңнің шаршап-шалдыққаныңды ұмытып кетесің. Еңбек ләззаты деген осы шығар. Біздің «Талас» совхозының бағымындағы қозы елтірісі неше түрлі елдерге жіберіледі дейді. Соны киіп, жарқылдап жүрген адамдар оның қаншама қиыншылықпен, қанша еңбек, бейнетпен өндірілетінін білсе ғой… Олар мынау құба бел сусыз даланы, ат мініп жаздың аптабына қақталған, қаңтардың үскірік аязына жүзін тосқан шопандарды, солар үшін сарғайған даланың жонын тілгілеп ылғи жортуылда жүретін шофер қауымын елестете ала ма екен. Әй, кім білсін! Жалпы қандай асыл нәрсенің де оп-оңай келмейтінін адамдар білуге тиіс!
Қар қылаулап тұр. Табиғат шіркін сары шұнақ аязын соңына сақтап, жылымшы жылуымен алдарқатқан болады. Жігіт аяғын педальға басып, асығып келеді. Өйткені алда талай армандар мен асулар бар ғой.

* * *

Бәрің де менің көңілімдесіңдер, аяулы жандар! Сендердің шыңның қарындай аппақ көңілдерің, адамға деген ыстық ілтипаттарың, ешбір дарын иесі қаншама роман, поэмалармен жеткізе алмас қиын да қызықты өмірлерің мені де, көңілінде түйсігі бардың бәрін де тебірентеді. Еліміз бен жеріміздің даңқын шартарапқа әйгі ететін сіздердің маңдай теріңіз бен жан аямас еңбектеріңіз екенін зиялы қауым әбден түсінеді. Сіздерге бас иеді, дарқан даланың жомарт жандары!

Сыр

Цехтық партия ұйымының кезекті жиналысынан кештетіп шыққан Ысқақ ферма орталығындағы Ділда үйінен кайнап жатқан шайға карамай жүріп кеткен. Ділда ағайы да, жеңгесі Қызылкүл де бұл оқта-текте келе қалса, құрақ ұшып бәйек болады.
– Ағайын-туманың жат болған заманы ма, әңгіме-дүкен кұрып аяқты кең салып отыру жоқ. Айда-жылда бір көреміз, онда да ат үсті.
Ділданың айтатыны осы. Ағаның өкпе-назы орынды да. Бұның өз көңілі каламайды деймісің аға мен жеңгенің, үлкен-кіші азаматтардың арасында болуды. Жалғыздықтан кұлазып, кейде көңіл шіркін құлдырап кететінін ешкім білмейді ғой. Өмір бойы көргенің қой мен дала, сосын қысы-жазы жалғыз үй. Кімді жалықтырмайды дейсің… Цехтық партия ұйымының секретары Сәрсенбек Жамансариевтың бір орайы келгенде: «Әркімнің жүрегінде ешкімге айтылмайтын бір сыры болады ғой» – дегені бар еді. Сол жігіттің осы бір сөзі ойынан кетпейді. Ақыл-парасатына қараса, ел басқаратын адам. Бірақ екі аяқты адам жүрген жерде күңкіл-шүңкіл өсек-аяң калған ба. Пәлен деп, түген деп әйтеуір өсірмей жүр өзін. Бірақ адамның адамгершілігіне, халық арасындағы қадір-салмағына дәрежесі өлшем емес қой. Иә, сол Сәрсенбек айтқандай, мұның да жүрек түбінде айтылмас сыры, ақтарылмас мұңы барын жұрт біле бере ме. Білмесе білмей-ақ қойғандары жақсы. Көз көргеннің бәріне аңқылдап ақтарыла берсең, біреулер сені ақымақ санайды. Басыңды бүркесең, аяғың серендеп жататын шолақ көрпедей, ой-дүниеңнің саяздығы деп түсінеді. Оның үстіне о бастан тұйықтау жаратылған бұны жұбайы Базаркүл де әлі күнге «қайта жасай алмай» келеді.
– Әй, осы сенің қырықтан асқанша жас баладай монтиып отыратын әдетің-ай! Әшейінде қой аузынан шөп алмайтын біреулер аузына 1-2 жүз грамм барса, аңқылдап ақылгөйсіп жүре береді. Сен шіркін 2 жүз емес, 4 жүзін ішсең де, аузыңнан бір сөз шығару мұң, – деп кейде жерлеп алады. Десе дегендей өзінің мінез-құлқы да.
Өткенде Алматыдан бір қонақтар келіп, шопандардың тұрмысын көреміз дегесін ферма меңгерушісі Қабылтай Көшбаев бұларға әкелген. Үй-жайды көріп, тұрмыс жағдайымен танысқаннан кейін «асығыспыз, отырмаймыз» десті. Ал сол сыйлы қонақтарға үйде тұрған шампан мен коньяктан ауыз тигізіп аттандыруға батылы бармай, ұялшақтады да қалды. Базаркүл де құлақ етін жеп болды. Айтары:
– Жоқ-ау, деймін-ау, күнде келіп жүрген ауыл адамдары емес, шақырып келтіре алмайтын қонақтарға барыңды құйып, сый-құрмет көрсетсең болмады ма?
Бұл болса қоңыр көздері жылтырап күлімсіреген де қойған. Жақсы көргені, өзін орынды кінәлағанға риза болғаны. Алыстан келген қонақтар қалай ойлайды, есіктен кіргенге арақ-шарап ала жүгіреді екен шопан халқы деп кете ме деген оймен онша елпелектемегенін түсіндіріп жатпаған. Себебі онда да жұбайының бетінен қайтпайтыны белгілі.
Жирен ат үйреншікті жолмен аяң-бүлкілге салып тартып келеді. Қысқы жұқалтаң түскен қардың дымқыл сусаған көкірегіне баяғыда сіңіп кеткен дала жолы қара қатқақтанып ат тұяғы тиген сайын шақпаққа ұрған тастай тақ-тұқ етеді. Әлгінде жиналыстан бірге шыққан Әбдәлі мен Майыр бұдан бұрын кеткен. Жаңа жүріп өткен мотоциклдың ізі солардыкі. Әбдәлі былтыр қозыны 145-тен алып, совхоз оған «Урал» мотоциклын сыйға берген еді. Майыр екеуінің анда-мында шыға қалса көліктері сол. Жастар емес пе. Мотоцикл тұрғанда атқа мініп изеңдейтін жайымыз жоқ деп күліседі. Заманның қарыштап жүйткіген уақытынан ба, әйтеуір адам баласының жалпақ басып жай қозғалуға зауқы жоқ. Өзіне-өзі жетпей, үлгере алмай күйгелектенеді де жүреді. Бейуақ кіріп шығу, амандық-саулық білу дегенің қалды. Әдейі арнап шақырмасаң, есігіңнен қарамайды. Өліп жатырсың ба, тіріліп жатырсың ба, қиналып жүрсің бе, қуанып жүрсің бе – ешкімнің ісі жоқ. Өзімен-өзі боп кеткен бар адам. Бірақ бұған кімді жазғырасың. Ешкімді де кінәлауға болмайды. Өйткені өз тірлігің де сондай. Жақын тұтар ағаның шайына қарамай өзі де асығып келе жатқан жоқ па. Қой болса төлдеп жатыр. Ең бір қарбалас шақ. Әр үйден бір шай ішіп қызара бөрткеніңмен, сенің жұмысыңды біреу істеп қоймайды. Бәрібір бар күш, бар салмақты көтеретін өзің. Басыңа не түссе де, қаншалық қимасың, жанашырың болғанмен, өзің ғана көтересің.
Жалпы адам баласының табиғаты солай ғой, ойлап карасаң. Дос-жаран, ағайын-тума деп ырду-дырдулағанмен, түпкі серігің жалғыздық пен жұмысың ғана. Марқұм Ерғара нағашысы:
– Шырағым, ылғи біреуге құлай сеніп күнелтпе: қашанда өзіндік шешімің, өз ішкі пікірің, тұжырымың болсын. Өзіндік ой-шешімсіз, ылғи өзгені сүйеніш етсең, опық жеуің мүмкін – алдымен өз ісіңе мұқият бол, – дейтін. Әзір өлердей опық жеп, жолдас-жорадан опасыздық көрген ештеңесі жоқ. Қиналған, қапаланған кездер болды. Адам болған соң, өмір кешкен соң бұл заңды құбылыс қой.
Әлі есінде, 1944 жылы Ерғара Үдербаев он сегізге жаңа иек артқан бұны шақырып алып, өзіне көмекші қылған. Ол кезде қазіргі шопанның өмір қарекеті түстеріне де кірмейтін. Адам шіркін арналы өзендей асып-тасығыш-ақ қой. Соның бәрі ұмыт болып, анау жетпейді, мынау жетпейді, көңілдің кеңдігі жетпейді деп кірбіндей қаламыз. Әй, пендешілік-ай.
Алты жыл өзін баулып баптаған нағашысы:
– Совхоз басшыларына айтып, өзіңе жеке отар бергізгелі отырмын. Бұғанаң қатты, мен саған қашанғы жолдас болар дейсің. Социалистік Еңбек Ері болған соң, жиенін көлеңкесінде ұстап отыр деушілер де табылады. Өзіңмен өзің болғаның жөн, – деген.
Талас асыл тұқымды қаракөл мал заводының даңқы Жамбыл облысы көлемінен де асып дүрілдеп тұрған кез. Соның алдында ғана он бір шопанға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, жиырма шопан Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған-тын.
Содан бергі өзі-өз болған еңселі жылдардың талай кірбіңі де, куанышы да болды ғой. Солардың бәрінен бұрын есінде, көз алдында қалғаны 1969 жыл. Қыс дегенің адамның, оның ішінде малшының басына бермесін болды ғой. Онда осы Майыр Шаханов жас жігіт, армиядан келіп өз алдына отар алған жылдары. Әнуарбек Нарботаев, Майыр және осы Ысқақ үшеуі Жайлаукөлмен шекарадағы Қара-құнажында іргелес қыстаған. Бір-біріне қатынасуға жай жоқ – қардан адам түгіл ат аяғын ала алмайды. Танкімен ғана жолды аршып әрең үлгеріп тұрды. Вертолетпен шөп, жем тасып тастайтын болды. «Бүйтіп абырой-атақсыз қой баққанша, екі қолға бір қызмет – қара жұмысшы-ақ болғаным артық», – деп Ысқақ көктемде отарды тапсырып, совхоз орталығына тартып отырған. Онымен анау-мынау жұмысты қанағат тұтпады, ендігі жерде техника меңгеріп, шофер не тракторшы болудың да реті келіңкіремеді. Ақыры, күзге салым отарды қайта қабылдап алған. Өзімен ылғи әзілдесе беретін құрдасы Роберт Моргельдің ақкөңілділігі, қарапайымдылығы қазағыңнан кем емес. Шопандар машина дыбысы шықса, әлгі Моргель келіп қалған болар деп жорамалдасып, ол болса бейне сағынып күткендері келгендей мәре-сәре боп жатқандары. Әй, көңіл жарастығына не жетсін! Тілі бөлек-ау, ғұрпы, нәсілі ғана бөлек-ау деу жоқ, туысыңнан бетер жаныңа жақын. Айдалада жалғыз отырған шопан ауылына келгенде, өзі де бар ынта-ниетімен, жаңалық, жарқын әңгімесімен ғана келуге асық сияқты. Ысқақ құрдасының жан-күйін сол ғана түсінетіндей.
– Базаркүл, мынауыңның қабағы түсіп кетіпті ғой. Қонып, 200 грамын ұрттап қойып әңгімелесіп кетпесем жадырар түрі жоқ қой өзінің, – деп, әйда әңгімені соғады кеп.
Бейтаныс адамның ешқайсысына жоламайтын 4 жасар Әшірханға дейін Моргельдің тізесінен түспейді. Әкесімен, үй ішімен тату дос-жарды сәби де сезеді. Адам шіркіннің шын пейіл көңілдестікке, бір-біріне адалдық пен түсінісушілікке ылғи мұқтаждығынан болар-ау. Біреу жылы ұшырай қараса жақын тартып, дос көріп қаласың. Түсінген болып түңілдіріп, сеніміңді ақтаған болып сергелдеңге салып қоятындар да болады. «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деген осындайдан шыққан ғой. Не десе де, біздің Роберт Моргель ондайдың адамы емес. Жақсылығыңа дымы қалмай қуанып, күрсінгеніңде қайғыңа ортақтасып, тілеулес көңілден танған емес. Ысқақ ана жылы Ленин орденімен наградталғанда да, одан кейін «Қой өсірудің шебері» атағын алғанда да атақ-абыройға өзі ие болғандай көңілденіп, досының даңқын мақтан еткен. Атақ-даңқ, күнделікті дәреже жолдас емес, адам баласына адал достық қой демеу болатын.
Әсіресе шопан атаулының жалғыз-жартылау тірлігінде дос, жора- жолдас жетіспей жатады. Таңның атысы, күннің батысы малдың басы-қасы өріс. Одан оралғанда жалғыз үй. Балалар болса оқуға ілінісімен орталыққа мектеп жанына кетеді. Кейде жабығып жабырқайтын, әңгіме-дүкен құрып мәз-мейрам отыратын ортаны аңсайтын кездерің болады. Әй, осы малшы атаулының жалғыз ілікті тіршілігіне бір қарекет қашан жасалар екен дейсің кейде. Соңғы жылдары Семей жақта ма, шопан жастар бригадалары ұйымдастырылды деп жүр. Ол да бір қуанарлық жай. Не дегенмен малшы өмірінің бейнеті жетеді. Ет мол, тамақ тоқ, атқа мініп қой қайырғаннан басқа не азабы бар деп соғады біреулер. Біздің мынау құмдауыт бозаң далаға келіп он күн қой жайып көрсе көрер едік соларды. Сырт қарағанда жазда малшылар жайбарақат өмір сүретін тәрізді. Сол жайбарақаттықтың тасасында аласапыран жатқанын кез келген жан сезе бермейді. Қазір жарқырап тұрған күн көзін лезде бұлт торлап, күркілдеп-сарқылдап төбеңе аспан құлап кетердей сезінетін сәттерді айтсайшы. Ала дауыл, күркілдеген, жарқылдаған найзағайдың астында әйеліңмен мал соңына кетесің. Киіз үйді қашан құлатып кетер екен деген үреймен бала-шаға отырады. Соңғы жылдары үйдегі бала біткеннің бәрі жалт ойнаса болды, аяқтарына үйдегі бар резеңке кебіс пен етікті таласып-тармасып киіп алатын болыпты. Бұл – ауыл шаруашылығы институтын бітірген үлкені Қауқарбектің үйретіп жүргені. Сондай қорқыныштан ба әлде жалғыз үй отырғандықтан ба – әйтеуір балалардың да есіл-дерті қонақ. Бейсауат біреу келе қалса, жүректері жарылып, дәл солармен ойнауға келгендей көздері жылтылдап қоя береді. Оңашалықта өскен адам жалғыз жатақ болып, үйірсектіктен қашады деген қате, қайта жалғыздық зарын тартқандықтан ба, адамға деген ықылас-ниеті бөлек болатын секілді.
Алматыдағы, Жамбылдағы іні-қарындастары келген-кеткеннен хабар беріп:
– Көкем малды қоятын уақыты болды ғой. Балаларын оқытып, қалада отырса да жетеді. Малдың да қызығын біраз көрді емес пе, – деп қақсайды да жатады.
Ендігі жерде жан тыныштығын іздеймін деп, елді, жерді тастап ебіл-себіл болып көшіп-қонып жүруге мұның зауқы жоқ. Балаларының онсыз да оқудан кенже қалып жүргені жоқ. Алтынбегі оныншыны бітіріп, өзіне көмекші болып жүр. Мектеп жасына жетпеген Айымкүл мен Әшірханы болмаса, қалған төртеуі совхоз орталығында. Мұғалім келіні Ақерке оқу-тоқуларына бас-көз болып жүр.
Көріп жүрген қорлық-зорлығы жоқ. «Ленин орденді шопанымыз Ысқақ Имантаев» деп, ауыл болып құрметтейді. Жасы жетіп еңкейген кәрі емес. Көңілдің аңсары, арманы көп әлі. Солар орындалғанша, жанға саулық болса, еңбектенбей бола ма.
Малдың басы-қасын жастай көрген бұл түгілі, мектепті алтын медальмен бітірген Майыр Шаханов та шопан болып жүр ғой. Ештеңесі кетіп жүрген жоқ. Өткен жылы бүкіл совхоз бойынша жұрттың бәрінен озып, 152-ден қозы алды.
– Жезде, бұйырса биыл да сізден озатын шығармыз. Еңбек Ері атағын сізден бұрын алып кетіп жүрмейік, – деп бұған жымың-жымың етеді қу бала.
Өткенде Алматыдан келген газетке жазатын біреу:
– Өмірімде алтын медальмен бітіріп, қойшы болған адамды көріп отырғаным осы, – деп таңдайын қағады. Не таңданары бар?!
Алғаш оқу бітірген жылы әкесі де, шешесі де бас көтергендері осы болған соң, өздеріне қолғабыс бола тұрғанын қалады. Келер жылы армиясына кетті. Одан келгесін баяғы аяғын шырмамай ма. Сөйтіп келіншегі екеуі де шопан болды да шықты. Алматыға жылына екі рет барып сабақ тапсырып келеді. Қауқарбектің бітірген ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқиды ғой. «Институт бітірген кезде де қойды тастамаймын», – деп қояды өзі. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көбіне бұлармен қанаттас отырады, араласып тұрады. Өзі де, келіншегі Бибінұр да бір жанып тұрған шаруақор адамдар. Екеуінің ата-анасы баяғыдан қойда, құрттайларынан малмен көзін ашты ғой. Дегенмен малшы баласының бәрі бірдей малшы болсын деуге болмайды, тіпті бұ заманда олай деу қиянат қой. Малшы баласы – малшы, жұмысшының баласы – жұмысшы, ғалымның баласы – ғалым болсын деген заң жоқ қой.
1969 жылдың қысы әлі көз алдында. Майыр әлі жиырма беске толмаған балаң жігіт. Боран ашылғанмен, қар қалың, аяз бет қаратпайды. Қысқа тонын киіп далаға шығып кеткен Майыр жоқ. Екі сағат өтті – жоқ, төрт сағат өтті – жоқ. Үйдегілер мазасызданғанмен, қайдан іздеп, қайдан табарын білмей ал-дал. Малдың өлімі былай қалды. Бесін ауа беті-қолын аяз жалаған Майыр үйге келіп тұр. Өзі сары жігіт аяз сорып, боп-боз болып кеткен.
– Ау, қайда жүрсің, ей?
– Көке, таптым, таптым!
– Нені таптың?
– Қора! Осыдан алты шақырымдай жерде беті жабық ескі қора бар! Малды күн ашықта соған айдаймыз. Қураған сабан да бар екен.
Әкесі екеуі отарды шығарып, әлсіз қойларды қақпалап отырып сол қораға қамаған. Артынша вертолетпен аздаған жемшөп жеткізілді. Өлмейтінге бәрі себеп қой.
Аспандағы ақбауыр бұлттар ыдырап, шаң басқан киімдей бозамықтанып кетті де, іле жел көтерілді. «Жазғытұрымның желі жардай атанды жығады» деген осы деп ойлады ол ішінен жирен аттың қақ маңдайдан соққан ызғырық желден тайсақтап, кібіртіңдей басқанын сезіп. Оң жақта қора-қопсысы қарауытып Майырдың үйі қалып бара жатты. Енді өз үйі де алыс емес.
Іңір арасында көтеріліп өршелене соққан жел кебіртек даланың қойны-қонышын тінткілеп, қағып-сілкілеуде. Жирен мұртты кісі онсыз да аптап пен аязға тотыққан күнқақты жүзін дауылға тосып, атына қамшы басқан күйі жел өтіне тартып барады.

Талас ауданы,
Жамбыл облысы,
1975 жыл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support